Жаңа жыл қарсаңында «АЖ» Қазақстанның жетекші сарапшыларына хабарласып, өткен жылға баға беріп, алдағы 2014 жылға болжам жасауды өтінген еді.
Досым СӘТПАЕВ, «Саяси тәуекелдерді бағалау тобы» консалтингтік талдаушы ұйымының директоры, арнайы "АЖ" үшін.
ОЛ НЕГЕ ҮНДЕМЕЙДІ?
Егер 2013 жылдан алған әсерді бір сөзбен жеткізетін болсақ, бұл көңіл тойдырмайды. Өзінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру тұрғысынан бүкіл бағыт бойынша ел алға қозғалғаннан гөрі, бір орында тұрып қалды. 2013 жылы саяси өмір де қызықты болмады. Бұл қазіргі президент саясаттан кеткеннен кейінгі елдің келешегі туралы ең басты сұраққа жауаптың берілмеуіне байланысты. Ерте ме, кеш пе, мұның орын алатынын бәрі де түсінеді, бірақ биліктің ауысу механизмінің сұлбасын көпшілігі бірнеше жыл бұрын көргісі келген еді. Айтпақшы, 2013 жылдың аяғында рейтингтік Standard&Poors агенттігі былай деп мәлімдеген болатын: «...саяси шешімдерді әзірлеу мен жүзеге асыру процесін асқақтата бір орталыққа шоғырландыруға байланысты екіұштылық, сонымен қатар президент билігін табыстау сипатына қатысты көмескілік жоғарғы саяси тәуекелді тудырады».
Осылайша, уақыт факторы көптен бері Ақ Ордаға қарсы рөл атқаруда және 2013 жыл айқындылық енгізбеді. Бір қызығы, биылғы жылдың наурызында елбасы Израилға аяқ басқан кезде, осы сапардың басты мақсаттарының бірі емделу болыпты деген ақпарат тағы да пайда болған еді. Өз денсаулығы туралы бүкіл әңгімелерге жауап ретінде, президент қазан айында дені сау екенін және 2016 жылдың желтоқсанына дейін жұмыс жасауға әзір екенін мәлімдеді. Бірақ бұл елбасының билік мирасқорлығына қатысты ойластыру үшін уақыт созып жатқанын ғана білдіреді. Бұл артықшылықтан гөрі, кемшілік болып табылады. Өйткені, «Адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады» деген мәтел бар ғой.
ЕСКІ ҚҰРЫЛЫМ
Басқа саяси оқиғаларға келер болсақ, мәселен, үкіметтегі кейбір кадрлық ауыс-түйістер секілді олардың кейбірі, ескі карт колодасын араластыруды еске түсірді. Шынымен де, алдымен қаңтар айында ҚР өңірлік даму министрлігі құрылды, оған басқа мемлекеттік құрылым қызметінің бір бөлігі берілді. Министрлік басына Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫ қойды, ол сонымен қатар ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары лауазымына да тағайындалды. Содан соң қарашада Бақытжан Сағынтаев министр лауазымынан кетіп, жай ғана вице-министр болды. Өз кезегінде бұрынғы қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВ өңірлік даму министрлігіне басшылық етті, ал оның лауазымына К.Мәсімовтің кезінде үкіметте жұмыс жасаған Бақыт СҰЛТАНОВ тағайындалды. Осы өзгерістердің барлығы үкімет тарапына айтылған президенттің қатаң сынынан кейін орын алды. Алайда, жанама түрде, бұл сын қазіргі премьер-министр Серік АХМЕТОВТІҢ тарапына ғана емес, бұрынғы үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВКЕ де қатысты тұспалданып айтылды. Ол үкімет басшысы боп тұрған кезде елдің индустриалды-инновациялық даму шеңберінде көптеген бағдарламалар жасалған болатын. Әдеттегідей, бұл бағдарламалардың барлығы тек алдампаздық, көзбояушылық рөлін ғана атқарды.
