Атырау, 26 қараша 16:49
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Қараусыз қалған Мақат

3 026 просмотра

Мақат кентінде коммуналдық мәселелер өткір күйде қалып отыр. Аудандағы қордаланған проблемалардышешуге келгенде жергілікті билік тедәрменсіз.

МАҚАТТА ӘКІМ ТҰРАҚСЫЗ

Аудандық әкімдікте күрмеуі көп коммуналдық мәселелерді тарқатудан бұрын кадрлық ауыс-түйістерге бас қатыру көп сияқты. Аудан әкімінің коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары Самат АЙТҚАЛИЕВ және аудан әкімінің аппарат басшысы Асылбек ӘБІЛҒАЗИЕВТЫҢ облысқа жұмыс ауыстырып кеткеніне бір ай өтті, ал олардың орны әлі бос тұр. Ал келесі бір орынбасары Полымбет ХАСАНОВТЫҢ да жұмысын облыстық әкімдікке ауыстырғанына санаулы күн ғана болды. Кент әкімінің орынбасары Құралбек АДАМБАЕВ тендердегі заңсыздыққа жол бергені үшін Тәртіптік Кеңес комиссиясының ұйғарымымен жұмысымен қош айтысқан. Кент әкімі Жанболат ЖҮНІСОВТІҢ өзі де2013 жылдың желтоқсанындаарыз жазып, өз еркімен жұмыстан кеткен болатын. Аудандағы әкімдер орнының бос қалуы жағдайды одан сайын қиындата түскен. Аудандағы жылу, кәріз жүйелері жұмысы мен тазалық жағдайына шағымданған жергілікті тұрғындар кімге барып жүгінерлерін білмей отыр.

Бұл жөнінде Мақат кенті әкімінің міндетін уақытша атқарушы Гүлжан БЕРҒАЛИЕВА мардымды ештеңе айта алмады.

- Тазалық мәселесімен аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі айналысып отыр емес пе? Мен бұған дейін бас маман болып жұмыс жасағанмын, құзырыма коммуналдық мәселелерді шешу кірген емес. Шынымды айтсам, әкім міндетін атқарып отырсам да, көп нәрселерді жеткілікті білмеймін, -деді ол.

Ал аудан әкімі Ерболат ОМАРОВТЫҢ өзін Мақатта болған екі күнімізде де кездестіру мүмкін болмады.

- Сіз күтпеңіз, 2014 жылдың бюджетін нақтылау жұмыстары жүріп жатқанда әкім ешкімді қабылдай алмайды, өзі солай деп айтқан, - деді хатшы қыз.

Ендеше мәселенің тереңіне өзіміздің жасаған бақылауымыз бойынша үңіліп көрелік.

 

ЖЫЛУ

Кенттегі 72 көпқатарлы үйлердің жылуын билік басындағылар өздерінше «шешіп» алған еді. Олар кенттегі 2 жылу қазандығын жауып тастады. Бүгінде бірнеше жыл бойы кенттегі үйлердің басым бөлігін жылумен қамтыған орталық жылу қазандығының тас-талқаны шыққан кейпінің үстінен түстік. Терезелері сындырылып, қабырғалары құлап жатқан иесіз ғимараттың мүсәпір күйін көрген жергілікті тұрғындар күдерлерін үзіп, өздерінше қам жасай бастады. Ал «Болашақ» мөлтек ауданындағы алты көпқабатты үйді қамтыған жылу қазанының ғимараты да тарс жабық тұр.

- «Болашақтағы» жылу қазанын жауып тынды. Қыстай бүрсеңдеп, әбден суыққа тоңып, ауырып-сырқағанмен, биліктің ісі болмады. Анда-мында айттық, түк шықпады, сосын автономды дербес жылу қазанын орнатуға көштік. Газшылар бұларың заңсыз дейді, олар бізбен плита үшін келісімшартқа отырған. Есепшот арқылы көгілдір отынға кеткен шығынды төлеп отырмыз, -дейді тұрғындар.

Көпқатарлы үйлердегі шошайған түтіктер қауіпсіздікке кепіл бола алмайтынын тұрғындар жақсы біледі. Ал бірнеше жылдан қауіп-қатер үстінде отырған халықтың жай-күйін ойлап жатқан билік жоқ.

- Әкімдік екі подъезге бір мұржа жасалады деп айтып еді бір кезде, онысы ұмытылды. Аудан әкімінің жиі ауысуы да берген уәделердің аяқсыз қалуына әкеліп соқтыруда. Үреймен ұйықтап, Аллаға сыйынып жатудан басқа амалымыз жоқ, -дейді Гүлім.

 

КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ

Өткен жылдың күзінде басталған Доссордағы 600 метр және Мақаттағы 2 шақырым кәріз жүйесін ауыстыру жұмысы әлі жалғасуда. 

- Бұл жұмыстарға бюджеттен 60 млн теңге бөлінген еді. Жасыратыны жоқ, тендер өте кеш өтті. 2013 жылдың қыркүйек айының аяғында жұмысты бастауға тура келді. Қыстың жұмсақтығын пайдаланып, жұмысты тез бітіруге жұмыстанудамыз, -дейді «АқЖайсервис» ЖШС директоры Қуаныш ИСМАГУЛОВ.

Алайда, кенттің ішіндегі кәріз жүйесі дабыл қағарлық күйде. Теміржолшылар көшесіндегі 80/3 үйдің жертөлесі адам көргісіз дәрежеге жеткен. Жертөле тола су, баспалдақтар үнемі ылғалдан құлап жатыр.

- Кәріз суы енді пәтер ішіне жайылып жатыр. Мына салқында мұз болып қатып қалған, күн жылынғанда сасық иіске шыдап отыру мүмкін емес. Бірнеше рет жағдайымызды кент әкімдігіне айттым, олар тым-тырыс, -дейді Гүлжазира ҚАНАШЕВА.

 

ТАЗАЛЫҚ

Кенттегі көше тазалығын қадағалап отырған жан жоқ десе де болады. Қоқыс салынған жәшіктердің лық толып, сыртына шығып, жайрап жатқанына біраз болыпты.

- Біз о баста «Тазалық-Көгал» ЖШС-мен келісімшартқа отырдық. Көп адам қоқыс төлемін алдын-ала төлеп тастады. Бірақ тамыздан бері олар жұмысын тоқтатты, төрт айдан бері тазалау жүрмегендіктен кент іші азып-тоза бастады. Көп қоқысты ақ қар жасырып жатыр, ал көктемде оның бәрі ериді, -дейді тұрғындар.

Ал өткен жылдың сәуірінде өткен тендерді «Нұрғалиев» ЖК жеңіп алған. 

- Алайда кент әкімдігі тендер жеңімпазы мен екенін біле тұра тазалықпен айналысуға бөлінген барлық қаржыны «Тазалық-Көгалға» аударып жіберді. Мен тиынсыз қалғасын, кент әкімдігін сотқа берген болатынмын. Соттың қаулысымен жеңіп шықтым, бірақ қаржы болмағандықтан жұмысты атқара алмадым. Тендердегі заңды бұрмалаушылыққа жол бергені үшін сол кездегі кент әкімі міндетін атқарған Қ. Адамбаев жұмысынан босатылды. 2013 жылдың жетоқсанында жұмыс мерзіміміз аяқталды. Енді мен тазалықпен айналыспаймын, -деді Боранбай НҰРҒАЛИЕВ.   

Ал«Тазалық-Көгал» ЖШС директоры Сұлтанғали ӘДІЛҒАЛИЕВ былай дейді:

- Өткен жылдың тамызынан Мақаттағы қоқыс шығаруды тоқтаттық. Кассирлер мен жұмысшылар қысқартуға ұшырады. Ал Доссордағы тазалық мәселесімен біз айналысамыз. Мақат кенті бірнеше ай күтімсіз қалғандықтан қоқыстардан аяқ алу мүмкін болмады. Eнді әкімдік бізден көмек сұрай бастады, қолымыздан келгенше жәрдемдесуге тырысамыз. 

- Тұрғындар қоқыс тазарту қызметі үшін қалай есеп айырысады?

- Өткен жылдың тамызына дейінгі төлемдерді тұрғындар бізге төледі, енді қоқысты шығару үшін ақшаны кім алып жатқанын білмеймін.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

9 қаңтар 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.