Біз, әдеттегідей, «АЖ» газетін парақтап, өткен жылға қорытынды жасаймыз. Күн сайынғы қарбаласпен жүргенде күйбің тірлік, адамдардың ақымақтығы, біреудің бақыты мен қайғысы ұмытыла береді. Қайғы туралы айтпай-ақ қояйық, күйбің тірлік те ұмытылсын, ал 2013 жылы орын алған жақсы нәрселерді жымия еске алып, жарамсыз қылықтарға күлетін кез жетті.
ЖЫЛ ҚҰТҚАРУШЫСЫ
Биылғы жылдың шілдесінде «Мұнайшы» бассейнінде 12 жасар Аида ХАМЗИНА суға шашалып қалды: ол су түбінде ұзақ уақыт қалып қойды. Оны бортқа алып шыққан кезде қыздың бойынан тіршілік белгісі байқалмады. Ал бассейн құтқарушылары құтқаруға дайын болмай шықты. Сол кезде бассейнге келген Әсел ЗҮЛПІБЕКОВА үрей мен қорқынышқа бой алдырмай, өмірінде алғаш рет мектепте үйренген жүрекке тікелей емес массаж жасау мен жасанды тыныс алдыру дағдысын қолданды. Қыз тыныс алып, көзін ашты. Әселдің әрекеті туралы ТЖ органдарына аман қалған Аиданың риза болған ата-анасы хабарлады. Құтқарушылар мерекесінде Әсел «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталған жалғыз ғана «азаматтық тұлға» атанды.
ЖЫЛДЫҢ ФЕНИКС ҚҰСЫ
Бұл жан қалыптасқан аңызды өзінің үлгісімен жоққа шығарып, бір орынға екі мәрте отырды. 2012 жылдың сәуірінде (бұрынғы облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ тікелей бұйрығы арқылы деседі) «Өзінше билік ету» бабы бойынша заңсыз сотталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВ биылғы жылдың ақпанында облыстық әкімдікке қайта оралып, қайтадан әкім орынбасары болып тағайындалды. Естеріңізге салсақ, Рысқалиев отставкаға кеткеннен кейін Нақпаевтың ісі қайта қаралып, 2012 жылдың қыркүйегінде ол толықтай ақталып шықты.
ЖЫЛДЫҢ ҚАЙСАР ҚАРТЫ
Олардың қатары күн сайын сиреп барады. Ал Құрманбай ДОСЫМБЕТҰЛЫ мықты жаңғақ болып шықты, егде жасы мен алған жарақаттары оны мұқата алмады. Есте сақтау қабілеті керемет 90 жастағы ақсақал өзінің өмірбаянындағы әрбір күнді ұмытпаған секілді. Бұрғылаушы болып жүрген кезде майданға аттанып, аузына оқ тиіп, емделгеннен кейін майданға қайта оралып, қайтадан жарақаттанған. Үйіне балдаққа сүйеніп келіпті. Бірақ мүгедектік алудан бас тартып, қайтадан бұрғылау кәсібіне кіріскен... Соғыс, мұнай саласының ардагері, көп балалы әке әрі ата өмірге құштар жан. Тұл қалған ол екі мәрте шаңырақ көтерген, биыл үшінші рет үйленіпті. «Мәскеу көз жасына сенбейді» фильмінде «40 жаста өмір енді ғана басталады» демей ме? 90 жаста да ол аяқталмайтын секілді. Маяковскийге түрлі көзқараспен қарауға болады, алайда Құрманбай ата секілділерге: бұл адамдардан шеге жасар ма еді дегенді одан басқа дәл етіп ешкім де айтпаған еді.
ЖЫЛДЫҢ КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛУІ
2013 жылдың 11 қыркүйегінде Қашаған кенішінде көптен күткен мұнай өндіру жұмысы басталды. Алайда екі аптадан соң алғашқы өндірілген мұнай баррельдерінің қуанышын газ құбырынан газ кету оқиғасы су сепкендей басты. Осылайша агрессиялы қашағандық күкіртсутек жоғары сапалы жапондық болатты әп дегеннен «жеп қойды». Бағымызға қарай, газдың кеткені тез анықталды. «Желінген» құбырдың бөлігін ауыстырғаннан кейін мұнай өндіруді жалғастырды. Бірақ, үш күннен кейін қайтадан тоқтатты, тағы да газ кетіп қалыпты. Әрине, сол құбырды төседі ме деген күмән туады. Басты шытырман осында болып тұр. Кембридж дәнекерлеу институтының мамандары мен «ақылды доңыз» деп аталатын тазартуға және диагностика жүргізуге арналған арнайы тұрбаішілік құрал осы сұраққа жауапты беруі тиіс. Әзірге NCOC газ құбырындағы газдың кетуіне сульфидті қосылыстардың (SSC) әсерінен құбырдың шытынап кеткені тікелей себеп болды деп мойындады. Бұл болжам біздің жарияланымдарда осы зерттеулер басталмас бұрын айтылған еді. Қашағандағы коммерциялық мұнай өндіру осылайша келесі жылға көшеді. Өзімшілдік болғанымен, бұған атыраулықтар риза болды: жоба жұмыстарының сапасы енді үлкен күмән тудырады. Сондықтан ешкім де «Қашаған» сынағына қатысушы болуға асықпайды. We are sorry, инвестор мырзалар мен үкіметіміз. Сарапшылар Қашағандағы мұнай өндіруді тоқтату салдарынан экономиканың дамуы баяулайды деп жорамалдап отыр.