Аппарат ойындарының нәтижелерінің бірі - Григорий МАРЧЕНКОНЫҢ Ұлттық банк төрағасы лауазымынан кетуі және оның орнына экономикадағы мемлекеттің бақылаушы рөлін күшейтуді жақтайтын бұрынғы вице-премьер Қайрат КЕЛІМБЕТОВТІҢ тағайындалуы болды. Сондықтан да қазір қазақстандық банктер Ұлттық банк елдің қаржы секторын бақылау саласында анағұрлым көп өкілеттікке ие болады деп қауіптенеді.
ФОРС-МАЖОР ТҰЛҒАЛАРЫ
Парламенттің жоғарғы палатасы мен ҚР Жоғарғы сотындағы орын ауыстырулар анағұрлым қызықты болды. Парламент Сенатының жаңа спикері болып бір кездері осы лауазымда қызмет атқарған Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ тағайындалды. Қалай дегенмен де, Конституция шеңберінде Сенат спикері президенттен кейінгі екінші адам болып табылады. Саяси форс-мажор болған жағдайда ол елбасын алмастырады. Бұрынғы спикер Қайрат МӘМИГЕ келер болсақ, оны Қазақстанның Жоғарғы Соты төрағасының орнына тағайындады. Сенаттың кез-келген спикерінің және Жоғарғы соттың кез-келген төрағасының билік мирасқорлығы механизмін де және биліктің заңды және сот саласының қолдауын қажет ететін болашақ мирасқордың да легитимділігін (заңдылығын) қамтамасыз етуі тиіс болатыны түсінікті. Сондықтан осы кадрлық ауыс-түйістерге назар аудару керек.
ҚОЛШАТЫР ДАУЫЛДАН ҚОРҒАЙ АЛМАЙДЫ
Елдегі ішкі саяси ахуалға келсек, бір жағынан, кей кездері биліктер наразылықтардың көбеюіне өздері жол берді. Мәселен, қоғамда жағымсыз реакция тудырған зейнетақы реформасын жүргізудің сәтсіз әрекетін айтуға болады. Нәтижесінде «таяқ жеген бала» рөлін жақсы ойнаған ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік ӘБДЕНОВ отставкаға кетті. Екінші жағынан, қауіпті ахуал сақталып қалды. Билік те, оппозиция да елде қандай наразылық ықтималдылығы бар екенін нақты білмейді. Мысалы, мейлі ол Алматыдағы Қайрат Нұртастың концертіндегі жастар бүлігі болсын, «Әділ декреттік үшін» қозғалысы секілді жаңа наразылық қозғалыстарды құру болсын, немесе діни оппозиция жағында әскери ұрыстарға қатысу ниеттері туралы мәлім еткен Қазақстан азаматтарының Сирияда пайда болуы болсын, ол әр алуан және әртүрлі пішінде көрініс береді. Мұның бәрі, 2013 жылы тосын беймаза жайттар көбейіп, іс жүзінде елдегі ахуалды биліктің бақылай алмайтындығын білдіреді. Бұл таң қаларлық жайт, өйткені соңғы бірнеше жылда Қазақстанда әрқайсысы тұрақтылық пен тәртіпті сақтау үшін жауап беретін «қолшатыр» құрылымдарын құру арқылы Ақ Орданың осы бақылауды күшейтуге әрекет еткенін байқауға болады. Олардың кейбірі, мысалы, «Нұр Отан» партиясы секілді құрылым көп уақыттан бері бар. Басқалары бірнеше жыл бұрын ғана құрыла бастады. Мәселен, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры. Енді шағын, орта және ірі бизнеске жетекшілік ететін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы немесе жақында құрылған қомақты қаржы ресурстарын мақсатты түрде шоғырландыратын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры секілді басқалары биыл пайда болды. Бұдан басқа, ақпарат алаңына бақылау жасайтын «Нұр Медиа» медиялық холдингі, сонымен қатар үкіметтік емес ұйымның әжептәуір бөлігін бақылауға алған Азаматтық альянс бар. Осы «қолшатырлардың» барлығының басты мақсаты – саяси және экономикалық жүйелердің басқарылуын қалпына келтіру. Бірақ бұл олардың қолдарынан келе қояр емес.
