«Атыраудың үйсіз жануарларына көмек» қоғамының мүшелері «Атырау» шипажайы маңында қансырап қашып жүрген төбетті ұстай алмай, әуреге түсіп жүр.
Иә, иә, қаламызда осындай ұйым бар екен. Оны Татьяна МАЁРОВА мен Елена ЩУКИНА басқарады екен. Олар қазірдің өзінде көптеген қаңғыбас иттерді суық пен ажалдан арашалап, мейірімді қолдарға өткізіп үлгерген.
Ал «шипажайлық» итке келетін болсақ, қыздар VK әлеуметтік желісінде жануарлар тағдырына бей-жай қарамайтын қала тұрғындарына үндеу жолдапты.
- Ол иттің күшік кезінде мойнына жіп байланған сияқты, кейіннен өскенде жіп терісіне сіңіп кеткенге ұқсайды, - деп түсіндірді Татьяна. – Көп уақыттан бері біз оған тамақ беріп, өзімізге тартуға әрекет жасап жүрміз. Алайда ол бізді өзіне жақындатар емес. Оның қаншалықты азап шегіп жүргенін көріп отырмыз, адамдардан байғұс жануарды қалай құтқаруға болатыны жөнінде ұсыныстар беруін өтіндік. Жақын әзірде оған көмек бере аламыз деп үміттенеміз.
Қыздар, сондай-ақ, үйсіз төрт аяқтыларға ие болатын жандарды іздеумен де айналысады.
- Бәрі гараждар маңынан табылған қаңғыбас иттің күшіктерінен басталды, - деп еске алады Елена. – Біз оларды өзімізге алып, біртіндеп әр түрлі отбасыларға үлестірдік. Жануарларды бізде болған кездерінде жуындырамыз, бүргелерден тазалаймыз, қалыпты түрге келтіреміз, егер қажет болса, емдейміз және міндетті түрде іш айдайтын дәрі береміз.
Ең алғаш қамқорлыққа алған Дейзи атты күшіктің оқиғасы бақытты аяқталды. Күшікті екі әдемі егіз қызы бар әке үйіне алды. Граф есімді күшік пен оның Шейла деген қарындасы да жақсы қолға берілді. Ал кішкентай Гертруда, тіптен, Астанаға кетті, оның иесі бас қалаға қоныс аударды.
Жақында Стройконтора маңынан табылған ит күшіктеді. Олар әзірге әлі кішкентай және аналарымен бірге болады, алайда еріктілер қазірдің өзінде оларға ие іздестіруде.
- Біздің интернеттегі бетшемізден кез келген адам өзіне қажетті жануарды тауып қана қоймайды, сондай-ақ, мейірімді қолдарға өткізгісі келген жануарларының да суреттерін сала алады, - дейді қыздар. - Біз тамақ, дәрі түріндегі кез келген көмекті ризашылықпен қабыл алар едік. Өзіміз де көмек қолын созуға әрқашан дайынбыз – мүмкін біреулердің жануарға тамақ беруге, емдеуге, тазалауға, кестіруге қаржысы жоқ шығар... Егер кімде-кім өз жануарын жоғалтып алса, табам деп үмітін үзбесе, бізге хабарлассын – қолымыздан келгенше көмектесеміз.
...Бізден мұны неге жасап жүрсіңдер деп үнемі сұрайды. Мұның астарынан бір жымысқы ойды да іздейді. Біз жай ғана жануарларды жақсы көреміз және олардың мүшкіл халдерін көргенде жандарынан жайбарақат өте алмаймыз. Питер Скотт айтқандай, біз барлығын құтқара алмасақ та, мұны жасауға емеурін білдірмеген адамдардан көп құтқара аламыз.
Анастасия ПАСТУХОВА