Атырау, 26 қараша 14:52
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Біз тәуелсізбіз бе?

2 512 просмотра

Міне, жиырма жылдан аса уақыттан бері 16 желтоқсанда Тәуелсіздік күнін тойлаймыз. Алайда, 2011 жылғы 16 желтоқсаннан кейін бұл күн біздің санамызда Жаңаөзендегі қанды қырғынмен ажырамастай астарласып жатыр. Тәуелсіздіктің 22 жылдығын тойлаймыз ба, әлде Жаңөзенде атылған жұмысшыларды еске аламыз ба? Алайда, бір уақытта қуанып-қайғыру мүмкін емес.

Егер біз Тәуелсіздік күнін атап өткіміз келсе, ойымызға орынды сұрақ оралады: осы жиырма жылда біз шынайы бостандық пен тәуелсіздікке қол жеткіздік пе?

Әрине, бұл күнді біз Қазақстанның егеменді ел болғаны үшін тойлаймыз. Қазір Ресейге тәуелді еместігімізді, дәл осылай, Ресейдің бізге тәуелді еместігін дәлелдеудің еш қажеттілігі жоқ. Ол бізден бұрын КСРО құрамынан шықты.

Мен басқа нәрсеге тәуелсіз болу туралы, оның терең мағынасында айтқым келеді. Мен жиырма жыл бұрын бас тартқан нәрселеріміз – бодандық жүйеден, тоталитарлық жүйеден тәуелсіздігіміз жөнінде айтып отырмын.

Қалай қарасақ та, біздегі қазіргі билік сол «кеңестік кер заман» күйінде қалып отыр. Ол сол 20-30 жыл бұрынғы пиғылмен ойлайды және әрекет етеді. Ол сол күйінде кез келген басқаша ойлауды, азаматтық және саяси бостандықты жек көреді.

Әлі күнге дейін билік халыққа қызмет етпейді, бәрі керісінше. Көсем өз қарамағындағыларға құдаймен бірдей. «Кеңестік кер заман» бар жерде көрініп тұр: сол қатал билік, баламасыз сайлаулар, бір билік партиясы, рушылдық, төрешілдік. Билікке қол жеткізу немесе оған қатысты болу – көп адамдардың «асыл арманы». Билік төріне көбіне «құлдық» санадан арылмаған адамдар шығып жатыр.

Бұл жылдары рухымыз, мәдениетіміз, тіліміз шынайы тәуелсіздікке қол жеткізді деп те айта алмаймыз. Өйткені әлі күнге дейін жеке ұлттық идеямыз жоқ, жан-жаққа жалтақтап, еш ойланбастан, өзгенің өнімін бойымызға сіңіріп жатырмыз.

Алайда, «кеңестік» өткенімізден шын мәнінде асып түскен дүниелеріміз де баршылық – бұл қоғамдық немқұрайдылық, қоғамдық саладан моральдық құндылықтарды алып тастау. Құқықты жоққа шығаруды, жемқорлықты және тамыр-таныстықты қалыпты нәрседей қабылдаймыз. «Иә, әкім миллиард ұрлаған екен, не бопты, қазір кім ұрламай жатыр? Халық та құр алақан қалған жоқ» немесе «Билікпен дауласып не жыным бар, бәрібір мен ештеңе шешпеймін» деген сөздер құлағымызға үйреншікті болып кетті. Біреулер осындай «тәуелсіздікті» те қанағат тұтады...

Тәуелсіздік күні қарсаңында 2011-дің қанды желтоқсанын ұмытуға ұсыныс берушілердің дауыстары естіліп қалып жатыр. Ол 1986-ның желтоқсанындай бәрібір ұмытылмайды. Егер ұмытсақ, Тәуелсіздігімізден айырыламыз.

Азамат МАЙТАНОВ

12 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.