Қазақстан Бас прокуратурасының президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат ӘЛИЕВТІҢ (қазіргі Рахат ШОРАЗ) оппозициялық саясаткер Алтынбек СӘРСЕНБАЕВТЫҢ өліміне қатысы бар деген жаңа айыптауларына байланысты, 2014 жылы Астана мен бұрынғы күйеу баланың арасында жаңа ақпараттық соғыс басталатындығын жоққа шығаруға болмайды. 2013 жылы анық тыныштық орнаған еді. Бірақ Рахат Шораздың әшкере материалдар қоры әлі жеткілікті. Бәлкім ол Қазақстан басшылығына деген сенімді жою үшін қолданылатын шығар.
АСТЫРТЫН ҚЫЗМЕТКЕ КЕТЕДІ
Қазақстандық оппозиция лагерінде өткен жылы кезекті саяси жікке бөліну орын алды. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) «Азат» партиясымен бірлесуден бас тарту туралы шешім қабылдады. Оппозицияның осылайша жаңа жікке бөлінуі наразы топтардың көз алдында өздерінің беделдерін қатты түсіріп қана қоймайды, бұл өзінің күшті оппоненттері мен лайықты бәсекелестері жоқ екенін көптен бері мәлімдеп келе жатқан билік қолындағы қосымша көзір болып табылады.
Алайда екі қауіптісі, тіркелген және заңды жұмыс жасап тұрған оппозициялық партиялар ықпалының әлсіреуі - наразы көңіл-күйлердің бір бөлігінің анағұрлым радикалды салаға, соның ішінде экстремистік қызметпен байланысты салаға ауып кетуіне соқтыруы мүмкін.
ИНЕ ҰШЫНДА
Экономикалық ахуалға келер болсақ, біздің шикізат секторына кіріптарлығымыз 2013 жылы төмендеген жоқ. Қазақстан экономикасының даму сценарийінің көпшілігі, мейлі ол үшжылдық бюджетті қалыптастыру немесе жалпы ішкі өнімнің өсуі болсын, әлі ұзақ уақыт бойына мұнай бағасымен байланысты болады. Мұны Қашаған төңірегіндегі дүрлігіс растап отыр. Ол жерге алдымен қытайлықтар келді, содан кейін мұнай өндіруді бастаудың алғашқы әрекеттерінен кейін техникалық проблемалар басталды.
Экономиканың басқа салаларында да зор жетістіктер болмады. Мұны, айтпақшы, үкімет пен әкімдер тарапына айтылған президенттің сыны көрсетті. Сынның өзі белгілі бір «созылмалы» проблемалардың констатациясы ғана болды. Олар: бюджет қаржыларының игерілмеуі немесе оларды тиімсіз пайдалану, сыбайлас жемқорлықтың жоғарғы деңгейі және әсіресе, өңірлердегі көптеген мемлекеттік бағдарламалардың сәтсіздігі.
КО ПЕН ДСҰ: АЛДЫМЕН КЕМШІЛІКТЕР...
