Атырау, 26 қараша 16:30
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Технобақ деген аты ғана

3 800 просмотра

 Саша Денисовтің коллажы. Саша Денисовтің коллажы. "Ақ Жайық" газеті. 20 желтоқсанда «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технобағы» (ҰИМХТ) еркін экономикалық аймағының (ЕЭА) техникалық-экономикалық негіздемесінің қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалау жөнінде қоғамдық тыңдау өтті. Жоба үкіметтік емес бірлестіктердің өкілдері тарапынан көптеген келеңсіз ескертулерді туғызды.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖАРЛЫҒЫ БОЙЫНША

Ұлттық индустриялық мұнай-химия технобағы (ҰИМХТ) ҚР президенті жарлығының және бірқатар үкіметтік бағдарламалардың негізінде құрылды. Сондықтан қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалауға мұнай және газ министрлігі тапсырыс беруші ретінде қатысты. Техникалық-экономикалық негіздемені жасақтаушы – «ОХК инжиниринг» ЖШС. Қала аумағынан мұнай-химия бағы үшін (АМӨЗ-дің артқы жағында) 2009 жылы қалалық әкімдік 285 га жерді жалға бөлді. Жалға беру мерзімі – 2035 жылға дейін, қолданғаны үшін жыл сайынғы төлемақы - 75 631 теңге. Мұнай-химия бағына шағын және орта бизнесті дамыту үшін еркін экономикалық аймақ (ЕЭА) мәртебесі берілді. Атырау қаласының ЕЭА аумағында шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін өнеркәсіп пен бизнес-парк қарастырылған. Олардың қызметінде Қарабатан зауыттарынан алынатын шикізаттың негізінде полимер өнімдерін өңдеу қарастырылады. Полиэтилен мен полипропиленнен алынатын жоспарланған өнімнің тізімі: үлдір, бөтелкелер, геотекстиль, пруток, бір мәрте қолданылатын ыдыс, йогурттарға арналған стакандар, құбырлар, фитингтер, пакеттер, бахилалар, медициналық демперделер. ЕЭА қатысушылары үшін экономикалық жеңілдіктер қарастырылған: корпоративтік табыс салығынан босату; жер салығын есептеу кезінде нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салу; мүлік салығына 0 пайыз мөлшерлеме қолдану; еркін кедендік аймақ режимі.

Жобаны жүзеге асырудан күтілетін нәтиже: Атырау облысынан шағын және орта бизнесті дамыту; шикізатты кешенді пайдалану; импортты алмастыратын өнімді жасау; еңбекпен қамту/жұмыссыздықты азайту (бизнес-парк 2 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтиды деп жобаланып отыр, бұдан басқа, мұнай және газ министрлігі Атыраудан маманданған кадрларды даярлау үшін тренинг-орталықтар салуды жоспарлайды).

 

АШЫҚТА ЖАЙЛЫ АЙМАҚ

ЕЭА-тың ТЭН-нің қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалауы белгіленген қызмет аумағында табиғи ортаның қазіргі жағдайын зерттеуді; қоршаған орта компоненттеріндегі өзгерістерді және әлеуметтік саладағы олар туғызған салдарды анықтауды; қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ұсыныстарды жасақтауды қамтиды.  

Атмосфералық ауаға әсер етуді алдын ала бағалау:

Экологиялық зерттеулер нәтижесі бойынша анықталғандай, АМӨЗ бен ЖЭО-ның жақын орналасуы аумақтың ауа бассейнінің ластануына зор «үлес» қосады екен. Осынау қолайсыз тұрғыда ҰИМХТ аумағындағы қарастырылған нысандар (полимерлік өндіріс, бизнес-орталықтар, қоймалар және т.б.), ТЭН жасақтаушы растағандай, зиянды шығарындылардың көздері болып табылмайды.

Ықтимал нысандардың ішінде тек бизнес-парк кәсіпорнына арналған жылу қазандықтары ғана шығарындылардың көзі болуы мүмкін.

Технопарктің санитарлық-қорғаныс аймағы

Атмосфераның жер қабатында зиянды қоспалардың ыдырауы алдын ала жалпы есептеулер бойынша, шығарындылардың төтенше көздерінен 200 метрдей қашықтықта ластаушы заттардың концентрациясы шекті-рұқсат етілген деңгейден аспайды, - деді «ОХК инжиниринг» ЖШС инженер-экологы Анна САБИРБАЕВА (суретте). Жоба санитарлық-қорғаныс аймағының көлемін 500 метр деп қабылдады. Шығарындыларды жалпы есептеу нәтижесінде (орта+бизнес-парктің шығарын-дылары) АМӨЗ-дің санитарлық-қорғау аймағы мен бизнес-парктің аумағындағы ластаушы заттар (бизнес-парктің шығарындылары бойынша) шекті рұқсат етілген концентрациядан аспады.

Тапсырыс беруші атмосфералық ауаны қорғау жөнінде мынадай шаралар қарастырған: жабдықтардың (қазандықтардың газ жанарғысы құрылғыларының) жұмысын оңтайландыру есебінен шығарындыларды азайту және атмосфералық ауадағы газдар концентрациясын төмендету; жоғары сапалы отынды қолданудағы қазандықтың жұмысы; бизнес-парктің қазандығындағы түтін шығатын тұрбалардың биіктігін көбейту, бұл газдардың анағұрлым қарқынды ыдырауына септігін тигізеді; тазарту құрылғыларын пайдалану (сүзгілер, тазартудың ылғалдаушы технологиялары); нысан аумағында қозғалысты және көліктің пайдаланылуын шектеу; санитарлық-қорғаныс аймағының шекарасында және барлық ЕЭА нысандарын бойлай орман алқабын отырғызу арқылы аумақты көгалдандыру.

Жоба авторларының айтуынша, бизнес-парк те топырақты-өсімдік жамылғысына теріс әсерін тигізбейді: бизнес-паркті пайдаланудан шыққан қалдықтар тек тұрмыстық қалдықтар болып табылады. Оларды бизнес-орталықтың өзінің аумағына уақытша орналастыру жобаланған. 

 

«ҚҰПИЯ» БЕЛГІСІНДЕГІ ҚҰЖАТ

Су ресурстарына әсер етуді алдын ала бағалау ең өткір сынды туғызды. Сабирбаеваның айтуынша, нөсерлі және өндірістік ағын сулар тазартылып, бизнес-парктің аумағындағы көгалдандырылған көшеттерді суару үшін қолданылмақ екен. Ал тұрмыстық ағын сулар тазартылғаннан кейін қалалық кәріз жүйесіне жіберілетін болады. Парктің тәуліктік мұқтаждығы, шамамен, 560 текше метр екенін ескерсек, бұл сөз алған бірнеше қоғам белсенділері мәлімдегендей, өкінішті жағдайға душар етеді екен.

Сонда бұл ағын сулар сол Сасықсайға құйылатын болады деген сөз. Сол жақ жағалауда тыныс алу мүмкін болмай қалады, неліктен сол жақ жағалауда тазарту құрылғыларын салу қарастырылмаған? – деп сұрады Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аналитикалық зертхана басшысы Ғалия ҮМБЕТАЛИЕВА.

Бұл ескертуді жоба жасақтау-шылар қабылдап, тұрмыстық ағын суларды тазарту циклі де қарастырылады деп уәде берді.

Ал «Глобус» ҮЕҰ жетекшісі Галина ЧЕРНОВАНЫҢ сұрақтарына анық жауап айтылмады. Ол бизнес-парктің не үшін қалада, Қарабатанда және Теңізде үш учаскеге бөлінгенін сұрады. Қаладан ҰИМХТ құрудың мақсаттылығы шынымен де сауалдар туғызады. Бұл - Қарабатандағы шикізатты өңдеуге арналған мұнай-химия  өндірісі.

Неліктен экологиялық ахуалды бір күн ғана (9 қыркүйекте) бақылады және бұл мәліметтер неліктен қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалаудың бүкіл тұжырымдарына негіз болып отыр? – деп таң қалды Чернова. Оны залдағылар да қолдады: қала тұрғындары желді күндері зерттеу жүргізу пайдасыз екенін, өйткені Атыраудың күшті желі шығарындыларды таратып жіберетінін еске салды. Ал объективті зерттеу үшін тымық ауа-райы қажет. Ақыр аяғында Г.Чернова бұл тыңдауды «заңды емес» деп атады, өйткені қолданыстағы нормаларға сәйкес, жұртшылық техникалық-экономикалық негіздемеге оларды өткізгенге дейін қол жеткізе алуы тиіс. Авторлар ТЭН-і әлі берілмеген тапсырыс берушінің (Мұнай және газ министрлігі) рұқсатынсыз, демек әлі де «ОХК инжинирингтің» зияткерлік меншігі болып табылатын құжаттың жария етілмейтіндігін желеуретті.

Сондай-ақ, тыңдау кезінде бизнес-парктің аумағында жарылғыш қаупі бар толуолды өндіруге негіз бар деген ақпарат тарады. «ОХК инжиниринг» өкілдері мұның тек болжам ғана екенін, дұрысында толуолдың өндірілмейтінін растады.

Сонымен бұл теориялық тұрғыда мүмкін бе, жоқ па? – деп сұрады залдан.

Теория тұрғысында мүмкін емес, – деп абыржи жауап берді Сабирбаева.

Ең басты айыптауға –  жаңа мұнай-химия өндірісінің тұрғын үй массивтеріне өте жақын орналасқандығына қатысты ЕЭА БК АҚ өкілетті тұлғасы Арман ҚАЙЫРДЕНОВ жауап беруге тырысты:

ЕЭА 2007 жылы құрылып, шекарамен бекітілді. Бәлкім, бұл идея химия зауытының жаңаруында, осы алаңдағы өндірістің жандануында жатқан шығар.

 

АКАДЕМИК ДИАРОВТЫҢ СӨЗІ

Ұсыныстардың қатарында Қазақ мұнай ғылыми-зерттеу геологиялық барлау институты (КазНИГРИ) директоры Қосан ТАСҚЫНБАЕВТЫҢ көлік бағытын қайта қарастыру туралы ұсынысы айтылды. Өйткені, ЕЭА-ның ескі теміржол тармағын қолданатындығы анықталды. Қолданыстағы теміржолға қосу үшін техникалық шарттар алынған.

Бұл тармаққа жүктеме көбейіп келеді, сол жақ жағалауда көлік проблемалары әжептәуір артады – бұл стратегиялық мәселе. Маршрутты өзгертіп, ЖЭО-мен және АМӨЗ-бен серіктесе отырып, сіздің мұқтаждықтарыңыз үшін жаңа теміржол тармағын салуды ұсынамын, - деді Тасқынбаев.

Академик Мұфтах ДИАРОВ тыңдауға қатыса алмады, бірақ өз комментарийін пошта арқылы жолдап жіберді. Жайық-Каспий Орхусс орталығының директоры Шынар ІЗТЕЛЕУОВА оны оқып берді: «Облыс аумағындағы мұнай өндіру көлемдерін ТШО үнемі арттыруда. Қашағанда да сол көрініс. Таяу уақытта атмосфера бассейніне тасталатын жалпы шығарындылар 171 мың тоннаны құрайды, бұл қазіргі деңгейден үш есеге көп. Халықтың жалпы сырқаттану деңгейі де үш есеге артатыны сөзсіз. Халықтың сырқаттану деңгейінің өсу қарқыны қиын жағдайда тұр. Теңіз кеніші игерілгеннен кейін 10 жылдан соң кеніштен 18-20 шақырым  қашықтықта орналасқан Сарықамыс поселкесі тұрғындарының жалпы сырқаттану деңгейі 90 пайызды құрады. Ол жердегі орташа өмір сүру ұзақтығы - 46 жас. Құлсары қаласынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан тұрғындардың жалпы сырқаттылығы осы 20 жыл ішінде 10 есеге көбейді. Теңіздің уыттылығы жоғары тұзды мұнайларымен жұмыс істейтін АМӨЗ қуаттылығы үнемі ұлғайып отырады. Зауыт жақсылықпен қала сыртына шығарылуы тиіс, алайда мұның мүмкін болуы екіталай. Бұдан басқа, үкімет шешімімен жылына 550 мың тонна полипропилен мен 850 мың тонна полиэтилен шығаратын ЕЭА құрылды. Тағы 10-нан астам химия өндірісін ашу жоспарланып отыр. Инвесторлардың қаржыларын үнемдеу мақсатында тұрғын үй массивтерінен бірнеше жүздеген метр жерден жаңа химиялық өндірістерді ашу адамгершілікке жат, жол бергісіз әрекет болып табылады. Осы өндіріске жер бөлгендер заңды жауапкершілікте болуы тиіс. Жаңа химиялық өндірістер қаладан шалғайға шығарылып, «Болашақ» зауытының ар жағынан салынуы тиіс. Көрсетілген қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалау жобасында полимерлік металдардың өндірістік қуаттылықтарының нақты цифрлары жоқ, мен таныстырылған жобаны қабыл алмауды ұсынамын».

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор

31 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.