Соңғы рет біз фототілшімен бірге Назарбаев зияткерлік мектебіне (НЗМ) 10 қыркүйекте – оқу орнының салтанатты ашылуына барған едік. Оқушылар мен ұстаздардың Gangnam Style-ды билеген бірлескен флешмобтарынан бұл мектептің ауанының өзгеше екені белгілі болды. Дегенмен, әрине, оқуға ерекше көңіл аударылады. Бұл туралы Атыраудағы НЗМ директоры Тавиля Әдиетқызы АКИМОВАМЕН (суретте) әңгімелескен едік.
МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ТЕК ЕКЕУІ ҒАНА КЕТТІ
- Сіз оқытушылардың толық штатын жинадыңыз ба?
- Солай деуге болады, бірақ әлі де орыс тілінде сабақ беретін математика пәнінің мұғалімі мен орыс тілінде оқытатын екі биолог керек. Бізде қосымша жұмыс істейтін тағы екі мұғалім бар. Олардың бірі жоғары оқу орнында дәріс береді, ал екіншісі көп жылдар бойына сабақ берген өз шәкірттерін ҰБТ-ға жеткізгенше басқа мектепке кете алмайды.
- Мұғалімдердің барлығы жергілікті мамандар ма?
- Жергілікті мамандар да, Алматыдан іріктеуден өткендер де, сондай-ақ, шетелдік оқытушылар (қазір олар 7-у, кешікпей тағы 5-уі келеді) да бар. Біздің мұғалімдеріміздің барлығы басқа қалалар мен елдерде біліктіліктерін көтеру курстарынан өтіп үлгерді. Күзгі каникулдарда 40 мұғалім Астанада біріктірілген бағдарламалар бойынша оқыды. 9 мұғалім Көкшетауда, Ақтөбе мен Шымкентте математика курстарында болып, оларды ММУ оқытушыларының олимпиадалық есептерін шешу әдістемесі бойынша оқытты. Информатика, биология және химия пәндерінен төрт мұғалім Сингапурдан ІТ-технологиясын үйреніп келді, тағы төртеуі Германиядан біздің зертханалық жабдықтарымызды пайдалану мүмкіндігін тереңдетіп оқыды. Жақында Ұлыбританиядан химия, биология мен физикадан бес оқытушы оралды. Олар Кембриджде ағылшын тілінің қарқынды курсынан өтті. Олар тілді үйренуді қашықтықтан оқыту курстарында жалғастыратын болады. Бұл оларға келесі жылы өз пәндері бойынша сабақтарын ағылшын тілінде жүргізуге мүмкіндік береді. Осы курстарда біздерден барлығы 25 пән мұғалімдері оқитын болады. Информатика мұғалімі ағылшын тілін біледі. Келесі жылы бізде 9-11 сыныптарда жаңа біріктірілген бағдарлама бойынша сабақ оқытыла бастайды. Ол пәндерді таңдау мен ағылшын тілінде оқытуды қарастырады.
- Мұғалімдерді мектепке іріктеу қатаң жүргізілді, дегенмен де бүкіл сынақтардан өткен кейбір оқытушылар әлдебір себеппен кетіп қалған екен...
- Дәл 3 қыркүйек күні бізден екі мұғалім кетіп қалды, олар НЗМ жүйесінде қабылданған мұндай режиммен жұмыс жасап үйрене алмады. Содан бері ешкім кеткен жоқ.
- Жалпы білім беретін мектептерде мұғалімдер аттестациядан өтеді, ал сіздің оқытушыларыңыз қандай өлшеммен бағаланады?
- Бізде басқа аттестациялау жүйесі жүзеге асады. 6 біліктілік деңгейі бар: мұғалім-стажер, мұғалім, мұғалім-модератор, мұғалім-сарапшы, мұғалім-зерттеуші және мұғалім-шебер. Мұғалім стажерларға екі жылдан аз тәжірибесі бар оқытушылар жатады, қалғандары – «мұғалім» позициясында. Жаңа мектепте бірінші жыл жұмыс жасап жатқан мұғалімдер өз позицияларын көтеруге өтініш бермейді.
- Жоғарғы еңбекақыдан бөлек сіздерде қандай ынталандыру жүйесі бар?
