17 қараша күні әлемде Халықаралық шала туған балалар күні (World Prematurity Day) атап өтілді. Ол 2009 жылы Еуропадағы жаңа туған сәбилерді бағып-күту қорының бастамасымен бекітілген. Осыған орай Кіші өнер Академиясында облыстық перзентханақызметкерлерінің ұйымдастыруымен салтанатты шара өтті.
Облыстық перзентхананың бас дәрігері Ұлжан ХАСАНОВАНЫҢ айтуынша, жыл сайын облысымызда шамамен 800-900 сәби шала туылып жатады екен. Қазіргі заманғы медициналық технологиялардың арқасында соңғы үш жылда оларды аман алып қалу жағдайлары да көбейген.
- Биылғы жылы шала туған сәбилердің арасындағы өлім жартысына жуық азайған. Біз балалардың өмірін аман сақтап қалу үшін әрі қарай да күресе береміз, - дейді Ұ. Хасанова. Оның пікірінше, соңғы жылдары шала туған балалар санының жоғары өсім көрсеткіші олардың кейінгі жылдардан бастап есепке алынуына байланысты болып отыр:
- Бұрын 500 грамм болып шала туылған балаларды түсікке жатқызатын. Ал кейін 2008 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімі бойынша біз де оларды тірі туылған бала деп есепке алатын болдық.
Бұл шараға мерзімінен ерте туған ата-аналар шақырылған. Қонақтар Кіші өнер Академиясының өрендері қойған концерттік бағдарламаны тамашалап, көңілдері бір көтеріліп қалды. Менің жанымда отырған құрманғазылық Ләззат МОЛДАҒАЛИЕВАНЫҢ қызы Қасиет туылған кезде салмағы 450 грамм болған. Қазір бұған сену қиын, себебі 2 жасар Қасиет өте пысық әрі ширақ.
- Менің мамандығым мұғалім, музыкантпын әрі мектепте психологиядан сабақ беремін. Екі ұлым және Қасиетті қосқанда төрт қызым бар. Мен Қасиетті 43 жасымда босандым. Ол бес айлық болып туылды. Бізді облыстық перзентханада үш ай жатуымызға тура келді. Ал шығарда қызымның салмағы 1 келі 600 грамм болды, - дейді Ләззат.
Хасанованың айтуынша, сәбилердің шала болып туылуына әр түрлі жағдай әсер етеді: жасы біразға келіп туған әйелдер, аналардың денсаулығы мен қолайлы климаттық жағдайдың болмауы және т.б. Айта кетейік, негізінен сәбилер 2 келі 500 грамм салмаққа дейін шала болып туылғандар санатына жатады. Ал мұндай салмақта туылып жатқан сәбилердің өте көп болуына байланысты олардың өмірлерін аман сақтап қалу үшін көп еңбек пен қаражат қажет. Осыған байланысты облыстық перзентхана қызметкерлері жақында «Өміршең бол, балақай» қорын құрып, бір күндік жалақыларын сонда аударды. Енді олардың қатарына қаладағы басқа да медициналық мекемелердің қызметкерлері қосылуды ұйғарды. Жиналған қаражатқа шала туған сәбилерді оңалтуға арналған медициналық аппараттар сатып алынады.
Сондай-ақ, келер жылы облыстық перзентхана жанынан ресми түрде мамандандырылған оңалту орталығы ашылады.
- Бүгінде баланы дәрінің, аппараттың көмегімен ғана емдеу жеткіліксіз. Оның әрі қарай дамуын, өсуін қадағалайтын басқа да медициналық көмектер қажет. Сол үшін де біз облыс әкімдігіне перзентхана жанынан шала туған балаларға арналған оңалту орталығын салу туралы ұсыныспен шықтық. Бұл жоба келесі жылдың бюджетіне енгізілді, -дейді Ұ.Хасанова.
Айтпақшы, көптеген аса көрнектітұлғалар шала болып туылған. Айталық, олар - Наполеон Бонапарт, Исаак Ньютон, Альберт Эйнштейн.
Айнұр САПАРОВА