Өткен аптада Қашаған операторы NCOC қазақстандық журналистер үшін үшінші дәрежелі (яғни, 250 тоннадан жоғары) мұнай төгіндісіне әрекет ететін ірі халықаралық «Ойл Спил Респонс Лимитед» (OSRL) ұйымы орналасқан Саутгемптон (Англия) қаласында медиатур ұйымдастырды. Сонымен қатар Консорциум өкілдері Оператордың өзінің мұнай төгінділерін жоюға әзірлігі туралы бірнеше таныстырылымдарды ұйымдастырды.
БҮКІЛ ҚЫЗМЕТТЕР КЕПІЛДЕНДІРІЛГЕН
OSRL 120-дан астам қатысушылармен (акционерлермен) негізі қаланған өндірістік қоғам. Олардың ішінде Exxon Mobil, Chevron, Conoco Philips және т.б. бар. NCOC компаниясы OSRL-дың қауымдастырылған мүшесі (яғни, шектеулі мөлшердегі активі бар қатысушы) болып табылады. Өйткені, толыққанды мүшелері секілді дүние жүзі бойынша бірнешеуін емес, бір кенішті (Қашағанды) игереді. Алайда OSRL-дың бүкіл қызметі ол үшін де толықтай кепілдендірілген. Саутгемптоннан бөлек OSRL ресурстары Сингапур мен Бахрейнде орналасқан. OSRL ресурстары Мексика бұғазындағы апатты жою үшін қолданылды.
OSRL мәліметтері бойынша, тек 2013 жылы оның қызметтері қажет болған 27 оқиға орын алған. Бұлар Ұлыбританиядағы, Оңтүстік Америкадағы (құрлықтағы құбыр желісі жарылуы) апаттар, Батыс Африкада, Сингапурда орын алған бірнеше төгінділер. Осы жағдайлардың бәрінде OSRL жағадағы және теңіздегі төгінділерді жоюмен айналысты.
АҒЫЛШЫНДЫҚ БАЗА
Саутгемптондағы OSRL базасы бірнеше шаршы километрдей қомақты аумақты алып жатыр. Мұнай төгінділерін жоюға арналған бүкіл жабдықтар буып-түйілген. Толымдаушы дайын жиынтықтары мен кедендік тазарту үшін қажетті құжаттары бар. Жабдықтардың бір бөлігі трейлерлерге тиелген, қажет болған жағдайда әуежайға жөнелтілуге әзір тұр.
Қоймаларда дүние жүзінде қолданылатын мұнай төгінділерін жоюдың негізгі тәсілдеріне арналған жабдықтар: теңіз бетіндегі мұнайды жинайтын, сол жерде мұнай өртейтін жабдықтар, сонымен қатар қоршау жүйесі (бондар), заттектерді сіңіретін диспергенттер бар.
OSRL-дың құзырына екі «Геркулес» жүк ұшағы тартылған. Алайда 2014 жылдан бастап олар есептен шығарылып, Боинг 727 ұшақтарына ауыстырылатын болады. Боингтердің «Геркулестен» артықшылығы жылдамдығында және ұшу қашықтығында. Ұшақтар жабдықтарды тасымалдауға және диспергенттерді себуге қолданылады. Бұдан басқа OSRL коммерциялық (чартерлік) ұшақтар нарығына кіре алады. Айта кетелік, OSRL қызметі арзан емес. Мәселен, ұшақтың төгінді аймағына шұғыл ұшып баруы қатысушы компанияға 100 мың долларға түседі. Алайда осынау қомақты қаржының бәрін компания жабдықтарды жаңартуға жұмсайды, өйткені мәртебесі бойынша ол баюға тиіс емес.
«ШҰҒЫЛ ЖЕТЕМІЗ!»
Мұнда төгінділер туралы барлық қоңыраулар қабылданады және осы жерден ресурстар мен қызметкерлерді жұмылдыруға бұйрықтар беріледі.Алғашқы төтенше жағдай орын алса, қатысушы компания алдымен OSRL-ге қоңырау шалып, төгінді деңгейіне қарамастан, оқиға туралы ескертуі тиіс. Саутгемптондағы базада сол сәтте дайындық режимі енгізіледі. Барлық қоңыраулар бір бөлмеге түсіп, осы жерден ресурстар мен қызметкерлерді жұмылдыруға бұйрықтар беріледі. Қоңыраулар тәулік бойына қабылданады.
Алғашқы 48 сағатта OSRL өтінімі түскеннен кейін кеңесші қызметі тегін ұсынылып, ол апат болған жерге ұшып барады. Кеңесші бағалаған төгінді деңгейін негізге алып, OSRL қажетті жабдықтарды жұмылдыруға кіріседі.
Қашағанда апат орын алған жағдайда ұшақ қай әуежайдан ұшып шығады?
- Ол Ұлыбританияның жүк әуежайларының бірінен ұшып шығады. Көбінесе OSRL ұшағы Ист Мидленс әуежайында орналасады.
