Атырау, 26 қараша 12:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Сиыр еті неге арзандады?

7 725 просмотра

Облыстық статистика департаментінің деректері бойынша, үстіміздегі жылдың мамыр айында Атырау қаласы базарларында сиыр етінің бағасы аздап - 2%-ға төмендеді, содан бері сол деңгейде - келісіне 1 195 теңге мөлшерінде қалып отыр (қой, жылқы және шошқа етінің бағалары өзгерген жоқ). Статистика департаментінің қызметкерлері Атыраудағы барлық сауда нүктелеріндегі бағаны жинақтап, орташа деңгейін анықтайды. Ал іс жүзінде ең көп сатып алушылар баратын «Дина» базарында сиыр еті екі айдан бері 900 теңгеден асқан жоқ. Қалалықтарды бұл күмәндандырды - бұл бруцеллез жұқтырған мал еті емес пе екен?

Уикипедиядан алынған анықтама: Бруцеллез (сарып) (лат. brucellosis) – ауру малдан адамға жұғатын инфекция. Ауру белгілері жұққаннан кейін 2-3 аптада білінеді: жоғары температура, қалтырау, терлеу, тәбеттің болмауы. Содан кейін бас ауырып, ұйқы қашады. Сондай-ақ, сарып кезінде буыны мен бұлшық еттері сырқырап, жүйке және қантамырлар жүйесі зақымданып, кейде адамның психикасы да өзгеруі мүмкін.

Алайда ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің аумақтық басқармасы басшысының орынбасары Дәурен ҚАБДОЛОВ сатып алушылар қорқатындай еш нәрсе жоқ деп сендіреді. Облыстағы барлық мал басы бірегейлендірілді (яғни, әр сиырдың құлағына нөмірлері жазылған сырға тағылды). Мал дәрігерлері зертханалық анализдерін бірыңғай компьютерлік деректер қорына салады. Егер сиырдың ауру екендігі анықталса, оны отардан бөліп, арнайы қасапханаларға жібереді, еті шұжық жасауға кетеді. Ал қойлардың бруцеллезбен ауырғаны анықталса, тез арада өртеу жолымен жойылуы керек. Оның айтуынша, қала базарларына келетін барлық ет тексерілген және сертификатталған. Жыл басынан бері Атырау қаласына  Батыс Қазақстан облысынан 10 744, Индер ауданынан 236, Исатайдан 108, Құрманғазыдан 471,  Махамбеттен 67, Атырау қаласынан 419 бас ірі қара әкелінген (алайда, ветеринарлардың пікірінше, қалалық фермерлер негізінен малды сатып алып, кері сатумен айналысады). Сонымен қатар, 6 129 жылқы әкелініп, сойылған, олардың көпшілігі Пенза мен Дағыстаннан келген (бұл етке арналып қолда ұсталған жылқылар) Баямированың айтуынша, базарлардағы ет бағасының төмендеуі ет бизнесімен айналысатын кәсіпкерлердің көбеюіне байланысты болып жатқан қарапайым құбылыс. Алайда облыстық әкімдікте болған жиналыстарда ет өңдейтін цехтардың жетіспеушілігі туралы мәселе бірнеше рет көтерілді. Исатай ауданында жақында болған оқиға Тәртіптік кеңесте қаралған ірі талқылаудың себепшісі болды. Үстіміздегі жылдың сәуірінде шаруа қожалығының басшысы ауру малды союға жіберуден бас тартты, өйткені қасапхана оларға өтемақы үшін тиын-тебен ұсынған екен. Мал қорада бірнеше ай тұрды, тек прокуратураның араласуымен ғана сиырлар қасапханаға жөнелтілді. Сол кезде ветеринарлық инспектор жұмсақтығы үшін сөгіс алған.

Қалай дегенмен де, бруцеллез жұқтырған малға қойған ветеринарлар тосқауылының да осал тұстары бар. Ауру жұқтырған мал еті жеке үйлер секторында сойылып, сауда сөрелеріне келіп жатқан жоқ деп толық сеніммен айтуға болмайды.

Аудандардағы бруцеллез жұқтырған малдың бәрін сойып тастаса, не болады?

«Каспий» ӘКК қызметкерлерінің айтуынша, бұл да толық бақылауда. «Құрманғазы» шаруа қожалығына 20 тонна сиыр еті үшін алдын ала төлем жасалып қойған. Бұл ет баға көтеріліп кеткен жағдайда қала базарларына азық-түліктік интервенция ретінде әкелінбек. Бұл жердегі басты жаңалық «интервент» ретінде беларусьтық ет әкелінбейді. Тұрақтандыру қорының жаңа ережелеріне сәйкес, өнімдер тек жергілікті шаруашылықтардан ғана сатып алынуы керек.

Осылайша «тұрақтандыру қорының еттері» атыраулық болады. Бұл тіпті дәмдірек, - дейді айтушылар.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

28 қараша 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.