Д. Рахманов жұбайымен.Осынау желтоқсан күндері Қазақстанның электр энергетикасының ардагері Дүйсебәлі Рахманұлы РАХМАНОВТЫҢ туғанына 100 жыл толады.
Дүйсебәлі Рахманов 1913 жылы Исатай ауданының Жанбай селосында малшылар отбасында дүниеге келген. 1915 жылы далада жұт болып, мал жаппай қырылады. Отбасын аштықтан құтқару үшін Рахман 1916 жылы оларды Гурьевке көшіріп әкеледі. Отбасы қазір Киткрай, Ескі қала деп аталатын ескі базар маңына қоныстанады.
Ағасы Қабдол жергілікті мешітте медресені тәмамдады. Ол 1941 жылы соғысқа шақырылып, Воронеж қаласын қорғау кезінде қаза болды.
Дүйсебәлі 4 жылдық бастауыш мектепті бітіріп, 15 жасында «Ембімұнай» трестінің Гурьев электр стансасында электр монтері боп жұмысқа орналасты. Ол кезде «Ильич шамдары», ең алдымен, дизельді генераторлардың көмегімен мұнай кәсіпорындарында жанған болатын. Дүйсебәлі Гурьевте алғашқы «Ильич шамын» жаққан жандардың бірі болды. Сол жылдары ДОСААФ курсын аяқтап, «Ворошилов мергені» деген атақ алды. «Доссор», «Мақат», «Қосшағыл», «Сағыз», «Байшонас», «Құлсары», «Ескене», «Қаратон» кеніштеріне электр жүргізілген жылдары Дүйсебәлі жоғарғы жетінші дәрежеге ие болып, бригадир атанды.
Гурьев электр жүйелері кәсіпорнының бұрынғы бастығы Олег Михайлович МЕЩЕРЯКОВ әңгімелейді:
– Соғыс басталғанда Дүйсебәлі майданға сұранды, бірақ оған тәжірибелі маман ретінде бронь берді. Мұнай өндіруді тоқтату Отанға опасыздық жасаумен тең еді. Кәсіпшілікке жаңа ағылшындық, шведтік жабдықтар келді, ол үнемі электрмен жарақталуы тиіс болатын. Д. Рахмановтың бригадасына үзіліссіз мұнай өндіру үшін кернеуі 35 мың вольттық облыстағы алғашқы Ескене-Байшонас электр тарату желісін жүргізу жүктелді. Мұндай желіні жүргізу техникасы болған жоқ. Ал электр желілері жүргізілуі тиіс жерлер қоқысқа толы еді. Ұзындығы 11 метр ағаш тіреудің әрқайсысын екі жұмысшы апаруға мәжбүр болды. Адамдар қара жұмыстан шаршады, материалдар жетіспеді. Дүйсебәлі бригаданы шабыттандырып, ауыл тұрғындарымен тіл табысып, алға қойған міндетін орындап шықты. Д. Рахманов қажымайтын өнертапқыш және озық идеялардың қайнар көзі болатын. Ол бригададағы түрлі адамдардың әрқайсысының тілін таба білді. Цехымызға «Рахманычтың» бригадасының келуі - біздің бағымыз болатын.
«Ескене-Байшонас» электр тарату желісін салу мерзімі орындалғандықтан, Д. Рахманов Мәскеуге Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне жіберілді, ол жерде Еңбек Қызыл Ту орденімен және КСРО мұнай өнеркәсібі халықтық комитетінің мақтау қағазымен марапатталды. Дүйсебәлінің кейіннен электр энергетикасы өндірісінде басшылық лауазымдарды атқарған шәкірттері көп еді.
Ол 1947 жылы шаңырақ көтерді. Жұбайы Сәбиламен отыз жыл отау құрып, сегіз баланы тәрбиелеп өсірді. Үш ұлы, келіндері, немерелері энергетик, экономист мамандықтарын таңдады. Бір ұлы мұнайшы, қазір шығыс жекпе-жегінің бапкері. Кенже ұлы – заңгер. Бір қызы геофизик, одан басқа екі қызы – педагог.
Дүйсебәлі ізгі, қайырымды жан еді. Ол туыстарының, көршілерінің бүкіл күнделікті тірліктеріне қол ұшын беріп, қиын сәттерде сүйеніш бола білетін. Оның үйінен қай кезде де адамдар толастамайтын. Пошташылар оның үйіне жиі хат әкелетін. Оның әрқайсысы «Құрметті әке, аға...» деген жолдардан басталатын. Оны туыстары, әріптестері, көршілерінің балалары жазатын еді. Д. Рахманов өзінің әкелік сөзімен жүдеу көңілді сергітетін.
Дүйсебәлі балағат сөздің не екенін білмейтін жан еді. Балаларына өз бойында тұнып тұрған мейірімділік дәнін себуге тырысты. Жұмысынан бос уақытын балаларына арнады. Олармен бірге өзі қатты ұнататын театрға, стадионға апаратын.
1965 жылы денсаулығына байланысты Дүйсебәлі «Гурьевэнерго» басқармасының электр жөндеу шеберханасына жұмысқа ауысты. Ал 1971 жылы көру қабілеті күрт нашарлап кеткендіктен, зейнеткерлікке шықты. Бірақ көзі көрмесе де, саламатты өмір салтын ұстанудан танбады. Гурьев Зағиптар қоғамы бюросының мүшесі болды. Күн сайын дене шынықтыру жаттығуларын жасап, көп жаяу жүретін. Бүкіл көршісінің электр аспаптарын жөндеуге көмектесетін.
1977 жылы асыл жары Сәбила дүниеден өтті. Дүйсебәлі одан кейін ширек ғасырдай өмір сүрді. Балалары мен немерелері әке жолын қуды, ол осыны мақтан тұтатын. Атырау энергетика жүйесінің 50 жылдығы қарсаңында өздерінің жанкешті еңбектерімен облысты электрлендіруге зор үлестерін қосқан қарапайым еңбеккерлерді еске алмасқа болмайды. Олар жаққан шамдар әлі күнге дейін жолымызға жарық түсіріп, жүрегімізді жылытып келеді.
Павел СМИРНОВ