Атырау, 26 қараша 14:22
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Мен қарсымын!

3 091 просмотра

Жыл басынан бері Қазақстанда еңбек дауына қатысты 150 наразылық акциясы тіркелді.

– Көбінесе дау-жанжалдар өндіруші саладағы шетелдік қатысы бар кәсіпорындарда орын алады. Негізінен олардың бірдей жұмысқа төленетін еңбекақы айырмашылығына қатысты болып жатады, – деп нақтылады ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат АМАНДЫҚОВ Атырауда өткен шетелдік қатысы бар кәсіпорындардағы әлеуметтік жанжалдарға арналған «дөңгелек үстелде».

 

БЕЙМАЗА БАТЫС

Осы тұрғыда еліміздегі ең беймаза өңір – Маңғыстау – ол жерде ресми түрде8 ірі ереуіл тіркелді.5 рет қарағандылық жұмысшылар (басым бөлігі «АрселорМиттал» корпорациясының жұмысшылары) ереуілге шықты. Еңбек наразылығына қатысты екі елеулі акция Атырау облысында өтті. 2013 жылдың 18 наурызында «Агрипайп Азия» ЖШС-нің («ТШО» ЖШС-нің мердігері) 44 қызметкері уақытында аударылмаған зейнетақы жарналары мен еңбекақының кешеуілдеуі себепті жұмысқа шығудан бас тартты. Ереуіл барысына мемлекеттік еңбек инспекциясы араласқаннан кейін 19 наурызда жұмысшылар жұмысқа шығып, жалдаушы бүкіл төлемдерді төледі.

2013 жылдың 7 шілдесінде жасанды D аралында жұмыс істейтін «КЭЙП Индастриал Сервисез Лимитед» КФ пен Manpower Service Ltd ЖШС-нің («Аджип ҚКО» компаниясының мердігер және қосалқы мердігер компаниялары) 200 қызметкері өздерінің қызметтік міндеттерін орындаудан бас тартты.

Ереуілдің себептері – еңбек шартын заңсыз бұзу болып отыр: жұмыс беруші штаттың қысқаруына байланысты берілетін өтемақыны төлеуден жалтарғысы келген. Мемлекеттік инспекция мен прокуратураның тексеру қорытындылары бойынша ұйғарым шығарылып, 2 млн теңгедей сомада әкімшілік айыппұл салынды.

Ереуілдердің орын алу себептерінің жиынтығы: нормаларға сай келмейтін еңбек шарттары, еңбекақының төмендігі, еңбекақы мен әлеуметтік төлемдер бойынша бережақтар (ҚР-дағы 82 кәсіпорындағы бережақ 1 204,9 млн теңгені құрайды, оның ішінде Атырау облысы бойынша1 454 жұмысшы алдындағы бережақ - 160 млн теңге), сонымен қатар қазақстандықтар мен шетелдіктердің еңбекақыларындағы айырмашылықтар болып отыр.

 

БӘРІ ДЕ БҰЗАДЫ

- Шетелдік жұмысшы қазақстандық жұмысшымен бірдей жұмыс атқарса да, екі, үш, тіпті он есе көп жалақы алатын жағдайлар аз емес, - деп мәлімдеді Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Салауат ИШАЙ. – Биылғы жылы шетелдік қатысы бар компанияларға тексерулер жүргізіліп, бірдей еңбектің еңбекақысын төлеуге қатысты қазақстандық жұмысшылардың еңбек құқықтарының жаппай бұзылуы анықталды. Мәселен, «Пундж Ллойд Казахстан», «Фиркрофт Инжиниринг Сервисез Лимитед» КФ, «Экспертиз с.р.л.» КФ, «Қазмұнайсервисез энд Контрактинг» компаниясының Атырау филиалы, «Сичим С.п.А.» КФ, «Тоцци Казахстан» ЖШС, «ФорКвест Энерджи Инк» компаниясының Атырау филиалы, «Sinopec Engineering» КФ.Біздің статистикамыздан көрініп тұрғандай, наразылық акциялары мұнай жобаларының екі негізгі операторлары: «Теңізшевройл» ЖШС мен «Аджип ҚКО» компанияларының мердігер кәсіпорындарында туындайды.

Айта кету керек, бұл компанияларда еңбек қарым-қатынастары бөлімдері бар. Олар өздерінің мердігер және қосалқы мердігер мекемелерінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамаларының сақталуына аудит жүргізеді. Алайда іс жүзінде олар тек фактілерді ғана баяндайды, еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік проблемаларды шешу жөніндегі әрекет ету алгоритмін жасақтамайды, дауларды өршітпеу шараларын алмайды.

Сонымен қатар, дөңгелек үстелде жұмыс орындарын жаппай қысқарту тәжірибесі қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіретін жағдайдың бірі ретінде қаралды. Облыстық прокуратураның мәліметтері бойынша, тек біздің облысымызда жыл аяғына дейін 20 кәсіпорында3 мыңдай жұмыс орнына дейін қысқартулар болады деп күтілуде.

