Атырау, 26 қараша 14:21
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Қос дипломды жұмысшылар

3 751 просмотра

Өңіраралық АРЕС орталығы студенттерінің 60%-ынан астамы жоғары білімді, тіпті кейбірінде екі жоғары оқу орнының дипломы бар екен. Алайда олар орталыққа нақты жұмысшы мамандығына ие болу үшін келіпті. Бұл бүгінде еңбек нарығында жоғары білімді адамдардан гөрі техникалық буын мамандарына деген сұраныс жоғары екендігінің дәлелі.

Бұл туралы «Кәсіпқор» Холдингі ҰАҚ басқармасының төрағасы Сабыржан МӘДИЕВ 11 желтоқсанда АРЕС Petrotechnic ғимаратында болған «Мұнай және газ саласы қажеттіліктері үшін ТжКББ-ді жаңғырту» форумында сөз етті. Форумды «Кәсіпқор» Холдингі ҰАҚ, Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасы және Атырау қаласындағы APEC Petrotechnic «Мамандарды дайындау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру өңіраралық кәсіби орталығы» ұйымдастырды.

ПАЛАТА КОЛЛЕДЖДЕРДІ ҚОЛҒА АЛАДЫ

Форумда талқыланған кейбір мәселелер жақында Атырауда елдің кәсіби-техникалық оқу орындарының басшылары, бизнес, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және KAZENERGY қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен өткен республикалық семинарда қозғалған еді Local таңбасы”). Алайда бұл, С. Мәдиев айтқандай, мәселенің өзектілігін білдіреді. Елімізде 5 жылдан бері жоғары оқу орындары жүйесіндегі Назарбаев Университеті сияқты Орта білім беру саласында Назарбаев зияткерлік мектептері жұмыс жасап жатыр. Бұлар, Мәдиев мырзаның айтуынша, «барлық жүйені өрге сүйрейтін болады». APEC Petrotechnic колледжі ТжКББ (кәсіби-техникалық білім беру) жүйесінде осындай локомотивке айналуы тиіс. 2015 жылы Астана мен Алматыда 6 өзекті профиль бойынша мамандар даярлайтын 2 әлемдік деңгейдегі колледж ашылады. Сондай-ақ, жақын 2-3 жылда біздікіндей колледждерді Өскеменде, Шымкентте және Екібастұзда ашу жоспарлануда. 2020 жылға дейін холдинг әкімдіктермен біріге отырып, бүкіл ел ішінде 10 әріптестік колледж ашады, бұлардың әрқайсысы сол өңірдегі өзекті кәсіпке бағытталатын болады. Мәселен, бұл Қарағандыда құрылыс және ТКШ, металлургия саласы болса, Көкшетауда туризм және қонақ үй бизнесі, машина шығару, металлургия және т.б. болады. Колледждер өз беттерінше жұмыс жасамайды - оларды ашудағы мақсаттардың бірі «Кәсіпқор» тәжірибесін елдегі барлық кәсіби білім беру жүйесіне үздіксіз беру болып табылады.

- Бізде мемлекеттік деңгейде техникалық қызмет көрсету еңбегі кадрларының орта және ұзақ мерзімдік қажеттіліктері туралы шынайы ақпараттар жоқ, еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтар бойынша даярлау жүргізілмейді, - деп атап өтті Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының басшысы Асылбек ЖӘКИЕВ.

Оның пікірінше, жалпы білім беретін мектептерде оқушыларды кәсіби бейімдеу жүйесі жоқ, нәтижесінде мектеп түлектері тек жоғары оқу орындарына түсуді қалайды, ал колледждер мен кәсіби лицейлерге ҰБТ-дан төмен нәтиже көрсетпеу үшін мектептер құтылуға асығатын ең әлсіз үлгерімді оқушылар ғана барады. Оқу-өндірістік жабдықтарға ақша бөлу, заманауи өндіріс талаптарын есепке алмай, қалай болса солай жүргізіледі, нәтижесінде колледждердің 30 пайызы заманауи жабдықтарға ие, алайда барлығы бір мамандық даярлауға арналған. Өндірістік оқыту шеберлерінің біліктілік деңгейі сын көтермейді. Ең бастысы, колледждер мен жұмыс берушілер арасында байланыс жоқ. Атап айтсақ, бізде еңбек нарығында сұранысқа ие газбен кесуші, футеровщик, автоматты жүйелер жөндеушісі сияқты мамандықтарды даярламайды. Білім беру нысандары маман дайындайды, бірақ кімдер үшін екендігі түсініксіз.

Жұмыс берушілердің өкілі ретінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) жекелеген мамандықтар мен біліктіліктер тізбесінің бірыңғай классификаторын әзірлеуге, сондай-ақ, біреуі Атырауда болатын, 14 сала бойынша тәуелсіз сертификаттау орталығын құруға қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Сонымен қатар ҰКП бірнеше колледждерді өз қамқорлығына алып, жаңғыртуды жоспарлап отыр.

