Атырау, 26 қараша 16:35
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Тәлімгер Топчевский

3 141 просмотра

Керемет композитор әрі педагог Роальд ТОПЧЕВСКИЙДІ (суретте) Атырауда білмейтін адам кемде-кем болар.

Келер жылы ол 75 жасқа толу мерейлі тойынатап өтпек. Бұл атаулы күнге орай РоальдБорисович үлкен концерт беріп, өз әндерінің жинағын шығармақшы.

Жеке орындаушылармен хор ансамбльдері шырқап жүрген әндерді бұрын концерттерде естіп жүргенімбар. Оның шығармашылығы Александра ПАХМУТОВАНЫҢ шығармаларымен үндес десем, ренжи көрмес деп ойлаймын. Десек те, Топчевскийдің өзі де мұны мойындайды. Себебі, Пахмутовадан бөлек, оның жанына әкелі-балалы Исаак және Максим ДУНАЕВСКИЙЛЕРДІҢ композиторлығы өте жақын, соларды жиі тыңдайды. Классикалық музыканы, әсіресе Бетховенді жаны сүйеді.

Роальд Борисович әннің сөзіне аса талғампаз. Есенин, Пушкин, Тютчев, Лермонтов секілді классиктердің поэзиясымен сусындап отырады. Бірқатар өлеңдеріне ән де жазған. Қазақ өлеңдеріне жазған әуендері де жоқ емес. Мәселен, «Атырау – мұнайлы астанам» және «Атырау - асыл өлке» әндеріне белгілі ақын Қадыр ЖҮСІП сөз жазған. Ол көп композиторлар секілді махаббат тақырыбынан гөрі патриоттық немесе патриоттың-лирикалық тақырыптарға жақын. 

- Мен өзімнің туған жерімді, отанымды жанымдай сүйемін. Содан да болар, ылғи да Атырау туралы, елім туралы әндерді шығаруға құмармын. Менің әндерімнің ішінде жаныма ең жақыны деп «Урал» хор шығармасын айтуға болады, - дейді Топчевский.

Бұл шығарма оның саз әлеміне алғаш сәтті қадам басып, ақындармен тікелей байланыс орнатқан кезімен тұспа-тұс келеді.

-Менің ең алғашқы шығармашылығым «Прикаспийская коммуна» газеті редакторының орынбасары болып қызмет істеген марқұм Василий КИРИЛЛИЧЕВТІҢ өлеңдерімен байланысты. Ол туған жер туралы, шопандар мен балықшылар, Жайық өзені, т.б. туралы көп жазды. Айтпақшы, «Урал» әнінің сөзі де оған тиесілі.

Роальд Борисовичпен сөйлесіп отырып, өзімді кеңестік дәуреннің жылымық кезеңінде өмір сүріп отырғандай сезіндім. Оның да өзінің көптеген замандастары секілді, өмірлік көзқарасы сол, еш өзгермеген. Болмысынан қарапайым, материалдық құндылықтардан гөрі рухани дүниелерге, жан тазалығына көп көңіл бөлетін, елінің патриоты болуға талпынған, айналасына жақсылықтан басқа еш нәрсені тілемеген, бірінші кезекте пайда емес, ар ойлаған адам отыр алдымда. Мұндай жандармен сөйлесудің өзі бір бақыт қой. Өзің де рухани байып қаласың. 

 

РОАЛЬД ЖӘНЕ РОЯЛЬ

Роальд Борисович ТОПЧЕВСКИЙ 1939 жылы 1 қарашада Гурьев қаласында туған. Ата-анасы оның музыкаға ықыласын байқап, қаладағы музыка мектебіне оқуға береді. Скрипка класы бойынша тәлім алған бала Роальд кейін Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесінде музыкалық теория бөлімі бойынша білім алады. Кейін Астрахан консерваториясына оқуға түсіп, оны 1977 жылы бітіреді. Оқумен қатар Дина Нұрпейісова атындағы музыка колледжіндегі жұмысынан қол үзген емес. Бүгінде колледждегі жұмыс өтіліне 51 жыл. Талай талантты шәкірт тәрбиелеп шығарды. Әлі де ұстаздық етуден жалықпайды.

-Кеңес кезінде адамдар бір-біріне сенгіш келетін. Мен де адамдарға әлі күнге дейін сенемін, олар да маған сенеді деп ойлаймын.

- Адамдар әр түрлі болады ғой...

- Болар, болар... бірақ, менің жанымдағы достарым, таныстарым, ұжымым осы күнге дейін көңілімді қатты қалдырып көрген жоқ. Мен ешкімге өкпелеп, қатты ренжіген емеспін. Әйтеуір, қай-қайсысы да болсын, музыкалық теория жағынан кеңестерін алып тұрады. Ән өңдеуге көмектесіп, нотаға түсіруге қолғабыс етіп тұрамын. Көмек көрсетуден қашпаймын, себебі оған менің әлім жетеді. Мені ұжымымның білімді теоретик екенімді ескеріп, зейнетке шығармай ұстап отырғаны да сол ғой... (жылы күлімсіреді).

Музыкаға деген ынтызарлығы көршісі арқылы келген. Оның қалай болғанын Роальд Борисович былай деп әңгімелейді:

- Ұлы Отан соғысының жүріп жатқан кезі  еді... Ол уақытта біздің отбасы Петровский атындағы зауытқа қарсы үйде тұратын. Сонда Ленинградтан эвакуацияланып келген жаңа көршіміз пайда болды. Өзі музыкаға өте жақын болды, атын есіме түсіре алмай тұрмын, мамандығы геолог, бірақ рояльда жаныңды баурап аларлықтай керемет ойнайтын. Бірде өзімен бірге кабинетке қоятын шап-шағын рояль алып келді. Оның пәтерінде пластинка жинақтары өте көп еді. Әсіресе, ноталары суреттелген классикалық дүниелер... Ән тыңдап тұрып, қандай ноталардың ойналып жатқанын көруге болатын. Сол көршінің пәтерінде мен күн ұзаққа дейін болатынмын. Біресе пластинкаларды тыңдаймыз, біресе оны тыңдаймыз. Осы сәттер менің өмірімдегі өнер жолын таңдауыма әсер еткен болар деп ойлаймын. 

...Біз одан бір шығармасын орындап беруін өтіндік. Рояльға отырған Роальд ағамыз әдемі қимылдаған саусақтарын перне үстінен жүгіртіп кеп, «Орал» әнін әуелетті... әне, тағы да сол жан тербеген, жүректі қозғаған мөлдір таза, терең әуен, кеңестік әндер...

 

АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ ПЛАГИАТ ТУРАЛЫ

- Кеңестік жылдары Алматыда «Авторлық құқықты қорғау қоғамы» болатын. Менің шығармаларым бір жерлерде орындалғаны үшін маған аз-мұз қаламақы төленетін. Ол үшін әуелі әнім авторлық құқықпен қорғалуы тиіс. Әндер сараптамадан өткізіліп, түпнұсқа екені дәлелденеді. Ал қазір менің авторлық құқығым еш жерде қорғалмаған. Себебі, ондай қоғамның бар-жоғынан хабарсызбын.

- Әнде үш нота қатар кездессе, плагиат емес, бес нота кездессе, плагиатқа саналады деген сөз бар...

- Жоқ, бұл әзіл үшін айтылады. Кейбір композиторлар: «Сіздерге басқа не керек? Музыкада небары жеті нота бар, қалай ұрламауға болмайды?» деп жатады. Бірақ, бұл да әзілдеп айтылған. Себебі, музыкада нотадан бөлек ырғақ, темп, тембр, динамика деген кездеседі, бес нотада осылар басқаша беріліп, басқа аспаптармен сүйемелденуі мүмкін. Осылайша, бес нота мүлдем басқаша шығуы мүмкін. Кейде ұлы композиторлардың шығармаларында да ұқсастық деген кездеседі. Мәселен, Шопеннің «Фортепианоға арналған концерті» орыс композиторы Гурилевтің «На заре туманной юности» романсы басталар тұсына сәйкес келеді. Бірақ оны плагиат деп ешкім айта алмайды. Себебі, бұл екі түрлі музыка жанры. Сондықтан, жоғарыда айтылған нюанстар бір-бірімен сайма-сай келіп тұрса ғана плагиат туралы айтуға болады. 

- Қазіргі көп әндер бір-біріне ұқсас келеді, бір-бірін еске түсіріп жатады...

- Өкінішке орай, ондай жағдайлар жиі орын алып жатады. Көп адамдар өздерін бір-екі ән шығарғаннан кейін (нотаны білсе де, білмесе де) композитормын деп санайды. Және бір әуен туса, оны ой елегінен өткізіп, әбден пісірместен бірден шығара салады. Сұрыптаудан өтпеген әуен, әрине, бір-біріне ұқсап, арзан дүние болып шыға келеді. Меніңше, мұның бәрі музыкалық сауатсыздықтан болып жатады.

- Сұхбатыңызға рахмет. Сізге мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін!

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

3 қаңтар 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.