Атырау, 26 қараша 16:57
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Төбеттен тұқым қалды ма?

10 130 просмотра

Белгілі атыраулық ит асыраушы Бауыржан ҚИБАШ (суретте) он жылдан бері облысты аралап, қазақтың жоғалып бара жатқан асыл тұқымды иті –қазақ төбеті туралы мәліметтер жинап жүр.

Бауыржан және оның достары– Дархан ҚОЗЫБАҒАРОВ, Өтеген ШЕГІРОВ, Азамат ХАЛИН, Аманжол ЖАМКЕНОВ – осы игі іс үшін бос уақыттарын еш аямайды. Олар джипке отырып алып, сары даланы кезуге бір жалықпайды. Алайда барлық экспедициялардан жақсы нәтижелермен орала бермейді.

- Біздің соңғы экспедициямыз үш күн бұрын аяқталды. Біз Қызылқоға ауданының тең жартысын аралап шықтық, шамамен 800 шақырым жүрген болармыз, - дейді Бауыржан Қибаш. – Барлық ауылдар мен шопан қыстақтарында болдық. Қырсық шалғанда, біздің алдымызда ит атушылар келіп кетіпті. Малшылардың айтуынша, атқыштар бір рейд кезінде 90-ға жуық итті жойған, олардың араларында алтауы, сипаттауларына қарай, төбеттерге ұқсайды. Мен сирек кездесетін жергілікті ит тұқымдарына арналған орынжай ашып, шетелден кинологтарды шақырып, біздің төбеттің экстерьерлерін (стандарттарын) халықаралық кинология ұйымына тіркеткім келеді. Іздеулер басталғаннан бері мен төбеттің төрт түрін таптым. Ит атушылар күніне ондаған иттерді атып өлтіреді. Бұл қырғынды тоқтату керек. Жылыой ауданы – мал шаруашылығының орталығы. Мұндағы - Құлсарыдағы, Қараша, Қойсары, Аққұдық қыстақтарындағы, Тұрғызба және Шоқпартоғай ауылдарындағы төбеттерді мен бала кезімнен білемін. Кеңестік кезеңде осы үлкен де сенімді иттерге ешкім назар аударған жоқ. Пысықайлар алабай күшіктерін төбет деп 45 мың теңгеден сатады. Дала егесі – сирек кездесетін ит туралы ақпарат ғаламторда 2004 жылы пайда болды, сол кезде де алабайды төбетпен шатастырды. Бұл шатасу осы күнге дейін сақталуда. Қазір көптеген адамдар төбеттер туралы көп білеміз деп есептейді, алайда, шын мәнінде оның түрі қандай екенін де білмейді. Біздің төбетті сабалақ жүнді үлкен «сұр» ит деп сипаттайды...

2005 жылы Бауыржан Скрябин атындағы Мәскеу ветеринария академиясының анатомия және гистология кафедрасының зертхана меңгерушісі Александр ВЛАСЕНКОМЕН танысады, ол – ортаазиялық овчарка (ОАО) бойынша жетекші мамандардың бірі. ОАО термині түркімен алабайын, тәжіктің дахмардтарын, чупони саги тұқымдарын, ауған, иран, моңғол, өзбек, қырғыз, түрік бөрібасарларын біріктіреді. Власенко әлемде бірінші болып, ОАО-ны топтап, саралануын жасады. Төбет әзірге бұл сараптауға кірмейді.

«Төбет», «бөрібасар», «қазақы ит», «тау төбет», «қой төбет» - бұлар Қазақстан жеріндегі Қазақ хандығы кезеңінде (XV –XIX ғасырлар) тіршілік еткен иттердің атауы. Қазақ тұқымды иттерін 1920 жылдары Боголюбский мен Ткаченко, 1960 жылдары Ю. Пильщиков зерттеді.

- Менің досым Азамат Халин иттерді өте жақсы көреді, ол мені Құлсарыдағы бірнеше төбеттерді қарау үшін көптен бері шақырып жүр еді, - дейді Бауыржан. – Мен оларды бейне камераға түсіріп, Власенкоға жібердім. Ол бұлардың төбет екенін растады. Қазір менің Атыраудағы ауламда Тұрғызба ауылының тұрғыны Өтеген ШЕГІРОВТЕН алған 13 жасар Аққұс деген ит пен Исатай ауданында тұратын Мейрам деген қойшыдан алған Джекки деген қаншық ит бар. Сондай-ақ, Исатай ауданындағы таныстарымда екі төбет бар, олардың біреуін менің Джеккиім туды. Қызылқоға ауданынан  да осы тұқымдас бірнеше ит бар. Сонымен қатар, мен өз экспедициям кезінде 1929 жылы Ткаченко Орск маңында сипаттаған, одан бұрын 1889 жылы Добросмыслов Торғай маңынан көрген қырғыз-қайсақ (қазақ) бөрібасарын тауып алдым. Мен тапқан иттердің ерекшелігі – олар басқа еш жерде кездеспейді. Егер менің жаңалығым расталып, төбет тұқымын тіркесе, онда бұл ит итальяндық мареммано-абруццки, үлкен пиреней тау овчаркасымен және түрік акбашымен қатар тұрар еді. Мен тәлімбақ салып, шетелден мамандар шақырмақпын. Барлық қажетті тестілер мен ДНҚ анализін жасап, ОАО-ның басқа түрлерімен салыстыру керек. Осы жұмыстарды бастау үшін маған демеуші қажет.

Біз А. Власенкомен телефон арқылы байланыстық. Ол Бауыржанның жаңалығы туралы былай дейді:

- Өкінішке орай, төбеттер туралы ешбір ақпарат көздері сақталмаған. Қазақстан жерінде соғысқа дейінгі кезеңде қырғыз-қайсақ (қазақ) овчаркасы болғаны белгілі. Алайда, қайталап айтайын, ешқандай сипаттаулар мен фотосуреттері жоқ. Бауыржан маған тапқан иттерінің суреттерін жіберді. Олар маған жай ғана бөрібасар немесе меделян деп аталатын иттерді еске түсіреді. Алайда, олар 20-ғасырдың басында аштық кезінде жоғалып кетті. Олардың 100 келіге жуық салмағы болғаны белгілі. Олардың қаны еуропалық мастифтермен араластырылып, аюларға аңға шыққанда қолданылды. Бұлар «метистер», ал нағыз меделяндар Романовтар династиясы алғаш патша болған кезден бері белгілі. Бұл иттердің 17-18 ғасырларда түсірілген суреттері сақталған. Бауыржан тапқан иттер соларға көп ұқсайды. Олар сабалақ жүнді, артқы аяқтары ұзын, бұл оларды алабайлардан айыруға көмектеседі. Бауыржан тапқан тұқым бізге қырғыз-қайсақ овчаркасын қалпына келтіруге көмектеседі деп сенеміз. Бірақ әлі анализ жасауымыз керек. Қолда бар материалдар статистика үшін де жеткіліксіз. Бауыржанның иттің жүнін ғалым ПОЯРКОВҚА да жібергенін білемін. Алайда ДНҚ анализін жасау үшін ақша керек. Биометрия жүргізу қажет. Мұның бәрі дайын болса, біз Атырауға келеміз...

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ        

9 қаңтар 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.