2014 жылдың болжамына келер болсақ, келесі жылы Ақ Орда билік ауысымының ықтимал сұлбасын белгілеуі мүмкін деп үміт артқымыз келеді. Бұл проблеманы әрі қарай соза беру қауіпті. Үкіметке келер болсақ, ҚР премьер-министрі Серік Ахметовтің жағдайы анғұрлым тұрақсыз болып табылады. Биылғы жылы үкіметке қуатты ақпараттық шабуыл жасалғаннан кейін оның өз орнынан тез кететіндігі туралы болжамдар туындады. Алайда президент әзірге оны премьер-министр лауазымынан кетіруге асығар емес. Бұл тежеулер мен қарама-қарсылық жүйесі шеңберінде элитаішілік балансты ұстаудың дәстүрлі тәжірибесіне байланысты болып отыр. Яғни, С.Ахметов әзірге уақытша карт-бланш алды, алайда, ол өте көп емес секілді. Оның үстіне, 2014 жылы қазақстандық үкіметте тағы бір салмақты сынақ болмақ. Бұл республиканың Дүниежүзілік Сауда Ұйымына (ДСҰ) кіру ықтималдығы туралы болып отыр. Оның үстіне ДСҰ-ға кіргеннен Қазақстанның күтетін артықшылықтары әзірге жалпылама сипатта және ұзақ мерзімді келешекке жоспарланған. Мұндағы кемшіліктер тікелей және қысқа мерзімді ықпалға ие. Мұның себебі қарапайым ғана. Қазақстан көптеген елдерді тек өз өнімдерін өткізу нарығы және әлемдік экономиканың шикізат шылауы ретінде ғана қызықтырады.
Кеден Одағы аясындағы республиканың ағымдағы ұстанымына қатысты сұрақтар да аз емес. 2013 жылы Қазақстан, Ресей және Белоруссия арасында біршама экономикалық келіспеушіліктер туындаған еді. 2014 жылы бұл келіспеушіліктер, әсіресе, 2015 жылы Еуразиялық экономика одағын құру тұрғысында шешілмейді деп ойлаймын.
ИРАНДЫҚФАКТОР
Ал шикізат нарығында қазақстандық үкімет емес, бағалар конъюнктурасы ел ішіндегі экономикалық процесстердің басты реттеушісі болып табылады. Бізде тіпті ел бюджеті мұнай бағасына байланысты жасақталады. Мәселен, Қазақстанның 2014-2016 жылдардағы бюджетінде мұнай бағасы барреліне 90 доллар мөлшерінде салынған. Шикізат бағаларының құлдырауы немесе шарықтауы көп нәрсеге, соның ішінде болжап болмайтын, әлемдегі экономикалық және саяси факторларға байланысты екенін ескерсек, біздің үкіметіміздің ұзақ мерзімді шешімдерді қабылдау кезінде дербестігі шектеулі. Олардың стратегиялық бастамалары жоқ. Оның үстіне, қазір ОПЕК аясында Иран мен Сауд Арабиясының алауыздығын мұқият бақылауға алу керек. Мәселен, 2013 жылғы желтоқсанның басында Иранның мұнай министрі, егер Сауд Арабиясы ОПЕК-тегі өз үлесін азайтпаса және Иран мен Ирак мұнайы үшін орын босатпаса, елдегі баға соғысын тұтандырып, мұнай құнын, оны өндіруді арттыру есебінен, барреліне 20 долларға дейін төмендетуге әзір екенін мәлімдеді. Айтпақшы, Тегеран 2014 жылы Батыс тарапынан Ираннан экономикалық санкциялар ішінара алынады, бұл елге мұнай өндіруді арттыруға мүмкіндік береді деп үміт артады. Қалай еткенде де, мұнай бағасының 50-60 доллардан төмен құлдырауы Қазақстан үшін проблемаға айналады.
Сондай-ақ, 2014 жылы Қашағанға қатысты жағдай түсініксіз болып қалады. Қашаған кенішін игеруге қатысатын шетелдік компаниялар мен Қазақстанның мемлекеттік құрылымдары арасында қазірдің өзінде мұнай өндіруді жаңарту мерзімдеріне қатысты қарама-қайшылықтар туындап отыр. Мәселен, ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Қашағандағы мұнай өндіруді ағымдағы жылдың желтоқсанында күтетіндігін мәлімдеді. Өз кезегінде, Wall Street Journal мәліметтері бойынша, кеніштегі мұнай өндіру жұмыстары 2014 жылдың бірінші жартысынан бұрын іске қосылмайды. Әрине, Қашағанда коммерциялық мұнай өндірудің кешеуілдеуі қазақстандық үкіметтің алаңдаушылығын тудырады. Өйткені, 2014 жылы елдегі жалпы ішкі өнімнің өсуін қашағандық мұнаймен байланыстырған еді.