Көбінесе аяқ астынан ереуілдерге шығу жұмысшылар үшін проблеманы шешудің бірден-бір қолжетімді құралы ретінде қаралады. Бірақ одан басқа да жолдар бар, деп растайды «Самұрық-Қазына» АҚ Әлеуметтік серіктестік орталығының бас менеджері Досмұхамбет КӨШІМ:

- Мәселен, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы үшін жұмыс істейтін медиация институты. Ол тәуелсіз тұлғаның, медиатордың қолдауымен келіссөз процесінде тараптар арасындағы дауларды реттейді.

 

ҚОЙЫН ДӘПТЕРДЕГІ БЕЛГІЛЕР

Бұл тәжірибелерді біріккен кәсіпорындар қаперге алып отыр ма, белгісіз. Семинарда ТШО тарапына, мәселен, мемлекеттік органдардың тарапынан мердігерлік және қосалқы мердігерлік ұйымдардың селқостығы мен ашықтан-ашық елемеушілігіне қатысты қатаң зіл айтылды.

- Қазір «Каспий проджект Казахстан» компаниясында еңбек дауы пісіп жетілді, ал бұл туралы ТШО-ның бас директоры Тим МИЛЛЕРГЕ хабардар етілгенде, ол тағы да істен басын алып қашты, - дейді Ишай.

ТШО-ның адам ресурстарын басқару жөніндегі менеджері Азамат ХАСАНОВ (айтпақшы, әуел бастан спикерлер тізімінде Тим Миллердің  өзі тұрған, бірақ ол келген жоқ):

- Бұл бас мердігер келісімшарттар жасаған қосалқы мердігер мекемелер. ТШО-ның оларға ешқандай қатысы жоқ, біз үшін бұл үшінші тарап. Сондықтан ТШО бұл компанияларға тікелей ықпал ете алмайды.

- Теңіздегі КПК сіздің бас мердігеріңіз, - деп қайтарып тастады Ишай. –  Осы компанияның жұмысшыларымен кездесулердің бірінде сіздердің өкілдеріңіздің қатысуы айқындылық әкелмеді. Өйткені олар бар болғаны тыңдап, қойын дәптерлеріне түртіп жазып алды. Бұған жұмысшылардың көңілдері көншімеді: олардың бірде-бір сұрағына «Теңізшевройл» жауап берген жоқ. 

Алайда ТШО бұл жолы да жағдайға түсінік бермеді.

 

ЕЛЕС БӨЛІМ

Шетелдік қатысы бар ірі тапсырыс берушілерге Атырау облысы прокурорының орынбасары Серік ШАЛАБАЕВ та осындай наразылығын білдірді:

- Көбінесе наразылық білдіруге кәсіпорын басшыларының адамдардың сөзіне құлақ асқысы келмеуі, олардың түсінуге тырыспауы себеп болып жатады. Тапсырыс беруші өз өкілеттіктеріне сай мердігер компаниядан заңнаманың сақталуын талап етуге міндетті.

Бұған Аджип ҚКО-ның мердігер мекемелері болып табылатын «Манпауэр Сервисез» бен «Кейп» компанияларының жұмысшылары қатысқан Қашағандағы ереуіл мысал бола алады. «Манпауэр Сервисез» компаниясына тексеру жүргізу нәтижесінде жұмысшылардың еңбек құқықтарының бұзылғандығы анықталды. Соның ішінде заңнаманың талаптарына көрінеу сай келмейтін еңбек келісімшарттары жасалған. Өкілетті органдармен бірге прокуратура қабылдаған шаралармен еңбек келісімшарттары заңға сай жасалды. 160 млн теңгеден астам мөлшерде жұмысшылардың пайдасына еңбекақы мен өтемақы сомасы өндіріліп алынды.

Алайда тапсырыс беруші мердігердің ұзақ уақыт бойына жұмысшылардың еңбек құқықтарын бұзып отырғандығын жайбарақат бақылап отырып, ешқандай шара алмады. Ал Аджипте негізгі міндеттері мердігер мекемелерде (бұл 30 шақты мердігер және қосалқы мердігер мекемелер, ондағы жұмысшылардың жалпы саны7 мыңдай адам) еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету болып табылатын тұтас бөлімше бар. Мердігер кәсіпорындар тапсырыс беруші компания тарапының бақылауында болуы керек. Өйткені, қазіргі нарықтық заманда бақылаушы органнан айыппұл алғаннан гөрі келісімшартты жоғалту анағұрлым қорқынышты.

Шалабаев прокуратураның ұсынысы ретінде тапсырыс беруші компанияның басшыларын жеке жауапкершілікте болуға міндеттеу керек деген ұсынысын жеткізді:

- Еңбек дауының туындау фактісі бойынша ең алдымен кәсіпорынның бірінші басшысының және осы саладағы қарым-қатынасты реттейтін лауазымды тұлғаның жауапкершілігін қарастыру қажет.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

5 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.