25 желтоқсанда «Ембімұнайгаз» АҚ 2014 жылдың табиғат қорғау шараларының жоспары бойынша жұртшылық тыңдауын өткізді.
ШЫҒАРЫНДЫЛАРДЫ 10 ЕСЕГЕ АЗАЙТТЫ
Бастапқыда мұнайшылар өткен жылдың табиғат қорғау шаралары туралы есеп берді. 2013 жылы «Ембімұнайгаз» АҚ осы мақсатқа 828 млн теңге бөлген. «Әуе бассейнін қорғау» бабы бойынша 130 млн теңге игерілген, соның ішінде 75 млн теңгесі ілеспе газды тазартуға және 55 млн теңгесі парник газдарының шығарындыларын азайтатын қондырғының төлқұжатын жасауға жұмсалған.
«Ембімұнайгаз» АҚ-ның Еңбек және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Қадырқожа ҚУАНЫШЕВ (суретте) газ тазарту қондырғысының пайдалануға берілгені туралы хабарлады. Бұл мұнай жылытатын 6 пешті бұзуға мүмкіндік берді. Экологиялық әсері – қоршаған ортаға тасталатын шығарындыларды азайту. Әзірге бұл тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар ғана, 2014 жылы компания қондырғыны толықтай қуаттылықпен шығаруға ниет етіп отыр.
Өндірілген мұнайдың тоннасына келетін шығарындылардың мөлшері туралы залдан қойылған сұраққа Қуанышев мынадай мәліметтерді келтірді:
- 10 жыл бұрын бұл 12-13 келі болатын, осы жылдар ішінде біз зиянды заттарды 1,4 келіге дейін төмендетуге қол жеткіздік. Газды тазарту қондырғысы іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш одан да төмен болады (ТШО-да ол 2,3 келіні құрайды – З.Б.).
Биоремедиация әдісімен (биологиялық тазарту және рекультивация) бір жыл ішінде 119 га мазутталған аумақтың 38 гектары тазартылды. Бұған 253,8 млн теңге жұмсалды. Жаңа жылда 647,2 млн теңгеге қалған 81 гектарды тазарту жоспарланған. Қуанышев экологиялық тұрғыда бұл аумақтардың зиянсыз екенін растады:
- Соғыс кезінде және соғыстан кейінгі кезеңдерде су айдайтын сорғылар жетіспеді, мазутталған бұл учаскелер солай пайда болды. Мен бұл мәселені экологтармен талқыладым, бүкіл жеңіл фракциялар ұшып кеткен, бұл жай ғана битум. Бірақ мәселе бізде емес. Өткен жылы біз инвентаризация жасағанбыз, тағы мазутталған 103 гектар жерді анықтадық. Бірақ олар келісімшарт аумағынан тысқары жатыр. Бүгінде олар біздің аумақ емес. Біз мазутталған бүкіл аумақты тазартуды өз жоспарымызға енгізуге дайынбыз. Бізде заңды негіз болу үшін экологтарға ұйғарым беру өтінішімен шықтық. Бірақ тек иесіз жерлерді ғана тазартатын боламыз, өйткені жаңа қожайындарға тиесілі учаскелер де бар.
Компания өкілдері, сондай-ақ, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-нің суға батып бара жатқан және батып кеткен 61 ұңғысына жүйелі түрде экологиялық мониторинг жүргізу туралы еске салды. Осы бап бойынша 19,2 млн теңге игерілген.
«ДӘЛЕЛ ҚАЙДА?»
2014 жылы табиғат қорғау шараларына 1,58 млрд теңге бөлінді.
«Жайықмұнайгаз» МГӨБ-де мұнай жылытатын 8 пеште қалдық газдарды бейтараптандыру бойынша сүзгілерге тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақ жүргізілді. Осы мақсатқа 8,7 млн теңге бөлінген. Көмірсу оксиді 90 пайызға, көмірсутектер 80 пайызға, азот тотығы 40 пайызға қысқаруы тиіс. Жақсы нәтиже көрсеткен жағдайда сүзгілер компанияның бүкіл кеніштеріне орнатылатын болады.
Әдіснамалық сүйемелдеу, қондырғыны төлқұжаттау және парниктік газдар шығарындыларының есептілігін анықтауға 24 млн теңге бөлінді.
Сегіз мониторингтік ұңғымаларды құруға 6,6 млн теңге бөлінді.
Шламжинағыштарда қалдықтарды азайту мақсатында 17 мың тонна қалдықтарды биологиялық өңдеу жоспарланып, осы мақсатқа 122,4 млн теңге қарастырылған.
KASK қондырғысында өндірістік қалдықтарды өңдеуге 50 млн теңге жұмсалатын болады (күтілетін әсер – қалдықтар көлемін 7-8 мың тоннаға азайту).
Көгалдандыру, соның ішінде балабақша, мектеп аумақтарын көгалдандыру жұмыстары қарастырылған.
«Глобус» ҮЕҰ төрағасы Галина ЧЕРНОВА Жоспарды мардымсыз, тіпті «жұпыны» деп атады:
- «Жасыл экономика», көгалдандыру шаралары туралы ешқандай нақты бірде-бір сөз айтылған жоқ. Өткен жылы сіздер көгалдандыруға 828 млн теңге қаржы салдыңыздар. Олар қайда? Көрініп тұрған жоқ. Қандай аумақ қамтылды, ол ағаштар қайда? Ектіңіздер ме, әлде жай көме салдыңыздар ма: суреттері жоқ, дәлел жоқ.
- 2,5 млн көшет отырғызылды, - деді кәсіпорын экологы Сәлима АБИТОВА (суретте). – Биыл №16 және 33 мектепті (Құлсары), сонымен қатар Атыраудағы балабақшаны қамқорлыққа алатын боламыз.
Компания өкілдері су жоқ болғандықтан көшеттерді қалай суаратындарын білмейтіндігін айтып, шағымданды.
Тыңдауда тағы бірнеше ескертулер айтылды. Олардың бастысы – жоспар бекітуге дайын емес, өйткені нақты келтірілген мәліметтер жоқ. Компания өкілдері жақын арада бүкіл ескертпелерді қаперге алып, жобаны аяқтап бітіруге, содан соң оны қайтадан жұртшылыққа ұсынуға уәде берді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген автор