АМӨЗ-дің оңтүстігіне қарай он шақырым жерде қолдан жасалған тұщы көл пайда болған.
Сол маңда кәсіпшілікпен айналысатын аңшылардың айтуынша, ол осыдан екі ай бұрын «АМӨЗ» ЖШС-не тиесілі және АЖЭО-ның «жылы» каналынан бастау алатын каналдан аққан судан түзілген («жылы» каналға су жылу электр орталығының қазандықтары салқындатылғаннан кейін құйылады).
…Анағұрлым кең «жылы» каналдан аққан су перпендикуляр орналасқан оң жаққа кететін жіңішке каналға құйылады, сол жерде қолдарына балық аулайтын құрал ұстаған бірнеше адам тұрды. Олардың ешқайсысы оңтүстікке қарай түзілген көл туралы білмейді екен, бірақ біраз уақыттан бері каналдағы су ағысы күшейгенін байқағандықтарын, бәлкім, сондықтан да бұл жердегі балық әжептәуір көбейген шығар дегенді айтты. Балық аулаушылар дәлел ретінде сөмкелерін көрсетті. Олардың әрқайсысында жиырма шақты ұсақ мөңке балықтар бар екен. Жағалаудан бес шақырымдай бойлай жүрген соң байлаулы тұрған қолдан жасалған қайық пен судағы браконьерлік ауды көрдік.
Тағы бір бес шақырымнан соң жергілікті аңшыларға олжа тарту еткен көлді көрдік (айтпақшы, өткен демалыста үйрек аулау маусымы аяқталған болатын). Каналды жақын арада әрі қарай оңтүстікке біреудің қазғаны көрініп тұр, ал әрірек Сасықсай жаққа қарай бұрылатын бұрынғы сағасының бір бөлігін жауып тастаған. Нәтижесінде ойпаңды жерінде бірнеше шақырымдай диаметрде үйректер мен қаздардың сүйікті орнына айналған су қоймасы түзілген.
– Бұрын бұл канал бізге тиесілі болатын, – дейді АМӨЗ-дің экологиялық қызметінің жетекшісі Абдолла БЕКБАЕВ. – Жапондық қайта жарақтаудан кейін зауытта заманауи айналымдық сумен қамту жүйесі салынған кезде біздің зауытта су тұтыну төмендеді, бұл каналды пайдаланудың қажеті болмай қалды. ЖЭО, керісінше, оның қуаттылығының көбеюіне байланысты қосымша каналға мұқтаж болды. Сондықтан канал жылу электр орталығына ұзақ мерзімге жалға берілді.
Біз «АЖЭО» АҚ бас инженері Борис РАМАЗАНОВҚА қоңырау шалдық. Әңгіме барысында ол судың құйылуы осы жердің экологиясына жақсы әсер ететінін, «Алғабас» ЖШС өзінің шабындық жерлерін суару үшін ЖЭО каналдарының суын пайдаланатынын және олардың алаңын көбейту мүмкіндігіне риза екендігін айтты.
- Бірақ егер «Алғабас» ЖШС қаласа, онда біз Маломокринский ойпатына су жіберуді тоқтатамыз, - деп мәлімдеді Б.Рамазанов.
Күткеніміздей, «Алғабас» ЖШС директоры Үмбет СҰЛТАНОВ түзілген көлге құйылатын су ағынын жабуға қарсы екенін білдірді:
– Маған бір адамдар келіп, теңізден балық аулайтындарын, ал су толған ойпат арқылы өтетін жол бар екенін, сол жолмен қалаға балық таситындықтарын айтты. Суды жабуды өтінді, мен оларды қуып жібердім. Ал ЖЭО-дан жіберілетін су, әрине, бізге пайдалы. Біз Приморск суару жүйесі каналының төңірегіндегі жерлерден биыл 500 тонна шөп шаптық. Оның бір орамын 4 000 теңге бағамен сатамыз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