Ж. Молдағалиев көшесі, №33А мекенжайында орналасқан жатақхана тұрғындары жаңа үй беруді үзілді-кесілді талап етуде.
ӘЙЕЛДЕР ЕРЕУІЛІ
20 қараша күні таңертең отызға тарта белін бекем буған әйел қалалық әкімдіктің есігі алдына жиналды. Оларды қала әкімі Жұмабай ҚАРАҒАЕВ қабылдады. Сезімдер ушыққан кездесу нәтижесінде әкім орынбасары сенбі күні үйді өзі барып қарайтын болып шешті.
...Силикат кірпіштен салынған бес қатарлы жатақхана 40 жыл бұрын тұрғызылған, содан бері қандай да болсын жөндеу көрмеген немесе тұрғындардың есінде жоқ. Дүние-мүліктеріне салғырт қарау мұндағы тұрғындардың осал жерлерінің бірі екен. Барлық құқық белгілейтін құжаттары жекешелендіру кезінде жоғалған, ПИК құрылмаған...Осындай толық коммуналдық анархияның салдары: электр желілерінің күйсіз жағдайынанөрт шығу оқиғалары жиі орын алады, кәріздік қалдық сулардың жиналуынан кіреберістерде иіс мүңкіп тұр, сыз тартып, көгерген, жарылған, қираған қабырғалар, осы жердегі нағыз кедейшіліктің көрінісі мен ауанын бойына сіңірген шірік едендер. Бірінші қатар тұрғындарының кіреберісі мынадай: қараңғы, тар да ұзын дәліз, бірде-бір шам орнатылмаған. Мұнда жарық тұрғындардың бірі бөлмелерінің есігін ашқанда ғана түседі. Аса кірпияз адамның көзіне туберкулез таяқшалары елестейтін де шығар, алайда, бұл шындықтан алыс жатқан жоқ – бұл қабырғалар кімді көрмеді десеңізші. Расында да, өкпе аурулары, соның ішінде, пневмония – тұрғындар арасында (нәрестелерде де) астма сияқты кең таралған сырқаттардың бірі.
Жоғары қабаттарда тұратындардың жағдайлары да мәз емес. Жоғары көтерілетін сатының бір деңгейден келесі деңгейге өтер жеріне алаңқай жасалмаған, адам соңғы сатыға келгенде қабырғаға тап болып, ерекше бір ептілік көрсетіп, келесі деңгейге секіріп түсуге мәжбүр...
Қазіргі билікке, сорларына бола, кеңестік кезеңнің ведомстволық жатақханалары мұрагерлікке қалды: бұрынғы үкіметтік жатақханаларды қала, әріден ойлап, өз балансына алмады, қамсыздандыруға бюджетте ақша қаралмаған, алайда ол жақтан тұрғындар маза берер емес. Олар өздеріне ешкім қарыздар емес екендігін түсінген де сияқты, капитализмнің елге орныққанына қай заман, алайда тұрмыс тауқыметі шыдатар емес, тықсырып барады. Әзірге тек жергілікті шенеуніктерге шағымданып жүр.
«БІЗ ДЕ АДАМБЫЗ ҒОЙ!»
- Көмектеспесе, әрі кетеміз, БҰҰ-ға, адам құқықтары бюросына жазамыз, «мұнайлы астананың» тұрғындары қалай өмір сүретіндіктерін бүкіл әлемге паш етеміз! - деп қорқытады Мира ҚОСЫБАЕВА (суретте).
Қысқа каре шашы бар, сәнді боянған, сөз саптауы мәдениетті де тартымды жас әйел мұндай үйде тұратын адамға ұқсамайды. Олар жұбайымен бірге 8 000 доллар ақша жинап, 2008 жылы осы 17 метрлік бөлмені сатып алған екен. Қабырға жиһазы, жұмсақ диван, дөңгелектері бар шағын шыны үстел...
- Душ кабинасын, бойлер қондырдық, интернет те бар, көріп тұрсыздар, мұнда қаңғыбастар мен ішкіштер емес, дұрыс адамдар тұрады, олардың бір кемшілігі - бұдан артыққа ақшаларының жоқтығы - деп түсіндірді Мира.– Бізде қазір 154 пәтер-бөлме бар, солардың алты-жетеуі ғана ішетін болар. Жатақханаларда тек алқаштар ғана тұрады деген қалыптасып қалған пікір бар. Ішіп кеткендердің барлығы өлді, өздеріне қол жұмсағандары да бар. Қазіргі жатақхана тұрғындары өздеріңіз сияқты дұрыс адамдар: жұмыс жасайды, оқиды, бала тәрбиелеп отыр.
-Кіреберістеріңіздің жағдайына қарап, қоқыстарын контейнерлерге дейін жеткізе алмайтын шетқақпай адамдардың саны алты-жетіден көп сияқты.
-Иә, қоқысты шашатын өзіміз... Біз үнемі мұндай адамдармен күресіп келеміз, бірақ, сорымызға қарай, бұл үйдегі 154 пәтердің 101-і жалға берілген. Уақытша тұрып жатқан адамдарға жатақхананың ережелерін сақтау керектігін дәлелдеу мүмкін емес. Қалғанының барлығын өз күшімізбен жасап жатырмыз: жыл сайын су ағып жатқан төбелерді жөндеуге тырысамыз, қабырғадағы көгергендерді жуамыз, үнемі от шашып жататын электр желілерін реттейміз. Соңғы бір айда төрт рет өрт шықты, бағымызға қарай, дер кезінде байқап, өшіріп жатамыз. Ал байқамай қалсақ, не болмақ? Міне, осылардың барлығы жүйкемізге тиіп, әкімдікке бардық.
Алғашқыда телефон арқылы қаттырақ сөйлеген Мира бұлай өмір сүруге болмайтынын маған түсіндіргісі келеді. Менің либералды көзқарастарым мына сасық иіс ауанында әлсірей бастағандай, ал «жұмыс жасау керек, бәрі де өз қолдарыңызда» деген пікірім көкке ұшты, бапталған, дені сау, әп-әсем балаларды көргенде, көп адамдардың қайталауды жақсы көретін «осындай жағдайда бала туып не керек?» деген екіұштылау сауалы есіме түскенде, ұялып қалдым. Иә, келісемін, бұлай өмір сүруге болмайды. Бұл бейне бір басқа дәуірдегі өмір сияқты, көріп тұрғаным үшін ұяламын, мұны Достоевскийше жазбасаң, сипаттай алмайсың, мұны сезіне білу керек. Әкімнің орынбасарына, маған және қасымдағы фототілшіге бұл экстримді саяхат қана болса, мұнда тұратын жүздеген адам үшін бұл - өмір салты. Олар мұнда ғашық болады, үйленеді, өмірге бала әкеледі... Айтпақшы, балалар туралы: еш нәрсеге қарамастан, мұнда балалар жиі туады екен - әр терезеден бізге сәбилердің жүздеген мөлдір көздері қарап тұр. ЕСЕНИЯЗОВТАРДЫҢ 9 шаршы метр бөлмесінде 8 адам тұрады. Ата-аналары жұмыста (әкелері вахтамен жұмыс жасайды), үлкені, колледж студенті, ұялып, камерадан сырт айналады, ал кішілері тапталған диван үстінде бір-біріне тығылуда. Интерьер, әрине, мәз емес – киім шкафы, оған қарсы диван, оның үстінде кең экранды плазма теледидар, «ас үй» кіреберістің оң жағындағы жарты метрлік қуыста, сол жағында – метр жарым ауданы бар әжетхана. Отбасы қайдан тамақ ішеді деп сұрау ыңғайсыздау болар, үстел жоқ, ал алты бала мен әке-шешесі қайда жататынын түсіну қиын-ақ...
БАРЛЫҚ ҮМІТ АЯЗ АТАДА
Тұрғындардың өз стратегиясы бар – олар үй апатты жағдайда деп танылса екен дейді. Олар бұл күнді жақындатуға тырысып та баққан: ешқашан ПИК құрмаған, терможаңғырту бағдарламасына қатысудан үзілді-кесілді бас тартқан, олар, тіпті, тегін жөндеу жұмыстарын жүргізуге де қарсы. Олардың мақсаттары анық – үйді күреу керек. Менің субъективтік пікірім – олардікі дұрыс, кез келген жөндеу тек қирау уақытын ұзартады. Дөрекі анекдоттар тілімен айтсақ, науқас тіріден гөрі, өліге жақын.
Қарағаевтың айтуынша, ТКШ бөлімі қазір үйдің құқық белгілеу құжаттарын қалпына келтірумен айналысып жатыр. Сонымен қатар, қала жағдайды бағамдап, қаражат та тауып, ғимараттың апаттылығын анықтау үшін мамандандырылған ұйымның зерттеуіне тапсырыс беріпті. Алайда, әкім орынбасарының айтуынша, үй апатты деп танылса да, қаланың дәл қазір мемлекеттік резервтен154 пәтер бөлуге жағдайы жоқ.
- Сіздер апатты үйлерден кезекке тұрғандардың жеңілдікті тізіміне қосыласыздар және күтесіздер, бірақ бір жыл ма, 10 жыл ма, айта алмаймын. Сіздердің шағымдарыңызда айтылғандай, кезек қозғалмай тұр, өйткені біз қалаға ауыл тұрғындарын көшірдік, мәселен, Байшонас тұрғындарына 800 пәтер берілді. Енді кезек тез жылжуы керек. Бірақ тез болады деп те ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан да, қалай болғанда да, бірігіп ПИК құрыңыздар немесе көрші үйлер кооперативтеріне қосылыңыздар, үйлеріңізге күтім жасаңыздар, аз да болса тәртіпке келтіру шараларын жасаңыздар, - дейді Қарағаев. –Бұл жекешелендірілген үй, оны жөндеуге бюджеттен бір тиын болса да бөле алмаймыз, алайда демеушілік көмек есебінен жертөлелерді судан тазартып, коммуникацияны реттеп, үйге дейін кіргізіп берейік. Бірақ, бізден де бір талап, өздеріңіз де қажетті шараларды жүзеге асыруларыңыз керек.
Алайда сарапшылар үйді жарамды деп таныса, Молдағалиев бойындағы жатақхана тұрғындарына жеңілдікті кезек тимейді. Тағдырдың тәлкегі ме, сараптамалық қорытындыны беру күні 31 желтоқсанға белгіленіпті. Жатақхана бұл күнді асыға күтуде.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