Құны 3,8 млрд теңге болатын салынып бітпеген киноконцерт залының негізгі құрылымдары күрелетін болады. Бұл туралы 9 желтоқсанда облыстық мәслихаттың қорытынды, 19-шы сессиясында облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ мәлім етті.
КӨШПЕНДІ МИЛЛИАРДТАР
Бірақ алдымен ағымдағы жылғы облыс бюджетінің кейбір баптарындағы өзгерістерді талқылады. Облыс әкімінің қаржы жөніндегі орынбасары Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА былай деп хабарлады:
– «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша облыстағы кәсіпкерлікті қолдауға қосымша 265 млн теңге бөлінді. 2013 жылдың даму бюджетінен (трансферттер) келер жылға мына қаржылар жылжытылды: облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы - 886 млн теңге, облыстық жолаушылар тасымалы және көлік жолдары басқармасы – 1 824 млн теңге.
Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз жолдарын қайта жарақтаудың жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтауға 200 млн теңге, облыстық ішкі істер департаментіне ұялы радиостансалар, жылдамдық өлшегіштер және борттық компьютерлер сатып алуға 391 млн теңге, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына субсидиялар ұсыну үшін – 155 млн теңге, «Атырау» ӘКК-не «Первомайский» ЖШС-дегі сүт фермасы құрылысын аяқтауға 589 млн теңге бөлінді.
ЛЕСХОЗ ТАЗАРТҚЫШҚА ҚАРСЫ
Облыс әкімі А. Әжіғалиевадан «АтырауСуАрнасының» кәріздік жүйесіне вакуум көліктердің лас суларын құятын жаңа нүктелер салуды қаржыландыру мәселесін қарастыруды өтінді. Жеке үйлердің септиктерінен лас суларды сорып алатын вакуумдардың төгу нүктелері Лесхоз бен Нұрсая ықшамаудандарындағы екі кәріздік-сорғы стансасында орналасқан. Үстіміздегі жылдың 13 қарашасында ауданаралық экономикалық сотының шешімімен ол жерге лас суларды құюға тыйым салынды. Бұл сот шешімі - Лесхоз ықшамауданы тұрғындарының таза ауа үшін күресінің нәтижесі еді. Содан кейін сот сот шешімін күшіне енгізу мерзімін 2014 жылдың 15 қаңтарына дейін ұзартты. Сондықтан бүгінде екі құю нүктесі де жұмыс жасап тұр.
Қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВ 2014 жылдың 15 қаңтарынан бастап лас сулардың қаланың оң жақ жағалауындағы булану алаңына құйылатынын хабарлады. Әжіғалиева алдымен жобалау-сметалық құжаттама жасау үшін ақша іздестіру керектігін, содан кейін ғана тендер жариялап, лас сулар құйылатын жаңа орындар салуға кірісу керектігін түсіндірді.
– Бұл жерлердің қаланың бас жоспары ескерілмей берілгендігінің нәтижесі болып отыр. Беруге болмайтын жерлерден жер телімдері берілген. Бұрын кеткен қателіктің салдарынан болашақта үлкен проблемалар туындайтын болады. Ал сот шешімін орындау керек! – деп мәлімдеді облыс әкімі.
БӘРІНІҢ БЕТ ПЕРДЕСІН АШАДЫ
Өңір басшысы жер мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты сын айтты. «Сіздер, жай ғана статистика жинаумен айналысып отырсыздар. Ал жерлерді мақсатсыз пайдалану проблемасын көзге ілмеуге тырысасыздар. Ауылшаруашылық мақсат үшін деп жерлерді жүздеген гектарлап алады. Оларды жеке құрылыс салу үшін телімдерге бөлшектеп, 50 есе қымбат бағаға сатады. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Неліктен осыны қолға алмайсыздар?» - деп сұрады әкім облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Тұрарбек СҰЛТАНБЕКОВТЕН. Бірақ жауабын ала алмады.
- Кешікпей Астанадан тексеру комиссиясы келеді. Бәрінің бет пердесін ашады, - деп мәлімдеді Б. Ізмұхамбетов. – Мен депутаттардан жақын арада жер қатынастары органдары басшыларының есептерін тыңдауды сұраймын.
БІЗГЕ МҰНДАЙ ХОККЕЙ ҚАЖЕТ ЕМЕС
Облыс спортшыларының 2013 жылғы жетістіктері туралы облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асан РАУШАНОВ сөз алды: «2014 жылға алты аудандық спорт бөлімі мен үш қалалық Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі үшін 9 «Газель», сонымен қатар Қызылқоға ауданының спорт мектептері үшін екі УАЗ сатып алу жоспарланды. 2014 жылы аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімдері спорттық шаралар өткізуге 5 млн теңгеден алады, бұл бұрынғыға қарағанда 2,5 есе көп».
Осы жерде әкім: «Егер құрамында атыраулықтардың бірде-біреуі ойнамайтын болса, облыс неліктен «Бейбарыс» хоккей командасын ұстап тұру үшін жылына 800 млн теңге жұмсайды? Біз кімдерді асырап отырмыз? Өткен жылдан бері мен «Атырау» футбол клубының ісіне белсенді араласып кеттім. Бас бапкерді ауыстырдым. Қазір команданы жаңа бас бапкер дайындайды, оның жұмысы өте ерекшеленіп отыр. Биыл футбол орталығының 1999 жылғы тәрбиеленушілерінің командасы Қазақстан чемпионы атанды. Олардың шеберліктері шыңдалуы тиіс. Ал хоккейде мұндай жоқ. Мен депутаттардан осы мәселелерді қарастыруды сұраймын. Бөлінген қаражаттан пайда болу керек. Егер ол болмаса, команданы жабу қажет. Біз көзбояушылыққа мұқтаж емеспіз».
«АЖ» мәліметі бойынша, облыстағы спорт клубтарының бюджеті: «Атырау барыстары» БК - 140 млн теңге, «Бейбарыс» ХК - 634 млн теңге, «Атырау» ФК - 800 млн теңге, «Атырау облыстық мүгедектер спорт клубы» КМК - 83 млн теңгені құрайды.
Облыс әкімі С.Айдарбековке бұрылып: «Үйлердің ауласындағы спорттық және балалар алаңдарына кеңселер салынып, Жайық өзенінің су қорғау аймағында құрылыс жүріп жатыр. Серік Кенғанұлы, жерді қайда беріп жатырсыздар? Исатай-Махамбет алаңындағы учаскені қоршап қойған, құрылыс басталыпты. Кім рұқсат берді?» деп сұрады.
С.Айдарбеков: «Бұл жер «Цесна-банкке» кепілзат ретінде салынған екен, алматылық кәсіпкерлер оны банктен сатып алған».
Б.Ізмұхамбетов: «Қарап отырсам, бүкіл үйлер мен жерлер сатылыпты. Адамдардан басқаның бәрі сатылған. Не деген тәртіпсіздік? Бәлкім, Исатай-Махамбет ескерткіші де сатылған шығар?».
САЛАМЫЗ, СОСЫН БҰЗАМЫЗ
Енді «концерт» мәселесі туралы.
«Айтыңыздаршы, кезінде Нұрсая ықшамауданындағы концерт залын салу жобасы қалайша сараптамадан өткен? Қазір ғимараттың күмбезін бұзу керектігі анықталып жатыр. Егер бұзылмаса, концерт болып жатқан кезде ол көрермендердің төбесіне опырылып құлайды екен. Ол Құрылыс нормалары мен ережелері бұзылып салынған», - деп хабарлады облыс әкімі абыржыған депутаттарға.
Ахуалды облыс әкімінің орынбасары Тимуржан ШӘКІМОВ түсіндірді. Облыстық әкімдіктің тапсырысы бойынша Құрылыс істері жөніндегі комитеттің ғылыми институты концерт залының ғимаратына тексеру жүргізген. Оның қорытындысы бойынша, 90 пайыз темір-бетонды құрылымды бұзу керек, өйткені опырылып құлау қаупі бар екен.
«Металл күмбез бен сыртқы әйнектерді алып тастау керек. Тек металл бағаналарды ғана қалдыруға болады, ал қалған темір-бетонды құрылымдарды күреп тастау қажет. Ол жерде үш қатарлы монолитті құрылым бар. Соны іргетасқа дейін құлату керек. Өйткені темір-бетонның маркасы Құрылыс нормалары мен ережелеріне сай келмейді. Қазір жобаға түзету жұмыстары жүргізілуде. Жыл аяғына дейін бұл жұмысты аяқтауы тиіс. Концерт залы бойынша әлі көп жұмыс жасау керек», - деп мәлім етті әкім орынбасары.
Сессиядан кейін біз Т. Шәкімовпен хабарласып, бізге институт қорытындысын көрсетуді өтіндік. Ол әзірге жазбаша қорытынды жоқ екенін, сессия кезінде тексерумен айналысып жатқан сарапшылардың ауызша мәлімдемелерін келтіргенін айтты.
САЛАМАТТЫ ДА ҰМЫТПАДЫ
Депутаттар политехникалық колледжге жерлесіміз, Қазақстан Компартиясының Гурьев және Маңғышлақ обкомының бұрынғы бірінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы Саламат МҰҚАШЕВТЫҢ (1927-2004 жж.) есімін беру, сондай-ақ, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансеріне еңбек сіңірген фтизиатр, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Жігер ҚАРИННІҢ (1942-2004 жж.) есімін беру ұсыныстарына бірауыздан дауыс берді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