Жаңа жыл қарсаңында «АЖ» Қазақстанның жетекші сарапшыларына жолығып, өткен жылға баға беріп, келе жатқан 2014 жылға болжам жасауларын сұраған болатын.
ӨЗІМІЗГЕ СЕНУ ҒАНА ҚАЛДЫ
Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:
-Экономикалық тұрғыда 2013 жыл бірқатар үрдістерді белгіледі. Біріншіден, экономикалық өсу қарқыны баяулана бастады. Ағымдағы өсім моделі мұнай бағасының өсуіне арқа сүйейді, алайда соңғы 4 жылда бағалар тұрақты болғандықтан, ел табысы да бір деңгейде тіркелуде, ал ел шығындары, соның ішінде импорт шығындары өсіп келе жатыр. Мұнай бағасына жасалып жатқан болжамдарға келсек, баға түседі, ахуал жақсы болса, бір қалыпты өзгеріссіз қалады немесе аз-мұз өседі. Басқаша айтқанда, мұнай өндіру мен мұнайды экспортқа шығаруды дамыта беру керек. Қашағанда мұнай өндіру мен оны әрі қарай қолдануды қайта бастаса, сөзсіз, мұнай өндірісі өседі, ал бұл ел табысын ұлғайтуға мүмкіндік береді және ағымдағы модель сақталады. Алайда, бұл тұтастай алғанда 3-4 жылға қор болар, кейіннен экономика өсімінің қарқыны бәрібір төмендейді.
Екіншіден, қаржы секторында үлкен реформалар жасалуда – мемлекет бұл салаға қатысуын және секторішілік салаларды реттеуді күшейтуде. Бұл жалпы әлемдік қаржы секторының шексіз бостандығынан бас тарту үдерісіне сәйкес келеді.
Үшіншіден, Кедендік одақ аясында интеграцияланудың проблемалары ең жоғарғы деңгейде мойындалды. Енді қазақстандық тарап келіссөздердің барлық бағыттарында да ел мүддесін қорғайтын болады. Менің ойымша, интеграция жалғаса береді, бірақ бұл бір қақпадағы ойын секілді болмайды. Еуразиялық экономикалық одақ құру бойынша келіссөздерде Қазақстан одақтан еркін шығу мүмкіндігін ұсынғанына қарағанда, интеграциялану үдерісі таразы басына салынып, Қазақстанға тиімді тұрғыда өтеді деп үміттенемін.
Төртіншіден, интеграциялық үдерістердің нәтижесінде Қазақстан импортпен баж салығы арқылы күресу мүмкіндігінен айырылып қалды. Сондықтан соңғы жылдары басқа құралдар алдыңғы шепке шығарылуда. Бұл - Қазақстан жаңа ғана танып жатқан техникалық реттеулер, бұл - ішкі экономиканы қолдау шаралары, сонымен қатар, экономиканы ұзақ мерзімді несиелік ресурстармен қамтамасыз ету қажеттіліктері, олай болмаған жағдайда қолжетімді қаржыландырулардың жетіспеушілігінен біздің жобаларымыз көп қалыс қалатын болады.
Ең соңғысы, валюталық саясат. Өткен жылдың жазында ақшаның күрт құлдырауы болады деген шағын қарбалас болды, алайда бұған сілтемелер аз еді. 9-10 сілтемелердің ішінен құлдырауға қатысты тек шынайы ақша ауыстыру курсы ғана көрініс бергенмен, ол да 2009 жылғы қаңтардан төмен болды. Қазақстанға теңгені сыртқы факторлардың әсерінен (көрші елдердегі дағдарыс, девальвация және т.б.) әлсіретуге мәжбүр болған валюта курсын пассивті реттеудің орнына Қытай жасағандай, валюта курсы отандық өнімдерді үлкен бәсекеге қабілеттілікпен қамтамасыз ету құралы болып табылатын белсенді (активті) реттеуге көшкені дұрыс деп ойлаймын. Алайда, қазір теңге, керісінше, артық бағаланған, алдымен осы номиналды курсты шынайылыққа жеткізу керек, яғни, кемінде 20%-ға төмендету қажет.
БОЛЖАМ
Мұнай бағасы жөнінде АҚШ-тың Федералдық қор жүйесінің жаңа басшысы анықталғаннан кейін (қаңтардың аяғы) нақты айтуға болады. АҚШ нені қалайды: өз экономикасын ақша құю арқылы қолдауды ма, әлде қолдау көлемін азайтуды ма? Тауар нарығындағы ахуал, сәйкесінше, мұнай бағасы осыған байланысты болады. Алайда, экономикалық факторларды саралай қарасақ, баға төменге қарай «қарап тұр».
