Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Дін және мемлекеттілік» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.
- Қазақстан Республикасында мемлекеттік дін жоқ. Біздің міндетіміз – зайырлы мемлекет құру мен оны дамыту. Мемлекет өз тетіктері арқылы дінді реттейді, сыртқы рухани басқыншылықтардан қорғайды, -деді ҚР Дін істері агенттігінің төраға орынбасары Ғалым ШОЙКИН.
- Мемлекет қоғамсыз болмайды, ал қоғам - бұл халық, халық дінсіз болмайды. Сондықтан да дін мен мемлекет тығыз байланыста, - деп сөзін бастады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысындағы өкіл имамы Батыржан МАНСҰРОВ. Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде мемлекет пен дін арақатынасының үш үлгісі қалыптасқан. Біріншісі - дін мемлекеттен бөлек. Әлем елдерінің көпшілігі зайырлы мемлекет болып табылады. Екінші үлгі бойынша, дін мен мемлекет біріккен, мәселен, араб елдері, Сауд Арабиясы. Ал үшінші үлгіде дін мемлекеттен автономды түрде бөлек, бірақ мемлекет тарихи қалыптасқан дәстүрлі дінге басымдық береді. Оның мысалы - орыс православиесі.
Көп жылдар бойы бас мүфтидің орынбасары болған Асылбек ТӨЛЕГЕНОВТІҢ айтуынша, бүгінгі таңда ислам әлемі сан ағымдарға бөлініп, тоқырауға ұшырап жатыр:
- Осыған жол бермеу үшін шынайы сенімге құрылған, ата дәстүрімізді ұстауға мүмкіндік беретін ханафи мазхабын мықтап ұстануымыз керек. Бүгінде елімізде зайырлылықты ту етіп, көптеген ойдан шығарылған діндерді тықпаштау үдерісі жүріп жатыр. Бір топ біздің дініміз «тәңіршілдік» деп, оны бақсы-балгерлік, от пен суға табынумен араластырып, бұрмалауда. Халқымыз сонау түркілік дәуірден бері тек қана бір тәңіріне құлшылық еткен. Сондай-ақ, асыл дінімізге «уахаби-салафилік», «сопылық» ағымдарды қосқысы келетіндер де бар. Сыртқы күштер бөгде діндерді енгізу арқылы мемлекеттілікті жоюды көздейді. Мұндай келеңсіздіктерге жол бере алмаймыз.
Қайырбек САНСЫЗБАЕВ