Қандай ұшақ ұшады: Боинг 727 ме, әлде чартерлік пе?
- Бәрі де жағдайға және компанияның қаржы жұмсауға дайындығына: яғни, көмектің қаншалықты шұғыл қажет болатындығына, сондай-ақ, мұның қаншаға шығатындығына, қанша жабдық керектігіне байланысты болады. Боингтің, мәселен, жүк көтерімділігі бар болғаны 25 тонна. Қалай болғанда да OSRL тек жолдарын ғана ұсынады. Шешімді қатысушы компанияның өзі қабылдайды.
Егер қоңырау Атыраудан түссе, ұшақ қандай жылдамдықта келеді?
- Егер өзінің Боинг 727 ұшағы жұмылдырылған жағдайда ғана, әдетте бұл үшін жабдықтарды тиеуді, Атырауға дейін 8 сағат ұшуды қосқанда 1-2 күн қажет болады.
Егер чартер қажет болса, бәрі бағасына байланысты болады: мәселен, шұғыл жөнелту 100 мың доллардан басталады. Егер жағдай ертеңге дейін күтуге мүмкіндік берсе, екі есе арзанға түседі. Бір күн мерзімге, әрі кеткенде қазақстандық тараптың қызметкерлер үшін виза рәсімдеу мен кедендік тазартудан өту процесін тездететіндігін қосқанда, екі күнге есептелген.
Айтпақшы, біз биылғы жылдың мамырында өткен «Қашаған-2013» оқу-жаттығу ойындарына баға беруді өтінген едік. OSRL өкілдері тез арада (24 сағаттың ішінде) жүкті жеткізіп, кедендік ресімдерден өтіп, жабдықтарды түсіріп, олардың қалай жұмыс жасайтындығын көрсетіп, кері Саутгемптонға орала алулары әсер қалдырғанын мойындапты.
ДИСПЕРГЕНТТЕРДІ АНЫҚТАУ КЕРЕК
Бүгінде дүние жүзінде теңіздегі мұнай төгінділерін жоюдың негізінен үш тәсілі қолданылады: диспергенттерді қолдану, сол жерде төгілген мұнайды өртеу және оны механикалық жинау. OSRL мамандары бұл әдістердің тиімді екенін, бірақ оларды қолдануды Қазақстан заңды түрде бекітуі тиіс екенін атап өтті.
OSRL-дың бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Ник Хазлетт-БИРД айтқандай, Қазақстанмен диспергенттерді қолдану туралы мәселе әлі талқыланбаған: «Бірақ біз Каспий өңірінің басқа елдерінің өкілдерімен келіссөздер жүргіземіз. Әр елдің бұл салада өз саясаты бар. Диспергенттер теңіз суында қолдану үшін жасалған, бірақ зерттеу жұмыстары көрсетіп отырғандай, оларды тұщы суда да қолдануға болады екен. Біз қатысушы компанияларды апатты жағдай басталғанға дейін диспергенттердің қоршаған ортаға әсерін бағалауға шақырамыз».
NCOC-тың сыртқы істер жөніндегі менеджері Ханс ВЕНК NCOC-та мұндай зерттеулер жүргізілді ме деген сұраққа жауап бере отырып, былай деді:
– Қазіргі кезде Қазақстанда диспергенттердің бекітілген тізімі бар, бірақ оларды Ұлттық жоспар шеңберінде қолдану үшін толық нұсқаунама жоқ. Мәселен, диспергенттерді қолдану тәртібі мен жағдайын заңды түрде бекіту керек. Соның ішінде, диспергенттер қоры мен оларды сақтау тәртібін, диспергенттерді қолданудың/себудің техникалық уақыт тәртібі, диспергенттерді қолдануға рұқсат етілген (тереңдігіне, жағалау құрылымына дейінгі қашықтығына, экологиялық сезімтал аймағына және т.б. сәйкес) Каспий теңізінің қазақстандық секторының учаскесін анықтау керек. Қазіргі кезде бұл жұмыстар енді басталып жатыр. Сондықтан бұл тұрғыда NCOC саясаты әлі қалыптаспаған.
ҚАЗАҚ БАЗАСЫ
NCOC-тың дағдарыс жағдайын басқару стратегиясы және байланыстар жөніндегі менеджері Ғани ЖАРИКЕСОВ апатты мұнай төгіндісін жоюға Консорциумның қазіргі дайындығы туралы әңгімелеген кезде, Оператордың қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік мәселелер жөніндегі мұнай-газ өнеркәсібі өкілдерінің қауымдастығы (IPIECA) белгілеген деңгейлік тәсілді қолданатындығын айтты.
