Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінде «Тұрғындарға сапалы антирабиялық көмек көрсету және құтыру ауруының алдын алу шаралары» тақырыбында семинар өткізілді.
Биылғы жылы құтыру ауруы бойынша шиеленіскен эпидемиологиялық ахуал Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында қалыптасқан. 5 адам құтыру диагнозымен қайтыс болса, оның 1-еуі бала, 1-еуі жасөспірім. Біздің облыста соңғы жылдары құтырудың табиғи ошақтары Құрманғазы, Жылыой, Исатай, Қызылқоға аудандарында байқалды.Бұл аудандар құтыру вирусының табиғи көздері – түлкілер, қарсақтар, қасқырлар және құтыру эпизоотиясына ең бірінші ұшырайтын иттердің тіршілік етуіне қолайлырақ болып тұр. Департамент басшысының орынбасары Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВ қалада және аудандардағы санитарлық жағдайдың төмендігін айта келе:
– Жақында біз Мақат ауданында болдық, ит дегеніңіз өріп жүр, қалдықтар көше бойында шашылып жатыр. Бұл - кез келген ауруды қоздыратын жағдай, - деп нақты мысалға тоқталды.
Статистикалық мәліметке сәйкес, соңғы 40 жылда облыста адамдардың құтыруының 17 жағдайы тіркеліпті. Оның 11 жағдайында инфекция көздері иттер болса, 6 жағдайында жабайы аңдар (түлкі, қасқыр). Осы ауырғандардың ішінен антирабиялық көмекке (құтыруға қарсы) көмекке жүгінбеген 12 адам, кеш жүгінген 1 адам көз жұмды. Сонымен қатар тағы екпе алған соң алкогольдік ішімдік қолданған тағы 2 адам өлім құшты. Соңғы рет құтыру жағдайы Ганюшкино селосында 2010 жылы тіркелген. Биылғы жылдың өзінде облыс бойынша антирабиялық көмекке 1 267 адам жүгінген.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА