Атырау, 26 қараша 14:27
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Билік үйіңе қарауылшы емес пе?

2 598 просмотра

Редакцияға қала тұрғыны Анна ДМИТРИЕНКО хабарласып, өзінің қалай баспанасыз қалғандығы туралы таң қаларлық хикаяны баяндап берді.

 

ХИКАЯҒА ТОЛЫ ҮЙ

Әйелдің айтуынша, өзі тұрған ескі базар маңындағы Балғымбаев көшесі, 47 мекен-жайындағы 4 пәтерлі үйді 2010 жылы күреп тастап, жер телімін мемлекет мұқтаждығына алған екен. Күрелген кезде ол жолда жүріпті, келсе, үйі жоқ. 

- Мен декоративті-қолданбалы өнермен айналысамын және қызмет түрі бойынша қаладан бір ай-ай жарымға әлсін-әлі кетіп қаламын, - дейді ол. – Кезекті сапарымнан келсем, үйді күреп тастапты. Қалалық ТКШ бөліміне хабарлассам, пәтер береміз деді. Мен шенеуніктерге сеніп, сотқа жүгінбедім, бірақ ақырында баспанасыз қалғаныма үшінші жыл болды. Соңғы рет әкім орынбасары Қарағаев бастапқыда жыл аяғына дейін үй береміз деп уәде берген еді, енді өздерінде тек кезекте тұрғандар ғана бар екенін айтады. Осы жылдар бойына таныстарымның үйлерінде тентіреп жүрмін, кім кіргізсе, соның үйіне қонамын. Біраз уақыт әпкемнің қасында тұрдым, бірақ да ол үйлі-баранды адам.

Дмитриенконың айтуынша, пәтерді ол жекешелендіру толқынының алғашқы жылында жекешелендіріп алған екен, меншік иесі туралы анықтамасы бар. Ескі базар маңындағы көпес үйінің тарихы 1905 жылдан басталады. 80-ші жылдардың ортасында ол апатты деп танылған. Сол кезде А.Дмитриенко өзінің мүгедек анасымен бірге тұрған. Осы уақыттан бастап үйді күремек болған, ал оның орнына тұрғындарға пәтер беруге уәде беріпті. Кеме жөндеу зауытында жұмыс жасап жүргенде Дмитриенко баспана кезегінде алғашқылардың бірі болып тұрған. Бірақ ақыры баспанаға қол жеткізе алмаған, содан кейін Одақ та құлады. Сол кезде көршілерінің барлығы тарап кеткен: біреулері кәсіпорыннан, біреулері қаладан пәтер алған. Ал өзі жартылай өртенген үйде қала берген (1-қабаттағы көршілері жағылған пешті қараусыз қалдырыпты).

- Өрттен кейін мен өзім пәтер мен подъезге жөндеу жүргізіп, жайлап өмір сүре бастадым. Алайда ол үйде өмір сүру мүмкін емес еді: мені ол жерде тонамақ та, өлтірмек те болды. Бәлкім, осылайша қуып шыққан болар. Ақыр аяғында, үйді менің келісімімсіз күреп тастады. ТКШ-дан ешқандай құлақтандыру алған жоқпын. Қазір мені аз қамтылған тұлға ретінде кезекке тіркеп қойды, бірақ үй күрелгеннен кейін бірден баспана ұсынуға міндетті болатын.

 

«…СОДАН СОҢ ДМИТРИЕНКО ПАЙДА БОЛДЫ»

Қала әкімінің атына жіберілген редакцияның сауалына қала әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВТЫҢ қолы қойылған жауап алынды.

«Атырау қаласының әкімдігі Дмитриенко Анна Борисовнаның мәселесі бойынша келесі жағдайды хабарлайды. «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 67-, 69-баптарына сәйкес, мемлекеттік қордан тұрғын үй белгілі бір елді мекенде тұрақты мекендейтін, халықтың аз қамтылған әлеуметтік-қорғалмаған топтарына жататын баспанаға мұқтаж ҚР азаматтарына, сонымен қатар мемлекеттік қызметшiлерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерiне және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдарға пайдалануға ұсынылады.

Балғымбаев, 47, 1-2 пәтер мекен-жайындағы үйде (1997 жылғы ГАСИ қорытындысының негізінде апатты деп танылды) тұратын азамат Төребаева Айман баспанаға мұқтаж жандардың, сондай-ақ мүгедек баланы тәрбиелеуші тізімінде тұрды.

Тұрғын үй берілуіне байланысты А. Төребаевадан жер телімі бар үй мемлекет мұқтаждығы үшін алынды. Үйді қожайындардың өздері күреді. Содан кейін барып, осы пәтерде әлдебір себептермен ұзақ уақыт бойына тұрмаған азамат А.Дмитриенко пайда болды.

Бөлім маманы оған арыз жазуға кеңес берді. 2011 жылғы 21 тамыздағы арыздың және құжаттардың негізінде А.Дмитриенко шынымен де баспанаға мұқтаж болып, жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтардың кезегіне қойылды. Кезектілік нөмірі – 144.

А.Дмитриенконың арызы бақылауға алынып, баспана ұсыну мәселесі 2014 жылдың бірінші тоқсанында комиссияның қарауында талқыланатын болады».

Бұл жауап, әрине, тұйыққа тірейді. Егер шенеуніктердің қисынына жүгінсек, ҚР Конституциясына қарамастан, табыс табуға кеткен кез-келген жан күндердің күнінде оралып, үйінің орнын сипап қалуы, ал жаңа үйдің орнына: анда-мында жүрудің жөні жоқ, үйде отыру керек деген сияқты, сөгістер алып қалуы мүмкін.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

24 желтоқсан 2013, 12:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.