- Біздегі жалақы жалпыға білім беретін мектептерге қарағанда жоғары, бұдан басқа мерекелерде сыйақы беру жүйесі бар. Бізде сыйақылардың қатаң келісілген жүйесі жоқ, бірақ кем дегенде жылына 4 сыйақыдан беріледі. Бұдан басқа еңбек демалысына шыққан кезде жалақы мөлшерінде емдеу-сауықтыру жәрдемақысы төленеді. Жақсы позициядағы оқытушылар, мәселен, мұғалім сарапшы еңбек демалысына кеткен кезде миллион теңгедей алады.
КӨЛІК ЖАҒЫ ҚИЫНДАУ БОЛДЫ
- НЗМ-не тек №4 және №30«А» бағытындағы автобустармен жетуге болады. Ал олардың жұмысы бастапқы уақытта ата-аналар мен оқушылар тарапынан наразылықтар туғызған еді. Кейбір оқушылар уақытында оқу орнына жете алмағандықтан, мектептен кетуге мәжбүр болған деседі. Көлік мәселесі шешілді ме?
- Иә, біз жүргізушілердің тәртібімен күрестік. Кейде балаларды автобусқа мінгізуден бас тартқан кездер болды. Өйткені оқушылар мектеп сабақтары кезінде жолақы төлемейді ғой. Кейде жүргізушілер жолды қысқартып, мектепке жетпей бұрылып кетіп қалатын. Сондықтан біз мектепке келетін әр автобустың жүргізушісі біздің күзетшіміздің журналына қолын қойып, белгіленіп кетуі тиіс деп шештік. Мұндай жүйені көлік компаниясының өзі енгізді, осы журналды да олардың өздері тексереді. Жаңа жылдан кейін көлік қызметкерлері біздің желімізге бірнеше үлкен автобустарды шығаруға уәде берді. Бүгінде жағдай анағұрлым жақсарды. Біздің бағытымыз бойынша қызмет көрсететін көлік кәсіпорнымен үнемі тікелей байланыстамыз. Бұл мәселеде қалалық биліктің үлесі зор, олар біздің мектеп ауданындағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету өтінішімізге жедел әрекет етті. Қыркүйектің басында барлық қажетті жол белгілері орнатылып, белгілемелер, жаяу жүргіншілер өткелдері, жол кедергілері салынды.
Күні кеше ғана аралық қорытынды жасадық. Оқу жылының басынан бері 8 оқушы білім беру грантынан бас тартты, бірақ олар көлік мәселесіне қатысты кеткен жоқ. Бір қыз АҚШ-қа оқуға кетті, екеуі денсаулығына байланысты кетті, ал бес оқушыға оқу қиын болған. Оларға қазақ тілінде оқытылатын пәндер қиын тиді. Қай тілде оқитындығына қарамастан, Қазақстан тарихы мен география пәндері қазақ тілінде оқытылады. Тағы төрт оқушы ата-аналарымен бірге Қазақстанның басқа қалаларына көшіп кетті, бірақ олар «Назарбаев зияткерлік мектептері» жүйесінде оқуды жалғастыруда.
СҰРАНЫС БАСҚА
- НЗМ жүйесінде білім қандай жүйемен бағаланады, аралық бақылау жүргізіле ме? Қандай жағдайда оқушыларды білім грантынан айырады?
- Оқу түрлі бағдарламалар бойынша жүргізіледі. 7-8-ші сыныптар біріктірілген білім беру бағдарламасы бойынша оқиды. 9-11-сыныптар – экспериментальді бағдарламамен. Екі бағдарлама да жалпыға білім беретін мектептердегі бағдарламадан мүлдем өзгеше. Біз білімнің тәжірибеде қолданылуына көңіл аударамыз. Бұл тұрғыда балаларға өте қиын: олардың білімдері бар, ал әрі қарай олар не істейтіндерін елестете алмайды. Жалпыға білім беретін мектепте оқитын баладан белгілі бір тақырыпты не үшін оқитынын сұрасаңыз, ол қайтаратын жауап таба алмайды деп ойлаймын. Керек болғасын оқитынын, жақсы баға алғысы келетінін айтар. Біз баланы кейіннен алған білімін өз қажетіне жарата алуы үшін оқытамыз. Әр сабақ жоспарының міндетті құрамдас бөлігі өмірден алынған мысал болып табылады. Мұғалім бұл сәтті жібермеуі тиіс. Мен де, менің орынбасарларым да сабаққа қатысқан кезде, мұғалім сабақта берген білімінің тәжірибелік маңызын балаларға жеткізе алды ма, соған назар аударамыз.