ЖЫЛ ПЛАГИАТЫ
Бұл жыл бізге, «АЖ» ұжымы үшін біздің аттасымыздың – «Ақ Жайық kz» журналының пайда болуымен есте қалды. «Ақ-Жайық» газетінің бас редакторы Рахымжан ОТАРБАЕВТЫҢ» таяуда президент Назарбаевтың атынан «Парасат» орденімен марапатталуы БАҚ туралы заңның бұзылуының шарықтау шегі болды. Бүкіл жауапкершілікпен мәлімдеуге өкілеттіміз: газет - олардікі емес, ал редактор – біздікі емес.
ЖЫЛ АЙБОЛИТІ
Адамдардың әртүрлі болғаны қандай жақсы. Біреулері партияны жаны сүйсе, енді біреулері иттер мен балаларды жақсы көреді. Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ та қалаға танымал тұлға. Шоумен, кәсіпкер, медиакейіпкер, ит өсірушілер клубының директоры және жүрегі ашық жан биыл өзінің төбеттері Федя және Форбспен ең қорғансыз жандарды – аутизмге шалдыққан, психикалық дамуы кешеуілдеген және сал ауруына шалдыққан балаларды қамқорлығына алды. Ол өздігімен канистерапияны: арнайы үйретілген иттермен адамдарды емдеуді және оңалтуды игеріп, қолданысқа енгізді. Медицинада «ит терапиясы» курсынан өткен церебралды сал ауруына шалдыққан балақайдың жағдайы әжептәуір жақсарғандығы туралы жағдай ресми түрде тіркелген. Бір кездері қозғала алмайтын сәби бүгінде әдеттегі мектепте оқиды. Елгезек жүректі қара лабрадорлар Федя мен Форбс балаларға кәсіпқой ауру күтушілер секілді шыдамдылықпен қарайды. Ерлан топтық сабақтар өткізеді, ал кейбір кішкентай пациенттердің үйлеріне екі төбетімен бірге өзі аяқтай барады. Міне, осындай сезімтал команда. Ерлан бұл ісіне ақша алмайды және осы іспен балаларға қанша қажет болса, сонша уақыт айналысуға уәде берді.
ЖЫЛ АНАСЫ
Салмағы 300 келі болатын аналық балықты көктемгі балық аулау маусымы кезінде «Амангелді» өндірістік кооперативінің балықшылары ұстады. Атырауда Балықшылар күні нағыз мерекеге айналды. Салмағы бір тонна болатын 6 метрлік қортпа балығы ұсталды. «АтырауБалықтың» мұздатқышында тас болып қатып қалған игілік жыл сайын жеке жүк тиейтін көлікпен жарыққа шығатын. Адамдар осынау алып балыққа сүйсіне қарады. Мұндай балықтар біздің суларымызда көптен бері жоқ, биыл ауланған уылдырықты қортпа сенсацияға айналған болатын. Одан алынып, бөшкеге салынған уылдырыққа тамсандыртқан сезімді Үлкен бекіренің өлімі бұзып жіберді. Алайда бір нәрсе ғана көңіл жұбантады: ол болашақ үшін өлді. Сол күні оның жарты миллиондай уылдырығы зертханалық жағдайда ұрықтандырылып, жаңа өмір бастады.
ЖЫЛ КОНЦЕРТІ
1 000 күйшінің мамырдағы концертінің арқасында классикалық мектептің халықтық музыкасы майданында тағы бір музыкалық жетістік бізге тиесілі болды. Іс жүзінде жинақты оркестр 20 түрлі музыкалық ұжымның 1 008 музыкантынан құралды. Стандартты стадионның алаңына сансыз музыканттардың жиналуы әсерлі көрініс болатын. Мұнымен тіпті Гиннес де келісті. Соның атынан Қазақстанның өзгеше жетістіктері кітабының өкілі фестивальға сертификат табыстады.
ЖЫЛ ДЕБЮТАНТЫ
Бұл, әрине, біздің жерлесіміз, акриса әрі ару қызымыз Динара БАҚТЫБАЕВА. Өзінің алғашқы (соңғысы емес екені сөзсіз) кинорөлін ол осы өнердің тынысы арқылы алған екен: әлдебір көрмеде оған жақындап келіп, киноға түсуге ұсыныс жасапты. Ол мұны шынайы қабылдамаған, алайда аз бюджетті жастар фильмі оны нағыз абырой-атаққа бөледі. «Сен және Мен» атты романтикалық комедия прокатқа шыққаннан кейін Алматыдағы жоғарғы оқу орнының студенті танымал болып оянды: оны көшеден танып қалып, қолтаңба сұрап, кастингтерге шақыратын болды. 300 мың доллар бюджетке түсірілген атышулы картина прокаттың бірінші аптасында-ақ өзін ақтап алды. Болашақ байланыс инженері грант бойынша Алматы энергетика және байланыс университетінде оқиды, түсірілім үшін оқуын құрбан етпепті, киноға каникул кезінде түскен екен.
