- 29-сәуірде коммерциялық кассалардың бірінен теміржол билеттерін сатып алған едім. Сатып алар кезде кассирге Шетпеге 6-мамыр күні таңертең жетіп және сол күні кешкісін кері қайтуымыз керектігін, бізбен бірге егде тартқан үлкен адам бар екендігін әлденеше рет түсіндірдім. Кері қайтарда кассирдің бізге Шетпе - Атырау бағытындағы билеттерді 6-мамыр күні сағат 00.25-те жүретін пойызға, яғни бір тәулік бұрын өтіп кеткен бағытқа жазып бергенін анықтадық. Айқай-шумен әжемізді қасына еріп жүрген адаммен бірге пойызға мінгізіп жібердік. Бірақ оларды Бейнеуде вагоннан түсіріп тастапты. Атырауға дейін олар әрі қарай таксимен жеткен. Жүйкені жұқартқан әбігердің, жол азабының салдарынан әжеміз ауырып қалды.
Енді бізге ақшамызды қайтарып, қария адамнан кешірім сұрағанын қалаймыз. Өйткені кассирдің бір уақытта адамдардың екі бағытта жүре алмайтынын түсінбеуі мүмкін емес. Бірақ сонда да ол біз Шетпеге кетіп бара жатқан уақытта, Атырауға келе жатқан пойызға билет сатқан.
Телефон арқылы
Сұраққа Атырау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының кеңесшісі Валентин РОТЕНБЕРГ жауап береді. Оның айтуынша, бұл жағдайда оқырманға өзі билет сатып алған фирма басшылығының атына істің мән-жайын баяндап және билеттердің көшірмелері мен чектерін тіркеп, талап ету хатын жазуы керек. Бұл кассирдің мұқиятсыздығынан да орын алып отыр. Ол билеттердің толтырылуы мен күнін, уақытын тексеруі тиіс болатын. Билеттер қайтадан сол адамдардың атына алынып жатқандықтан, кассир олардың бір уақытта екі бағытта жол жүруі мүмкін еместігін түсінуі тиіс еді. Егер фирма өз кінәсін мойындаудан бас тартса, сотқа арыз беруге болады.