IPIECA нормалары бойынша, мұнай төгінділерін жоюды жоспарлаудың үшдеңгейлік тәсілі бар. Бірінші деңгей – жергілікті маңыздағы болмашы төгінділер (10 тоннаға дейінгі мұнай төгінділері), екіншісі – өңірлік маңыздағы орташа төгінділер, ол жерге мемлекеттік органдар мен мекемелердің өздерінің қосымша ресурстары қажет болады (10-нан 250 тоннаға дейін), үшінші деңгей – үлкен ауқымдағы төгінділер, оған халықаралық қолдау қажет болады (250 тоннадан жоғары).
Ғ. Жарикесов NCOC кез келген мұнай төгіндісін өздігінен тоқтатуға әзір екендігін мәлімдеді.
– Консорциумның өз жабдығы жеткілікті, тайыз суға арналған керек-жарақтары бар. Біздің құзырымызда - Солтүстік Каспий экологиялық мұнай төгінділеріне әрекет ету базасы (ол 2014 жылдың наурызында іске қосылатын болады), өзен айлағы ( тайыз сулы жағдайда 2-ші деңгейлі төгінділерді жоюға арналған біздің қолданыстағы базамыз) және Баутинодағы біздің негізгі базамыз бар. Онда 2-ші деңгейлі төгінділерді жоюға арналған біздің негізгі ресурстарымыз орналасқан.
Мұнайды механикалық жинау үшін өткізу қабілеті сағатына 2 700 тоннадан астам болатын 100 бірліктен астам техника, жалпы қуаттылығы сағатына 3 600 тоннаға дейін болатын 180 сорғы қондырғысы, жиналған мұнайға арналған жалпы сыйымдылығы 3 000 тоннадан астам болатын арнайы қоймалар бар. Консорциумда апат төгінділерін жою үшін оқыған 30 маманы бар арнайы топ құрылды. Сондай-ақ, теңіздегі өртті сөндіруге арналған жабдықтармен жарақталған тікұшақтар, мұзжарғыш кемелер,сонымен қатар жалпы ұзындығы 30 шақырымнан астам бонды қоршаулар бар.
«КҮТІП ОТЫРМАЙМЫЗ»
Диспергенттерді себуге арналған ыдыстар.Ғ. Жарикесовке қойылған сұрақтар.
- Саутгемптоннан мамандар ұшып келгенше не істейсіздер?
- Егер төгінді орын алса, «деңгей» сөзі ғайып болады, ол жоспарлау үшін қолдануға жарамды. Біз төгінді көлеміне қарамастан, дереу қолда бар ресурстар мен жабдықтарды қолдануға кірісеміз. Төгіндіге бағалау жүргізіліп, ТЖ жою штабымен байланыс жолға қойылатын болады. Сонымен қатар OSRL компаниясымен келіссөздер жүргізіледі. Яғни, біз төгінді үшінші деңгейге жеткенше қол қусырып күтіп отырмаймыз.
- Күкірсутек шығарындысы болған жағдайда аралдан жұмысшыларды қауіп-сіз жерге көшіру қалай ұйымдастырылады?
- Консорциум базасында әрқайсысының сыйымдылығы 324 адам болатын ауа беру жүйесі бар арнайы эвакуациялық мұзжарғыш кемелер бар. Мұндай кемелердің саны - 12.
- Жиналған мұнай қалай кәдеге жаратылады?
- Мұнай жалпы сыйымдылығы 3 000 тоннадан астам арнайы мобильді қоймаға жиналады. Олар әрі қарай кәдеге жарату үшін Баутиноға жіберіледі.
- Төгінді болған жағдайда нақты қандай әдіс қолданы-лады: өртеу ме, механикалық әдіс пе, әлде диспергенттер пайдаланыла ма?
- Ең алдымен, төгілген мұнай көлемі мен дақтың жылжитын бағытын анықтаймыз. Егер көлем азғантай болса, бонды қоршаулар қолданылады. Ауыздықталғаннан кейін төгілген мұнай скиммерлердің (мұнай жинағыштардың) көмегімен жинап алынады. Егер төгінді едәуір болса, қосымша жағалау құрылымдарын қорғау мақсатында дақ бағытының жолы және бонды қоршау көмегімен ықтимал сезімтал аймақтар анықталатын болады. Әрі қарай механикалық жинау ма, әлде сол жерде өртеу ме, төгіндіні жою әдісі таңдалады. Бүгінгі күні біздің Консорциумда диспергенттерді қолдану жоюдың басымды әдісі ретінде қаралмайды.
- Сірә, апатты жағдайда ең көп қауіптілік қабаттардың жоғарғы қысымынан болатын шығар?
- Қашағанда біз 40-тан астам ұңғыманы бұрғыладық, олардың барлығы өндіруге дайын. Бұрғылап жатқан кезде сіз оның қалай әрекет ететінін білмейсіз, ал бұрғылағаннан кейін, орнатылғаннан соң, ол басқарылмалы болып, бұрқақша атқылау қаупі азаяды. Яғни, бақылаудың бүкіл шарасы әзір, қандай да болмасын азғана ауытқу болған жағдайда сіз ұңғыманы тұмшалай аласыз.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА