Атырау, 26 қараша 14:45
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Экс-әкім «лаңкестікке қолдау көрсеткен» бе?

4 348 просмотра

Кейбір ақпараттық агенттіктер дереккөзге сілтеме жасамастан, «лаңкестікке қолдау көрсетті» деген айып бойынша Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВҚА қарсы тағы бір қылмыстық іс қозғалғандығы туралы ақпаратты таратты.

ЖЕР ТЕЛІМІ БОЛҒАН БА?

Рысқалиев исламның дәстүрлі емес ағымын ұстанушыларға жер телімін беріпті, сол жерде салынған мешіт «экстремизм мен терроризмді насихаттайтын орталыққа айналған». Тіпті кейбір БАҚ-тар «өңірде қамауға алынғандардың көпшілігі осы мешітке барған, мешітте лаңкестік насихатталып, лаңкестік әрекеттерді қаржыландыру үшін ақша жиналған» деп растайды.
Біз бұрынғы әкімнің тұсында өркендеген лаңкестіктің шоғырланған жерін анықтамақ болдық. №1 үміткер – қаладағы Рембаза ауданында орналасқан алғашқы жеке «Ат Тақуа» мешіті. Ол 2000 жылдардың басында дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушылар жиналатын мешітке айналған. Алайда қаладағы каратэ өнері бойынша танымал жаттықтырушы әрі кәсіпкер Шәриполла САЙФУЛЛИН бұл мешітті 2002 жылы салып, көп кешікпей оны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (ҚМДБ) берген. Осылайша, ол Рысқалиев, тіпті Аслан МУСИН әкім болғанға дейін ресми діннің бөлшегіне айналған еді. Айтпақшы, Мусиннің тұсында Балықшыдағы мешітті салуға жер телімі берілген болатын. Бұл ақпаратты облыстық «Иманғали» мешіті растады. Наиб-имам (бас имамның орынбасары) Мұрат ҒАЗИЗОВТЫҢ айтуынша, бұл Абай атындағы мектептің артындағы жер телімі. Алайда ол проблемалы жер болып шыққан:

- Ол жерден түрлі коммуникациялардың көпшілігі өтеді, соның салдарынан мешітті салу мүмкін болмай отыр. Діни басқармаға басқа жер телімі берілмеді, әкім Рысқалиевтан біз ештеңе алған жоқпыз, - деп растайды бұрынғы әкімнің кезінде де «Иманғали» мешітінде жұмыс істеген наиб-имам.

Мешітті жеке тұлға салдырған деп жорамалдауға болады. Олай болса, бұл мешіт заңсыз болар еді: Қазақстандағы бүкіл діни ғимараттарды тек қоғамдық бірлестіктер ҚМДБ келісімі бойынша ғана сала алады. Ал облыстағы ресми дінбасылардың мәліметтері бойынша, соңғы бірнеше жылда оларға мұндай өтінішпен ешкім келмеген.

 

ҚОР МА, «ОБЩАК» ПА?

Материалды дайындау барысында қызықты фактілер көрініс тапты: 2011 жылы желтоқсанда жұртшылықпен кезекті кездесулердің бірінде сол кездегі әкім Бергей Рысқалиев «Привокзальныйдағы мешіт құрылысы үшін арнайы құрылған» қор бар екенін, сол кезде ол қорда 180 млн теңге жеке қайырымдылық қаржылары жатқандығын атап өткен еді.

Қай мешіт, қандай қор, ол ақшалар қайда? Біріншіден, Привокзальныйдан мешіт салуға жер берілмегені белгілі, оны салуға ешкім рұқсат сұрамаған. Ал біздің дереккөздеріміздің мәліметтері бойынша, бұл қор 2006-07 жылдары құрылыс басқармасының жанынан, яғни Рысқалиев әкім болып тұрған кезде құрылған. Ол ізгі істер қорына қарағанда, кәсіпкерлерден алынған «құрмалдықтар» шоғырланған «общакты» еске түсіреді екен (дереккөздер мұнымен Бергейдің інісі Аманжан РЫСҚАЛИ айналысқан деп растайды). Түскен ақшалар негізінен «түрлі құрылыс нысандарына» жұмсалып отырған. Дәл қандай нысандарға екенін дереккөз айта алмады, алайда ғибадатханаларға жұмсалмағаны айқын. Бүгінде қордың есепшотына қаржы полициясының департаменті тыйым салған.

 

ЭКС-ӘКІМ САҚАЛДЫЛАРДЫ ҰНАТПАЙТЫН

Ендеше қай мешіт туралы сөз болып отыр? Әзірге белгісіз күштердің Бергейді діни фанаттарға қолдау көрсетті деп айыптауына сену қиындау: экс-әкім ресми дінге деген салқын қарым-қатынасымен және дәстүрлі емес діни қозғалыстарға, әсіресе, 2010-2011 жылдары бірінен соң бірі орын алған лаңкестіктерден кейін төзе алмайтындығымен белгілі болатын. Әр сөзінде дерлік ол діни экстремизмге төзуге болмайтындығын насихаттап, балаларды исламға ерте жастан тартуды айыптаған еді. Кейде, тіпті шектен шығып, имамдарды облыстық әкімдік арқылы тағайындау керектігі туралы мәлімдеме де жасаған болса, ал енді бірде тәртіп орнату үшін облыстық мешітке полицей жасағын енгізуді ұсынған еді.

Жаңа қылмыстық іс туралы ақпараттың шығу тегінің беймәлімдігі және оның бұлыңғырлығы ойлануға түрткі болып отыр. Бәлкім, бұл ең атышулы процесске «антитеррорлық күрес» тізбегінің бірі деп мәртебе беріп, жабық процесске айналдыру тәсілі шығар.

Соңғы екі жыл ішінде көз жеткізу үшін мұндай істермен жете танысу жеткілікті болды - бұл істер жабық режимде өтті. Бірақ егер айыпталушы орындығында Рысқалиевтың өзі отырған болса, бұл шындыққа сай келер еді. Онда процессті жабық өткізуге тырысу әрекеті түсінікті болар еді. Өйткені ашық түрде экс-әкім жоғары сатыда тұрған тұлғалармен өзара қарым-қатынасы туралы артық егжей-тегжейлі ақпараттарды жайып салуы мүмкін еді. Оның үстіне, бұлай болмайды да: экс-әкім мен оның айналасындағылар қашып жүр.

Істі сырттай қарау тәжірибесі ерекше жағдайларда ғана қолданылады. Бізге тек Қазақстанның жаңа тарихында осындай екі жағдай ғана белгілі. Әкежан ҚАЖЫГЕЛДИН мен Рахат ӘЛИЕВ сырттай сотталды. Ал Бергей, саяси тұрғыда оларға тең тұлға емес.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

10 желтоқсан 2013, 10:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.