Теңге бағамына келер болсақ, ұлттық валютаның баяу девальвациялану процесі басталып кетті және ол 2014 жылы жалғасатын болады. Бұл процесске көптеген факторлар: шикізат бағасының конъюнктурасы да, көрші Ресейдегі ахуал да, ҚР Ұлттық банкінің жаңа саясаты да әсер ететін болады.
АУҒАНДЫҚ ФАКТОР
Елдегі ішкі саяси ахуалға келер болсақ, әлеуметтік ширығу үдеп, түрлі пішінде бой көрсетеді деуге болады. Бұл бағыт көптен бері байқалып келеді. Биліктің наразылықтардың алдын алу үшін тиімді механизмдері жоқ. Мұндай наразы топтардың өте көбейіп кетуі проблема болып отыр. Олар әр алуан. Бірін тек әлеуметтік-экономикалық проблемалар толғандырса, екіншілері саяси талаптарға ден қояды. Үшіншілері астыртын әрекет етіп, қоғамның анағұрлым радикалды бағыттағы бөлігімен, ең алдымен, жастармен жұмыс істегенді жөн көреді.
Ауғанстанда АҚШ-тың және оның одақтастарының әскери қатысуын едәуір қысқартуға байланысты 2014 жылы бүкіл Орта Азия, соның ішінде Қазақстан үшін белгілі бір қауіп-қатер бар. Осыған байланысты, Өзбекстан, Тәжікстан және ішінара Ресей мемлекеттері Орта Азия аумағына құрамында өңірдің түрлі елдерінің өкілдерінен, соның ішінде Қазақстан азаматтарынан тұратын Ауғанстанның лаңкестік топтарының басып кіру қаупі төнуі мүмкін екендігін мәлім етті.
Бір қызығы, БҰҰ-ныңОрталық Азия бойынша Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссарының өкілі Сабер АЗАМ таяу арада Ауғанстаннан әскерилер шығарылғаннан кейін бұрынғы кеңестік мемлекеттер кеңістігіне босқындардың көп мөлшерінің ағылатынын мәлімдеді. Оның деректері бойынша, 6 мыңдай ауғандық босқын ретінде шекарадан өтуге әзір екен. Әңгіменің тек Орталық Азия туралы ғана емес, Ауғанстанмен шекаралас басқа елдер туралы да болып отырғаны түсінікті. Дегенмен, егер Сабер Азамның болжамы расталса, ауған босқындары үшін Тәжікстанға немесе Өзбекстанға қарағанда, Орталық Азияның анағұрлым тартымды елдерінің бірі Қазақстан анағұрлым экономикалық тұрғыда қолайлы болуы мүмкін. Алайда проблема ауған босқындарының өздерінің көші-қонында ғана емес. Биыл Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздігі комитеті Қазақстаннан кеткен жүзден астам адам түрлі шетелдік лаңкестік ұйымдардың жағында, негізінен Ауғанстанда соғысып жүргенін мәлімдеді. Бұл ақпаратты Ресейдің арнайы қызметі ұсынғандығы мәлім етілді. Шамасы, қазақстандық азаматтарды тартумен, негізінен ресейлік Кавказдағы адамдар айналысатындықтан шығар. Осыған байланысты Орталық Азияда көп мөлшерде ауған имигранттарының (олардың ішінен өңірге лаңкестік ұйымдардың мүшелері кіріп кетуі мүмкін) пайда болуы, босқындарды орналастыруға кететін қосымша қаржылай шығындарға қарағанда анағұрлым маңызды проблема екендігін көрсетеді.
Дайындаған Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Жалғасы бар...