 

ӨЗГЕРУГЕ ДЕГЕН НИЕТІ БОЛСА 

Біздің еліміз техникалық және кәсіби білім беруді жаңғыртудың ең басында ғана тұр. Осыған байланысты, Атырау облысындағы ТжКББ-ге шолу жасау және Экономикалық әріптестік және даму ұйымына (ЭӘДҰ) қатысушы елдердің тәжірибесі үлкен қызығушылық тудырып отыр. Форумға осы ұйымнан өкіл болып ЭӘДҰ бағдарламасының саяси талдаушысы Мартин ПОСПИШИЛЬ қатысты. Осы бағдарлама бұрын Кеңес Одағы құрамына енген он бір елдің және Ауғанстан мен Монғолияның экономикалық өсуі мен дамуына қолғабыс етуге бағытталған. Талдаушылар Австрияның, Данияның, Нидерландының, Швеция мен Францияның тәжірибелерін салыстырды. Мәселен, Австрияда оқытушылардың жұмыс тәжірибесі болуы керек, сондықтан да нұсқаушылардың біліктілігі жоғары. ТжКББ жүйесі жоғары оқу орнымен «кәсіби бакалавриат» қызметінің арқасында тығыз байланысты, сондықтан да мұнда үлгерім деңгейі өте жоғары. Мысалы, Германияда кәсіби-техникалық оқу орындары химия саласын кадрлармен негізгі қамтамасыз етуші болып табылады. Техникалық және кәсіби білімі бар білікті жұмысшылар химиялық өндірісте жұмыс жасайтындардың 56%-ын құраса, 16%-ы ТжКББ шәкірттері, 13%-ы - техникалық мамандар, ал қалған орындарда біліксіз жұмысшылар мен тәжірибе алушылар жұмыс жасайды. Германияның ТжКББ жүйесі әлемдегі ең тиімді жүйе болып табылады және химиялық салада білім беруді дамытуға үлгі бола алады.

Қазақстандағы ТжКББ жүйесіне келетін болсақ, Поспишиль біздің де жетістіктерімізді атап өтті. Мысалы, кәсіби білім беру жүйесін мемлекеттік реформалау, оқытушыларға арналған «Өрлеу» Ұлттық біліктілікті арттыру орталығының ашылуы, Атырау мұнай және газ саласын оқыту орталығы (APEC) сияқты  бірқатар ТжКББ колледждерін ашқан «Кәсіпқор» холдингін құру. «Кәсіпқор» ТжКББ саласында озық тәжірибелерді енгізуде: оқу жоспарларын жұмыс берушілермен келісе отырып құру, қазақ оқытушыларын шетелдік әріптес оқу орындарында оқыту және т.б. Қазан айында Еуропалық Одақ Қазақстандағы ТжКББ-ді дамытуды көздейтін бір жобаны аяқтады. Бұл жобада басты назар үш пилоттық сала (машина жасау, мұнай және газ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы) бойынша үш пилоттық өңірге (Атырау, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстары) аударылды. Ұлттық және Салалық біліктіліктер шегін әзірлеу жобаның ең негізгі жетістіктері болып табылады. 

 

ӘРІ ТАРТ ТА, БЕРІ ТАРТ...

Алайда өзекті болған ағымдағы мәселелер де жеткілікті. Бірінші кезекте бұл - ТжКББ жүйесін әр тарапты басқару: бүгінде онымен 12 түрлі мекеме айналысады және өзара әріптестікке құлықтары шамалы. Жеке сектор өкілдері арасында ЭӘДҰ жүргізген сауалнамаға сәйкес, кәсіпорындар елден тиісінше біліктілігі бар мамандарды таба алмайды, өйткені колледждерде білім беру жергілікті еңбек нарығының жекеленген сұраныстарына шұғыл әрекет етуге әлі икемді емес. Сонымен қатар, «Кәсіпқор» холдингінің бастамалары жекеленген, айрықша жоба ретінде ғана қаралып, басқа колледждердің озық тәжірибелеріне назар аударылмай қалады деген де қауіп жоқ емес.

Бұл мәселелер тек Атырауда ғана емес, бүкіл елде өзекті болып тұрғанын сеніммен атап өтуге болады. Осы жердегі жергілікті жеке сектор жұмыс берушілеріне жүргізілген сауалнама олардың кадрлар сұраныстары жөнінде ешкіммен ақылдасып жатпағанын көрсетті. Ол аз дегендей, жұмыс берушілер Атырау облысындағы білім беру жүйелерінің ұсыныстарынан хабарсыз, тіпті, кейбірі АРЕС туралы естімеген де екен. Біздің өңірге тән құбылыс - жұмыс берушілер ТжКББ шәкірттерінің ағылшын тілін меңгеру деңгейлерінің төмендігіне риза емес.

Форум аясында жұмыс берушілер мен мұнай және газ саласы кадрларын даярлау колледждері арасында өзара әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

19 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.