4 желтоқсанда облыс әкімінің орынбасары Тимуржан ШАКИМОВТЫҢ төрағалығымен облыстық әкімдікте өткен жиналыста Атырау қаласының 2045 жылға дейінгі Бас құрылыс салу жоспарының тұжырымдамасы қабылданды.
Жиналысқа қалалық сәулет-құрылыс бөлімінің қызметкерлері, облыстық мәслихаттың бірқатар депутаттары, ірі кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.
Ең маңызды архитектуралық құжатты әзірлеудің бірінші кезеңінің аяқталғаны туралы «Казгипроград-1» жобалау институтының (Алматы қ.) директоры Валентина БАРКОВА сөз сөйледі.
Ескі бас жоспарды «Бас жоспарлар орталығы» КМК 2000 жылы әзірлеп, 2002 жылғы тамыздағы үкімет қаулысымен бекітілген еді. Оның мерзімі 2015 жылы аяқталады. Құжат бойынша, осы кезеңде Атырау қаласының халқы 220 мың адамды құрайды деп болжанған. Қазір «мұнайлы астананың» халқы Балықшы мен Жұмыскер селолық округтарын қосқанда 213 мың адамды құрайды.
«Казгипроград-1» мамандары жүргізген талдаулар құрылысшылардың кей жағдайларда Бас жоспар талаптарын сақтамағанын көрсетті.
- Коттедждер құрылысын салу кезінде, әсіресе, қоғамдық, жасыл аймақ деп қарастырылған Жайық өзенінің жағасында көптеген аумақтан шығып кетулер туындаған, - дейді В. Баркова. – Бас жоспарда Нұрсая ықшамауданы саяжайлық үйлерден құралып, аумақтың қалған бөлігі спорттық-саябақтық аймаққа берілетін болады деп қарастырылған. Алайда ықшамауданда негізінен көп қатарлы үйлер салынуда. Тіпті Сәтпаев және Әлиев даңғылдарынан әуежайға дейінгі жердің барлығында дерлік құрылыс жүріп жатыр. Бұл үйлер тұрған жер әуежайдың шулы әсер ету аймағына жатады және экологиялық талаптарға қайшы келеді. Сонымен қатар, бұл аумақ геологиялық тұрғыдан тұрғын үй салуға қолайсыз жер.
Сәулетші халықаралық әуежайды кеңейтуді тоқтатып, Махамбет селосы аумағынан жаңа әуежай салуды ұсынды.
- Бас жоспарға қатысы жоқ үш автокөлік көпірі салынды. Әлиев – Сатыбалдиев көшелері бойымен салынған көпір Әлиев – Баймұханов көшелері арқылы салынуы керек еді. Балықшы көпірін оңтүстікке - Дамбыға қарай әрірек салынуы қажет еді. Жилгордоктағы көпір Бас жоспарда мүлдем болмаған.
«Казгипроград-1» қызметкерлері болашақ Бас жоспардың төрт нұсқасын ұсынды.
Біріншісі – «жинақы» деп аталған түрі – қала барлық дәстүрлі қалыптасқан бағыттарда өсіп, әуежайды көшіру арқылы оңтүстік-батыс бағытына кеңейеді.
Екінші – «түзулік» деп аталған түрі – қала тек Жайық бойымен солға қарай өседі. Тұрғын үй кварталдары Атырау – Орал және Атырау – Индер тас жолдары арасындағы жерге тігінен Махамбет ауданының Талдыкөл ауылына дейін қалыптасады. Әлия Молдағұлова көшесі орталық көше болып, солтүстікке қарай созыла түсіп, жаңа құрылыс салынатын аймақтарды қалаға қосатын болады. Үшіншісінің – «түзулік-оқшаулық» деп аталған түрі – екіншісінен айырмашылығы тұрғын үй массивтері «шағын аралдар» сияқты болып бөлек-бөлек қалыптасады да, орталығы Махамбет ауданының Береке ауылы болады. Бұл нұсқаның бір кемшілігі, әр «аралға» жеке коммуникация жүйесін жүргізу керек.
Төртіншісі – «секторлық» деп аталатын түрі – қала крест тәрізді қалыпқа келеді, яғни, Астрахан – Атырау – Ақтөбе, Атырау – Орал және Атырау – Индер жолдары бойымен сөзылатын болады. Бұл нұсқа экологиялық тұрғыдан тиімсіз, өйткені тұрғын үйлер Жайықтан алыстап, Қарабатан өнеркәсіптік аймағына жақындайды.
Жиналыста Баркованың «Жайық өзені ауаны ылғалдандырып, жағадан сегіз жүз метрге дейін оны тазартады» деген сөзі қатысушыларға қатты әсер етсе керек, барлығы екінші – «түзулік» нұсқаны құптады. Айтпақшы, Шакимовтың айтуынша, жиналыс алдында облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ те жобамен танысып, осы екінші нұсқаны таңдаған екен.
Енді, Бас жоспардың тұжырымдамасы бекітілгеннен кейін, Казгипроград қызметкерлері облыс орталығы халқының өсімі туралы болжалды деректеріне сәйкес (2045 жылға дейін 400 мыңға жетеді деп болжанған) нақты жоспарлауға көшеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