ЖЫЛ МЕЦЕНАТЫ
Жақын арада ғана біз Атырау қаласының қайырымды жандарына алғаш рет көрсетілген құрметке куә болдық. Алайда неліктен екені белгісіз, «Жыл меценаты» медалі табысты кәсіпкер, депутат және облыстық мәслихаттың бюджет комиссиясының төрағасы Әділ ЖҰБАНОВҚА бұйырмады. Жұбанов бұрын да біздің жарияланымның кейіпкеріне айналған еді. 10 жыл бұрын ол редакцияның үндеуіне алғашқылардың бірі болып жауап беріп, тіпті үйі өртеніп кеткен бейшара әйел үшін шағын ғана үй салып берген болатын. Бірақ биыл Әділ Жұбанов жаңа деңгейге шығып, билік етуші «Нұр Отан» партиясының адал мүшесі ретінде өзінің саяси «анасы» мен әкесіне жомарт сыйлық тарту етті. Атыраулық «Нұр Отан» филиалы үшін Пушкин көшесінен құны 45 млн теңге тұратын кеңсе салып берді. «Меценат» деген сөздің мағынасы: ғылым мен өнерді дамытуға қолдау көрсететін риясыз қамқоршы, бұл үшін ол өз қаржысынан материалдық көмек бөледі. Мен осы сөзге 19 синонимді санап шықтым. Кем дегенде оның сегізі Әділге лайық екен: мейірбан, қамқоршы, жанашыр, ізгі, демеуші, жарылқаушы, игілік іске қаржы беруші және т.б. Солай бола тұрса да, оның неліктен медальсіз қалғаны түсініксіз.
ЖЫЛ ИМИТАТОРЫ
Қадырбек НАЗИРОВ оңтүстік кореялық әнші PSY-дың (Псай) әні бойынша дүниежүзілік пародияға өз үлесін қосты. Атыраулық жігітке лайықты бағасын беру керек: аяғын тыпырлата күлкілі билеген толық жігіттің бейнебаянына осы жылы екі пародия жасаған Қадырбектің клипі ютубта бір жарым миллионнан астам мәрте қаралған.
ЖЫЛ МАСКАРАДЫ
Белдемше киген полицей ме? Өмірде не болмайды дейсіз. Біздің журналистеріміз Тельман көшесі, 5 мекен-жайындағы зардап шеккен үйден үш актілі қызықты қойылымды тамашалады.Бұл үйде көп жылдардан бері көне кәсіптің өкілдері үй жалдайды. Классикалық романдардағы кейіпкерлерден айырмашылығы олар өздерінің кәсіптерін жасырып, іштеріне сақтамайды. Сол күні әлгі пәтерге қызмет көлігімен тағы да екі полицей аяқ басты, олардың түнгі кезекшіліктен демалғысы келгендері көрініп тұр. Тұрғындар жолы болғыш аңшының аңы алдынан шығадының керін келтіріп, журналистерді шақырды. Қосымша келген полицияның екі жасағы мен жезөкшелер тұзаққа түскен формалы клиенттерінің абыройын сақтау үшін тұтас жоспар жасады. Алайда трагикомедияның соңғы актісіндегі кейіпкерлердің шығу көрінісі тіпті көпті көрген көрермендердің өздерін қайран қалдырды. Тәртіп сақшылары подъезден әйел киімін киген күйінде жүгіріп шықты. Шерше ля фам!
ЖЫЛ ТӨБЕЛЕСІ
Осынау бейнетаспа прокаттағы кинокартиналарға едәуір бәсекелестік тудырды. Біздің сайтымызда жарияланған қыздардың тұмсық бұзған төбелесінің жұртшылық пікірін тудырғаны сондай, полиция екі кейіпкерді іздеп тапты. Олар түрлі өңірлерден келген, тіпті көрші елдерден келген, бірақ мүдделері ұқсас (олар Атырауға табыс табу үшін келген) жас әйелдер болып шықты. Алайда сол қырсық шалған күні олардың арасынан әлдебір мысық (немесе олар бөлісе алмаған еркек мысық) өтіп кеткен. Тапа-тал түсте, дүйім жұрттың көзінше, екі қыз үшіншісін аяусыз ұрып-соққан. Полицияға зардап шегушіден ақыры арыз түспепті, алайда жұртшылықтың реакциясына абыржыған полиция қылмыстық істі қозғау үшін ақыры негіз тауыпты. Нәтижесі: іс тараптардың ымыраласуымен аяқталған, зардап шегуші сот залында серіктеріне кешірім берді.
Дайындаған Зульфия БАЙНЕКЕЕВА