– Жақында інім жол-қозғалысы ережесін бұзып, апатқа ұрындырды. Апат нәтижесінде рөлде отырған қыз орташа ауырлықта зақым алды. Сот Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 468-1-бабы бойынша інімді жол қозғалысы ережесін бұзуда және көлік құралын пайдалануда кінәлі деп тауып, екі жылға көлік басқару құқығынан айырып, 432 750 теңге айыппұл салды. Судья өте қатал болды деп есептеймін. Тек айыппұлмен ғана шектелуге болмас па еді? Інім ешқайда жұмыс істемейді, көлікпен ол нандығын тауып отырған еді. Біз сот қаулысына қатысты жоғарғы инстанцияға шағымданбақпыз.
Телефон арқылы
Сұраққа адвокат Бибігүл ТАУПИХОВА жауап берді:
– Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 468-1 бабында, көлiк құралын жүргiзушi адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы айлық есептiк көрсеткiштiң 200-ден 500-ге дейiнгі мөлшерiнде айыппұл салуға не 45 тәулікке дейін әкімшілік қамауға және бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыруға әкеп соғады деп қарастырылған. Бұл баптың санкциясы баламалы болып табылады, өйткені «не» деген талғаулы жалғаулық әкімшілік жазаның екі негізгі шараларын – айыппұл мен әкімшілік қамауға алуды таңдау қажеттілігін көрсетеді. Осы бап бойынша көлік құралын жүргізу құқығынан айыру әкімшілік қамауға алуды қолдану кезінде ғана қосымша жаза ретінде қарастырылған. Сіздің бауырыңызға Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 468-1-бабы бойынша негізгі жаза ретінде айыппұл салынғандықтан (1 731 теңге х 250 АЕК = 432 750 теңге), көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны қолдануға жол берілмейді. Осыған байланысты сіз сот қаулысына қатысты облыстық соттың сот алқасына шағым жасауға құқылысыз, өйткені сот қаулысы 2 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны алып тастаумен өзгеруі мүмкін