Үстіміздегі жылдың 26 қарашасында NCOC біздің 7 қарашада жіберген Қашағандағы мұнай өндірісінің тоқтатылуына қатысты бірнеше сұрақтарымызға жауап жіберді.
- Осы жылдың қазанында коммерциялық өндіріс басталған уақыттан апатқа байланысты тоқталғанына дейін мұнай құбыр желісі арқылы «Болашақ» мұнай және газды кешенді дайындау қондырғысына (МжГКДҚ) жіберілген болар. Бұл мұнай құбыр желісінде қалды ма, әлде шығарылып алынды ма?
-«Д»аралынан «Болашақ» МжГКДҚ-ға дейін тартылған құбыр желісінде болған мұнай өндіріс тоқтағаннан кейін шығарылып алынды және қазір «Болашақ» зауытындағы шикі мұнай сақтайтын резервуарда тұр. Қазіргі уақытта робот (интеллектуалды «доңыз») арқылы мұқият тексеру жүргізу үшін құбыр желісін тазалау жұмыстары жасалуда. Мұнай құбыр желісінен газ қысымымен итерілетін «қырғыш» құрылғымен (резина бітегіштер) ысырылып шығарылды.Мұндай тәсіл мұнай саласында жиі қолданылатын тәжірибе болып табылады.
- Коммерциялық өндіріс басталғаннан бері қандай көлемде мұнай өндірілді? Жалпы көлемнің қандай бөлігі өңделді және сатуға дайындалды?
- Қашаған кен орнынан қазірдің өзінде 320 000 баррель мұнай өндірілді. Мұнай «Болашақ» зауыты аумағындағы резервуарда сақталып тұр. Мұнай сатуға шығарылар алдында өңделеді.
- Қазір «Аджипте» аудит жүріп жатыр деген ақпарат бар. Егер жүріп жатса, бұл неге байланысты?
-Қазіргі уақытта «Аджипте» бизнес және бақылау жүйелеріне аудит жүріп жатыр. Мұндай аудит 2 жылда бір жүргізіледі және тәуекелдерді тәуелсіз бағалау болып табылады. Аудиттің мақсаты - компания қызметінің Бірлескен әріптестік туралы келісім талаптары белгілеген бизнес мақсаттарға сәйкестілігін тексеру.
- Консорциум өз мәртебесін басқа заңды меншік нышаны – ЖШС-ке ауыстырғысы келетіні рас па?
- Оператор бұл мәселеге түсініктеме беруден бас тартады.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА