Атырау, 26 қараша 16:29
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Ат үстінде

10 799 просмотра

Ондаған шақырымды артта қалдырып, қарлы дала төсінде келе жатқанда алдымыздан біреуді кездестіреміз деп ойламаппыз. Кенет түйеге арба жеккен алғашқы жолаушымызбен кездейсоқ ұшырасып қалдық. Қалың киінген шаруа қызара бөрте ақсия күліп, кетіп барады. Сол бір шаттықтың лебі бізге де әсер етіп, жылқылар ауылында өткен бір күніміз керемет есте қалды.

Біздің барар қыстағымыз асфальт жолдан 20 шақырым қашықта жатыр. Айнала жым-жырт, мүлгіген тыныштық орнаған. Қала тұрғыны үшін бұл үйреншіксіз жағдай еді, ұшқан құсқа, жүгірген аңға кезікпедік. Бұлттар аспанды торлап алыпты, күн көзі көрінбейді. Сонда да көңіліміз көтеріңкі, бәрі де сол кездейсоқ кездескен шаруаның қуаныш сыйлаған күлкісінен...

 

ҚАРСАҚБАЙДА

Қарауытып қыстақ көрінді. Бұл біз іздеп келе жатқан жылқышы ауылы болатын. Әдеттегідей, «Қарсақбай» қыстағындағы алғашқы күтіп алушымыз алабай мен тазы иттер болды. Арсылдай үріп, көліктің астына түсіп кетерліктей көрінгенімен, сәлден кейін құйрықтарын бұлғаңдата бастады. Бұл достасудың алғашқы белгісі еді. Алабай тұқымдас биік ақ ит күртешемізді иіскелеп, жанымыздан айналшықтап кетпей қойды. Бір мезгілде үйден жеңіл киінген әйел шығып:

- Олар сіздерге тимейді, - деді. -Келіңіздер, кіріңіздер. Төрге озыңыздар. Отағасы қазір келіп қалады. 

Үйдің іші ұядай жып-жылы. Қызулы пештің үстінде шәйнек бұрқылдап қайнап жатты.

Бұл қыстақтың иесі - атақты малбегі Қарақойшы ЖАЛИЕВТІҢ үлкен ұлы Айтқали ЖАЛИЕВ.

- Совхоз тарағасын қалада жұмыс жасадым. Ал есейген сайын ауылға қарай тартып тұрды. Оның үстіне нағашым екеуміз мал шаруашылығымен айналысуды көптен бері ойластырып жүргенбіз. 2011 жылы сәті түсіп, «Алтын ана» шаруа қожалығын құрдық. Аллаға шүкір, аяқалысымыз жаман емес, - дейді Айтқали.

Айтқалидың жұбайы Роза ҚҰСАЙЫНОВАНЫҢ иісі мұрын жарған қызыл қуырдағы мен жылқының салқын еті, қолдан тартқан қаймағы мен тары-талқаны дастарханның шырайын келтірді.

- Жаз сайын бала, келіндеріміз келіп, шаруашылыққа көмектеседі. Бие сауып, қымыз ашытамыз, сиыр сауып, қаймақ, сүзбе дайындаймыз. Қазірдің өзінде он сиыр сауып отырмын, - дейді Роза.

Бұрын ол мектепте жұмыс жасап, бес баламен зейнетке шыққан. Екі қызы тұрмыста, екі ұлы үйленген.

- Мен Елтайға барсам, бір түрлі тынысым тарылып, берекетсіздене бастаймын, үйге бір қонбастан қырға кеткенше асығамын.

Розағатаң атысынан күн батқанға дейін мігір жоқ. Екі жақтың отын жағу, сиырларды сауу, екі мезгіл тамақ әзірлеу, үй жинау, одан қалса аула жақтағы тірліктерге араласу керек. Осылай күнделікті қайталанып отырады.

- Бұл жұмыстарға бойым үйреніп кеткен. Қозғалыссыз отыра алмаймын, бұл мен үшін спорттың бір түрі сияқты. Ешқандай диетаның да қажеті жоқ, - деп күледі Роза. – Арықтағысы келетін әйелдер бізге келсін.

Тыс жақтан оны Айтқали айқайлап шақырды. Қытайдан алдыртқан күн көзінен қуат алатын құрылғыны көрсеткісі келген екен:

 

САРЫНЫҢ ІЗБАСАРЛАРЫ

Айтқалидың қыстағынан жеті шақырым жерде көршісі Бөгенбай САРИЕВТЫҢ (суретте) қожалығы орналасқан. Бөгенбай - ата кәсіпті ұстап қалған ұланның бірі.

-Менің әкем Абат, атам Сары өмірлерін мал шаруашылығына арнаған жандар. Әкем Абат  20 жыл үзбестен жылқы баққан. Өзі ақынжанды адам болған, өлеңдері «Ғибратты ғұмыр» атты кітапқа да енген, - дейді Бөгенбай. Малшылықты 1991 жылдан бері мен жалғастырып келемін. Менен басқа сегіз қыз, үш ұл бар. Олар Атырау мен Индерборда тұрады. Біз бәріміз осы қырда өсіп-өндік. Ішінде әкемнің ісін жалғастырамын, қырдан кетпеймін деп шешкен жалғыз мен.

- Көп жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келесіз. Төрт түліктің ішінде шаруа үшін қайсысы тиімді?

- Салыстырмалы түрде қой ұстаған жеңілдеу ғой, кез келген уақытта сойып, жарата аласың. Бірақ шөбі мен жемі бар, бұл шығын. Сиыр да солай. Ал жылқыдан шығынға қалмайсың. Тұяқтының ішінде қазақ халқының жылқыны дәріптеуі тегін емес, сойсаң - ет, мінсең - көлік, кисең - киім. Алғаш қар түскеннен жылқы далаға кетеді, содан көктемге дейін далалықта болады. Кейін күн жылынғанда су үшін ғана суатқа келеді. Жылқы азығын даладан табады, шөп, жем сатып алмайсың. Қазір шаруалар жылқыны көбірек өсіре бастады. Соғымға, тойға жылқы сою -   қазақ үшін үлкен мақтаныш. Сол шығын шықпайтын жылқының жал, жая, қазы, қартасы нағыз деликатес ас қой.

- Елуден астам  жылқыңыз бар екен. Оларды қасқырдан қалай қорғайсыз?

-Ол үшін жылқының айғыры мықты болуы керек. Себебі, үйірін қасқырға бермейтін айғырлар болады. Сол үшін айғырды жиірек мініске саламын. Міністегі ат жуасып, шу мен түрлі қозғалыстарға үйренеді. Көлік көрсе, қашпайды. Бір сөзбен айтқанда, орнықтылық пайда болады. Қасқыр үйірге шапқанда мықты айғырлар қашпай, үйірін иіре ұстап, жауын салқынқандылықпен қарсы алады. Қанша жыртқыш болса да, үйірге бата алмай айналсоқтап бос жүреді, шабуыл жасай алмайды. Мен айғырларды осылай үйретемін, бөрілердің аузында кетер жабағылар бізде болмайды.

Бөгенбай бізге бұдан бөлек, жылқының басқа да ерекшеліктерін әңгімелеп берді. Жарты тарыны алыстан көретін қырағылығы, сезімталдығы мен естілігі қоса дарыған жылқы малы иесін жолда қалдырмайды. Талай рет боранда адасқанда аттың басын еркіне жіберсең, үйге өзі алып келетін сәттері болған. Тағы бір қасиеті - үйірінен төлдерін ерте бөлектеуі.

...Кешкі сағат бес. Күндізгі тірліктен белін жазбаған шаруалар осындайда үзіліс жасап, қою шай ішіп, күнделікті жұмыстарын екшелеп отырады. Бөгенбайдың келіншегі Венера екі иығынан дем алған самаурын мен қи иісі шыққан шоқаяқты алып келді. Үйдің ішін жағымды иіс жайлаған. Қандай керемет!... 

- Мен осы шаңыраққа келін болып түскенде 19жастан жаңа асқанмын. Көп жайтты біле бермейтінмін. Енем үй тіршілігіне қатысты барлық жайтты үйретіп шығарды. Мен оған ризамын. Бөгенбай екеуміздің бес баламыз бар, екі ұл институтта оқып жатыр, қалғаны мектепте, -дейді Венера.- Жаңа жылды қыстақта отбасымызбен бірге отырып қарсы аламыз. Балалар шырша құрады. Біз оларға сыйлық әпереміз. Дастархан мәзірін ешкімді араластырмай өзім дайындаймын. Қазыны өзім жасап қойғанмын.

...Көліктің дөңгелегіне ілесе қалып жатқан жолдар тым ұза-а-қ. Тағы шулы қала. Ал артта мамыражай шаруа қыстақтары. Жаңа жыл түнінде қыстақтарда да отшашулар қызылды, жасылды болып тыныш аспанда ойнап жатады. Жан-жақтағы балалары келіп, мәре-сәре болған шаруалар қуанышы қалалықтарға мүлдем ұқсамайды. Жаңа Жылқы жылы құтты болғай!

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Индер ауданы, Елтай селолық округі 

26 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.