Басқа кез келген мектептегі секілді әр тоқсан аяқталғанда тоқсандық бағалар, оқу жылының аяғында жылдық бағалар шығарылады. Егер баланың жылдық бағасында үштік баға үшеу болса, оның оқудан шығып кетуі мүмкін. Балалар да, ата-аналар да мұны біледі, қатты тырысады. Бірінші тоқсанның қорытындылары керемет бола қоймады: оқу үлгерімі, білім сапасы төмен болды. Балалар мұғалімнің баға қоюда қатаң екенін түсінді, ешкімге жеңілдік жасалмайды, оқушылар біртіндеп бейімделіп келе жатыр. Осы тоқсанда нәтижелер жақсы болады деп ойлаймын.
ШЕТЕЛ БІЗГЕ КӨМЕКТЕСЕДІ
- Сонда НЗМ мұғалімдерінің ғана емес, оқушыларының да шетелге оқуға бару мүмкіндігі бар болғаны ғой. Балалар қандай принциппен іріктеледі?
- Әр курсқа өз бөлу қағазы келеді. Айталық, мониторинг қорытындылары бойынша біз 9-сыныптың ең мықты он оқушысын анықтадық. Ал келер жылы олар бізде IELTS тестісінен өтетіндіктен, біз оларды Англияға тілдік курстарға жібердік. Кейбір жағдайларда бейімділік пәндер бойынша үлгерім бірінші орынға шығады, мұнда ағылшын тілі маңызды емес. Мұндай жағдайда біз физика, химия, математика пәндері бойынша үздік оқышыларды іріктеп жібереміз. Біздің балаларымыз жақында Кембриджден оралды, бірнеше оқушылар Сингапурдан оқып келді, тағы 10 адам сол жаққа кетпекші. Біздің балаларымыз биология курстары бойынша Мәскеуде де болды. Белоруссияда олар физикадан олимпиада есептерін оқып білді. Таяуда ғана 5 бала Англия мен Швейцариядан оралды.
- Оқушылар мектепте күні бойына таңертеңгі 9-дан бастап, кешкі 5-ке дейін болады. Оларға үй тапсырмалары беріле ме?
- Негізгі және қосымша сабақтар 15.40-қа дейін өтеді, күн сайын оларда 8 сабақтан болады. Үй тапсырмасын аз беруге тырысамыз, бала бұрын алған білімдерін пысықтауы тиіс. Сабақтан кейін балаларда үйірме жұмыстары, секциялар басталады. Біз балаларды жан-жақты тәрбиелеуге көңіл бөлеміз, олардың футболмен, үстелүсті теннисімен, волейболмен, күреспен айналысуларына, өзін өнерде байқап көрулеріне мүмкіндіктері бар. Мектебіміздің командалары Оралдағы, Ақтөбедегі спартакиадаға қатысты, тіпті жеңімпаздар қатарына енді. Қысқы каникул кезінде Шымкентте арт-фестиваль өтеді, соған қатысуды жоспарлап отырмыз.
МАМАНДЫҚ ҮШІН ҚАЖЕТТІ НӘРСЕ
- 2015 жылы Қазақстанның білім беру жүйесі 12 жылдық білім беру жүйесіне көшеді. Бірінші кезекте қайта құруды кіші мектеп звеносы күтіп отыр. НЗМ-де балалар 7-сыныптан бастап оқиды, бірақ өзгерістер сіздерге де қатысты шығар...
- Біздің 9-шы сынып оқушылары 11 сыныпты аяқтайды. Ал 7-8 сынып оқушыларына 12 жыл оқу керек болады. Сондықтан қазір олар жалпыға білім беру мектептерінде оқығандарының көпшілігін қайталап оқуда. Бастапқыда бұл біздің ата-аналарымызды аздап алаңдатты, бірақ бүкіл дүние жүзінде қабылданған стандарт осындай. 11-12 сыныптарда пәндерді анағұрлым терең оқу басталады, балалар бұған психологиялық тұрғыда да, физиологиялық тұрғыда да дайын болуы тиіс. 11 сыныпта біз оқушыларға бірнеше профильдердің бірін таңдауға мүмкіндік береміз. Олар: химия-биологиялық, физика-математикалық және т.б. Оларға қарапайым мектептегідей 15 пәннен оқуға тура келмейді. Тек 10 пән ғана болады – міндетті бірнеше пәндер, таңдалған пәндер және дене шынықтыру. Олар тек болашақ мамандығына қажетті болатын пәндерді ғана таңдайтын болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