Шетелдік фирмаға жұмысшылардың бос орнына Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жергілікті жұмыссыздар қатарынан 44 үміткерін жіберген еді, бірақ олардың ешқайсысы сай келмеді. Оған біздің қызметкерлеріміздің біліктілік деңгейінің төмендігі ме, әлде жұмыс берушілердің жоғары талаптары мен оқу орталықтарындағы сапасыз дайындық себеп болды ма?
ЖЫЛ САЙЫН ОН МЫҢ КЕЛІМСЕКТЕН
Бұл мәселелер Атырау политехникалық колледжінде өткен республикалық семинарда талқыға салынды. Оған еліміздің кәсіби техникалық оқу орындарының басшылары, бизнестің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен KAZENERGY қауымдастығының өкілдері қатысты. Тек мамандардың Ұлттық біліктілік жүйесін енгізу ғана еңбек нарығындағы сұраныстар мен ұсыныстарды бір қорытындыға келтіреді, - деп есептейді мамандар.
-Атырау облысында 500–дей шетелдік фирмалар мен бірлескен кәсіпорындар бар. Олар алдыңғы қатарлы стандарттар бойынша жұмыс істейді, тиісінше, олар кадрларды дайындауға жоғары талаптар қояды. Біз олар талап еткен кадрларды дайындап үлгермейміз, сондықтан шетелдік жұмыс күшін әкелу тоқтамай отыр, - деді Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Шәкіржан МЫРЗАҒАЛИЕВ.– Мен өзім жұмысшыларды әкелу квотасын беру кеңесінің мүшесімін және жыл сайын бізге келетін адамдар 10 мыңнан аз болмайтынын білемін. Даулы сәттердің бірі – шетелдік фирмалар бос жұмыс орындары туралы жариялайды, бірақ біз жіберген жұмыссыздар қатарынан үміткерлерді қабылдамайды.
Мырзағалиевтың пікірінше, мәселе біздің жұмысшылардың белгілі бір іскерлік икемділіктерінің жоқтығында ғана емес, ұлттық біліктілік жүйесінің жасақталу процесінде жатыр екен:
- Осы себепті біздің жұмысшы-ларымыздың өз жұмысын білетіндігін дәлелдеуге және жұмыс беруші компанияның талаптарының қаншалықты негізді екенін бағалауға мүмкіндігіміз жоқ. Өткен жылы өңірлік кәсіптік техникалық білім беру кеңесінде облыстық Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының алдына сертификаттаудың тәуелсіз орталығын құру міндетін қойдық. Орталықты құру процесі басталып кетті, ресейлік үлгіні негізге ала отырып, емтихан сұрақтарын облыстық білім беру басқармасы жанындағы әдістемелік кабинет жасақтауда. Әйтпесе, қисынсыз жағдай болып шығады: біздің өңірімізде кәсіпорындар көп мөлшерде бола отырып, жергілікті мамандардың қызметі сұранысқа ие болмай қалады, - дейді Мырзағалиев.
Тек Атырау облысында 24 кәсіптік-техникалық білім беру мекемесі, соның ішінде 6 жекеменшік колледж бар. Кәсіптік-техникалық лицейлер мен колледждерде 81 мамандық бойынша 15 мыңнан астам студент білім алуда.
ЕУРОПАДАҒЫДАЙ БОЛСЫН
Ұлттық біліктілік жүйесін құру және енгізу – күрделі, көп деңгейлі жоба. Ол тек білім беру жүйесін жаңартуға ғана емес, жұмыс берушілердің менталитетін өзгертуге бағытталған. Мәселен, Ұлыбританияда осындай жүйені құру процесіне ондаған жылдар кетті. Ресейде бұл жұмыс 2008 жылы басталды. Ал Қазақстанда 2009 жылы алғашқы қадамдар жасала бастады. Жұмыс Дүниежүзілік банктің есебінен жүзеге асатын техникалық және кәсіптік білімді жаңарту жобасының аясында жүргізіледі. Жобаға тапсырыс беруші білім және ғылым министрлігі болып табылады. Оған бірқатар министрліктер мен ведомстволар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, KAZENERGY қауымдастығы, сонымен қатар салалық қауымдастықтар, түрлі пәндердің оқытушылары мен сарапшылары қатысады. Қазіргі кезде Қазақстанда сегіз деңгейлі Ұлттық шеңбер мен экономиканың бүкіл саласы бойынша кәсіби стандарттар енгізілген Ұлттық біліктілік жүйесі құрылуда. Еуропалық сегіз деңгейлі біліктілік жүйесі негізге алынған. Онда әр деңгей белгілі бір кәсіптік міндеттердің түрлі күрделілік деңгейін білдіреді. Біліктіліктің мұндай шеңберіне колледж түлектерінен бастап жоғарғы тізбек басқарушыларына дейінгі бүкіл мамандар дерлік ілігеді. Жоба конкурстық негізде жүзеге асады, оған шетелдік те, отандық та компаниялар қатыса алады. Негізінен Дүниежүзілік банктің заемын шетелдік сарапшыларды тартқан қазақстандық компаниялар игерген.
– Бізде дүние жүзіндегідей үнемі заманауи жабдықтары бар жаңа өндірістер пайда болады, еңбек нарығында мамандарға қойылатын талаптар мен мамандар дайындау үшін білім беру мекемелері қолданатын стандарттар арасында қарама-қайшылықтар туындайды. Осы екі нарықтың – білім мен еңбектің тоғысуы үшін біліктілік жүйесі қажет, - дейді Білім және ғылым министрлігінің жоба басқару тобының үйлестірушісі Құралай ӘКІМҚҰЛ.
Қазіргі уақытта жоба шеңберінде экономиканың 10 саласы бойынша 487 мамандықты қамтыған 81 кәсіптік стандарт жасақталды. Биыл 200-ден астам мамандықты қамтитын тағы 66 стандарт жасақталуда.
Ұлттық біліктілік жүйесін жасақтаушы және идеологтарының бірі, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Валерий ЦОЙДЫҢ (суретте) айтуынша, бүгінде елімізде көбінесе бір-біріне қарама-қайшы келетін және түсінбестік тудыратын көптеген кәсіптер мен мамандықтардың тізілімдері бар екен. Олардың орнына бірыңғай, үнемі жаңарып отыратын жіктелім құрылатын болады. Ол сонымен қатар, бизнестің, жұмыс берушінің және білім беру жүйесінің арасындағы үнемі өзара әрекет етудің маңыздылығын атап өтті:
- Жұмыс берушілердің тапсырысын біреу тұжырымдап, өңдеп, жіберуі тиіс. Бұл қызметті жұмыс берушілер бірлестіктері, түрлі қауымдастықтар атқаруы тиіс. Бірақ бүгінде олардың өздері мұны жасай алмайды. Сондықтан біз, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жұмыс берушілерге осы стандарттарды дайындауға қол ұшын беретін сарапшы-кеңесшілердің кәсіптік корпусын құруды мақсат етіп отырмыз.
Зульфия ИСКАЛИЕВА