Теңге курсына келетін болсақ, мультивалюталық режим саясаты теңгені біртіндеп әлсіретуді көздейді - мұның қарқыны да қаңтар мен ақпанда белгілі болады. Бірақ бір долларға 165 теңге бағамына секіруіміз ықтимал. Жалпы, экономика курсты белсенді басқаруға дайын болғанша, курстың жылына 3-5%-ғабаяулап әлсірегені ел экономикасы үшін тиімді. Яғни, валюталық несиелер жойылып, ал өңдеуші өнеркәсіп қуаты импорттың қымбаттау жағдайында оны төмендетудің орнын жабуға қабілетті болуы қажет. Сол кезде валютаны біраз төмендетуге мүмкіндік туады. Алайда әзірге мұндай жағдайлар жасалмаған, сондықтан да девальвация борышкерге де, тұтынушыға да үлкен зиянын тигізеді.
ӘЛІМІЗ ҚҰРЫҒАНША ҚАРМАНА ТҰРАМЫЗ
Экономист Петр СВОИК:
- Өткен жылды дағдарысты құбылыстардың жинақталу жылы деп атар едім. Ең бастысынан бастайық.
Бюджет. Бюджет жетіспеушілігі ушығып барады. Мұның айғағы ретінде зейнеткерлік жастың ұлғайтылуын, жүктілікке байланысты төлемақыны азайту және күні кеше қол қойылған көлік пен жылжымайтын мүлік салығын арттыру туралы заңға өзгертулер енгізуді атауға болады. Сонымен қатар, әрине, жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жағдайды айтпасқа болмас. Өйткені 24 млрд доллар зейнетақы жинағы қаржы министрлігінің бағалы қағаздарында сақталып тұр. Басқаша айтқанда, бюджеттің мойнында қарыз болып тұр.
Банктер.Ол жерде де проблемалар жинақталып жатыр. Біріншіден, бұл ресми танылған қайтарылмайтын қарыздардың дағдарыстан жоғары деңгейге шығуы. Олар қазірдің өзінде екінші деңгейлі банктер берген несиелердің үштен бірінен асып кетті. Ал әлеуметтік сезімтал ипотека саласында бұл деңгейден артылып жатыр. Сондай-ақ, мемлекеттің «Самұрық-Қазына» тұлғасында «БТА Банк», «Альянс» және «Темірбанк» сияқты проблемалық банктердің капиталынан шығу әрекеттерінің сәтсіздігінен көрінеді. Мемлекет кезінде дефолтты болдырмас үшін осы банктерге енуге мәжбүр болған еді. Осы банктерді «Халық банкінің», сондай-ақ, Болат ӨТЕМҰРАТОВТЫҢ мойнына іліп қою әрекеттері де сәтсіз аяқталған сияқты. Міне, мемлекет бұл активтерге белшесінен батып, бір жағынан дефолттан, бір жағынан әрі қарай ақша жоюдан қорқып отыр.
Теңгекурсы маңызды ғана емес, сонымен қатар экономика саулығының синтетикалық көрсеткіші болып табылады. Ұлттық банк теңгені біртіндеп босатуда және бұл түсінікті де. Өйткені Ұлттық банктың алтын, валюталық қоры толығып отырған жоқ, керісінше, екі жылдан аса уақыт ішінде шығындалуда. Яғни, Қазақстанның сыртқы төлем балансы көптен бері тұрақты минусқа қарай кетті. Қазақстанның экономикалық тұрақтылығының басты көзі мұнай бағасы екендігін атап өткен жөн, ол төмендеп жатқан жоқ, өсімі де көрінбейді. 2013 жылы мұнай бағасы осылай басталған, енді осылай аяқталды. Бұл бағалық тұрақтылық емес, жалпы әлемдегі инфляция мен импорттың қымбаттауын есепке алсақ, бұл - кемімелі үрдіс. Сәйкесінше, биылғы жалпы ішкі өнімнің өсімі өткен жылға қарағанда жартылай төмен, сонымен қатар, инфляция да бірталай төмендеді, бұл да экономикалық тұрақтылықтың көрсеткіші емес, керісінше, жалпы экономикалық ахуалдың нашарлауы болып табылады.
БОЛЖАМ
Алдымыздағы жыл сол дағдарысты құбылыстардың жинақталу және мазасыз күтулер жылы болмақ. Егер жалпыәлемдік ахуал туралы айтатын болсақ, әлем қаржылық дағдарыстың екінші толқынын күтіп отыр, ол АҚШ-тың федералдық қор жүйесі доллар бағасын арттырғаннан кейін баяу түрде басталады. Не болмаса, Еуропаның проблемалық елдерінің тәуелсіз дефолттық ахуалы ушығып, сондай-ақ, мемлекеттік қарызды кезекті көтеруге қатысты АҚШ-та болғалы тұрған текетірестердің нәтижесінде дағдарыс қатты түрде де басталуы мүмкін. Яғни, әлем экономикалық стагнация және осы стагнациялардан ақша басу құралының арқасында шығу сияқты тиімсіз әрекеттерінің арасында тербелетін болады. Апатты сценарийлердің болуын ешкім қаламайтыны белгілі, сондықтан да барлығы жағдайды асықтырмауға тырысады. Басталғалы тұрған жыл әлемдік ауқымда шиеленісті де қызықсыз болмақ. Үлкен шулы оқиғалар орын алады, алайда экономика созылмалы проблемаларға толы болады.
Енді қазақстандық жағдайға оралайық. Экономикада кереғар құбылыстар жинақталып қалғанмен, ахуалды ұстап тұруға үкіметтің қоры жеткілікті. Алайда бұл үшін Ұлттық қорды пайдалануға тура келеді. Теңге курсын ұстап тұруға, банктік дефолттарға жол бермеуге, инфрақұрылымға инвестициялауға қаржы керек. Кез келген жағдайда үкімет девальвация сияқты экономикадағы қорқынышты әрекеттерге жоламауға тырысады. Бұл Қазақстандағы ең басты мәселе билікті мұрагерлікке қалдыру мәселесін шешу сценарийі басталған уақытқа дейін созылады. Егер ол басқаруға келетін және ұзақ мерзімді болса, онда келесі жылда бізді ешқандай экономикалық толқулар күтпейді. 2015 жыл да солай болатын шығар.
Қазақстанда және әлемде экономикалық жағдай мұнай бағасының құлдырауы салдарынан күрт нашарлауы мүмкін екендігін де ескермесе болмайды. Ондай жағдайда саяси оқиғалар да экономикалық ахуалдың ушығуынан туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда билік белгілі бір саяси сценарийді іске қосып, қолайсыз экономикалық реформаларды жүзеге асырып, олардың сәтсіздігін дұрыс жұмыс жасай алмаған үкімет пен парламентке арта салатын шығар. Мұнай бағасы, менің ойымша, бұдан әрі көтерілмейтін сияқты, бұл төмендейді деген сөз. Ал бұл бірінші кезекте шикізат экономикасына қатты соққы болатынын аңғартады.
ҚЫСЫМ КҮШЕЙТІЛГЕНДЕ...
Талғат МАМЫРАЙЫМОВ, саясаттанушы, «Real politik» ҚҚ-ның аналитикалық қызметінің басшысы:
-Өткен жыл қоғамдық-саяси өміріміздің кері кетушілігімен, стагнациямен, дағдарыспен есте қалды. Бұл келесі факторларда айқын көрінді:
2011 жылғы желтоқсандағы Жаңаөзендегі оқиға біздің ықпал етуші топтарға егер олар әрі қарай ауқатты да салтанатты өмір сүрулерін жалғастырғысы келсе, елге жақсылыққа бастайтын өзгерістердің керектілігін, қарапайым халық өмірін жақсарту қажеттігін көрсетті. Алдыңғы жылы қабылданған «Қазақстан-2050» стратегиясы осындай өзгерістердің негізгі құжаты болды. Бұл стратегия, мен болжағандай, 2013 жылы жалпымемлекеттік идеологияға айналды. Н. Назарбаев осы Стратегияны Қазақстанның ұлттық идеясы ретінде қарауды ұсынды.
Елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайын қалай болса да өзгертуге деген талпыныс жақындап келе жатқан Н. Назарбаевтың билігін тапсыру мәселесіне тап болды. Сондықтан да билік осындай қиын кезеңде жағдайды ушықтыра түсетін әлеуетті қарсы тұрған саяси күштерді оқшаулауды қолға алды.
М. Әбілязовтың әйелі мен қызын күштеп депортациялау оның Ақордамен текетіресінің өзіндік бір шешіміндей болды. Болат ӘБІЛОВ басқарған, тіркелмеген «Азат» партиясының, сондай-ақ Қазақстан Коммунистік партиясының қызметі тоқтатыл-ды немесе ұзақ мерзімге тұншықтырылды. Б. Әбілов, көріп отырғанымыздай, өз еркімен емес, белгісіз уақытқа дейін саясаттан қол үзуге мәжбүр болды. «Әділет» қуыршақ партиясы «Руханият» партиясымен бірге «Бірлік» партиясына енгізілді. Осылайша «Руханият» партиясының С. МӘМБЕТАЛИН мен М. ШАХАНОВ кезіндегі ұлттық-патриоттық бағытына қайта оралуы мүмкіндігін жоққа шығарды. Берік ӘБДІҒАЛИЕВ сияқты қазақ ұлттық-патриоттарының арасында беделі мен сыйластығы бар тұлға биліктен қуылды.
Ақорда, сондай-ақ, қазақ ұлттық-патриоттарының бір бөлігінің іс-әрекеттерін Байқоңырда Ресей ракеталарының ұшырылуына қарсы шебер қоя білді. Алайда біздің биліктің мұндай әрекеттерін еуразиялық интеграцияны құлатуға бағытталған деп те айту орынсыз болар. Алайда, Ақорда біздің егемендігімізге нұқсан келтіргісі келген Кремль жоспарларына Еуразиялық одақтың ұлттық органдарын құру арқылы қарсы әрекеттер жасауын жоққа шығаруға болмайды.
Өткен жылда экстремизм мен терроризммен күреске қатысты жаңа заңнамалық нормалар енгізіліп, қатаң шаралар алынды. Алайда экстремизм мен терроризммен күрестен гөрі билікті саяси басқаша ойлаумен, радикалды оппозициямен күрес көбірек қызықтыратыны түсінікті болды. Ол аз дегендей, осы құбылыстармен күресті билік саяси салада қысымды үдетуге шебер қолданып отыр.
Бір сөзбен айтқанда, билік саяси алаңда өздеріне тән әрекеттерді «мықтап ұстап, жібермеу керек» деген әдіс бойынша жүзеге асырды. Алайда мұның бәрі бейберекет, ретсіз жасалды. Өткен жыл шешім қабылдаудың бірнеше орталығы қатар жұмыс жасаған билік жұмысының дефрагментациясын көрсетті. Бұл үдерістерге жетекшілік ететін президент әкімшілігінің қолы көрінбеді. Яғни, аяқталған жыл кей жағдайларда басқарушы режимнің бірыңғай тұтас құрылымының көбесі сөгіле бастағанының куәсі болды. Көріп отырғанымыздай, мұны постназарбаевтық кезеңнің басталуы деп қабылдауға болады.
2013 жылы «Мұрагер» деп аталатын операция туралы ашық айтыла бастады. Биыл түрлі инсайдерлік ақпараттарға сүйенген-міс деген түрлі болжамдар Н. Назарбаев өз орнынан тез кетеді деп сәуегейлік етті. Қазақстанның екінші президенті ретінде И. Тасмағамбетовты отырғызу талабымен жазылған «ашық» хат отқа май құйғандай болды. Осы ақпараттардың артында мүдделі сыртқы күштер тұр деген сияқты күмәндар да жоқ емес. Осындай екінші хатта Кіші жүзде сепаратистік көңіл-күйдің барлығын сипаттап, баяндау кездейсоқ емес. Сонымен қатар, Ресейге іш тартатын қазақстандық БАҚ-тар 2013 жылдың аяғында Қазақстанның саяси режиміне тікелей де, жанама да қарсы бағытталған ақпараттарды жариялай бастады.
Өткен жыл ипотекашылардың наразылықтары, мұнайшылар-дың ереуілі сияқты әлеуметтік ушығудың артуымен де есте қалды. Мәселен, Алматы қаласындағы Прайм-Плазадағы қақтығыс жастарымыздың «пысықайлардың» кез келген шектен шығар қылықтарына шыдаудан шаршағандықтарын көрсетті. Жалпылай айтқанда, халық билік пен оның айналасындағы жандардың өздеріне деген менсінбеушілік қарым-қатынастарынан шаршады деуге болады.
БОЛЖАМ
Зейнеткерлік реформасын жасағаннан, сондай-ақ, Бірыңғай Зейнетақы қорының қаражатын мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруға қолдану ниеті мемлекеттің жақын арада әлеуметтік саясатқа жұмсайтын шығындарын азайтатыны белгілі болды. Мұның бәрі «Экспо-2017» өткізуге үлкен қаржыларды жоюмен, әлемнің түкпір-түкпірінде күшейіп отырған экономикалық дағдарыс аясында мемлекеттің экономикалық саясатының сәтсіздіктеріне байланысты. Болашақта белдігімізді қыса тартуға тура келетіні де түсінікті.
Алдымыздағы жылы билік қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық сұраныстарын тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмайды. Сәйкесінше, билік қазақстандықтардың бұқаралық наразылықтарының алдын алу үшін қысымды күшейте түседі.
Дайындаған Сәуле ТАСБОЛАТОВА