Атырау облысы бойынша Бақылау және әлеуметтік қолдау департаменті әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Гүлнәзи ҚОЙШЫБАЕВАНЫҢ (суретте) айтуынша, азаматтар әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды ресімдеу үшін қажетті құжаттарды жинау барысында жиі қателесіп жатады. Бұл жиі өзгеріске ұшырайтын заңдарға да байланысты болуы мүмкін.
БОСАНҒАННАН КЕЙІНГІ ДЕМАЛЫСҚА ШЫҒУ
- «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңына таяуда өзгертулер мен толықтырулар енгізілді, - дейді Г.Қойшыбаева. - Заңның 4-бабына сәйкес, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін міндетті әлеуметтік сақтандыруға жататын әлеуметтік төлемдер төмендегідей бөлінеді: еңбек ету қабілетінен айрылу жағдайына байланысты; асыраушысынан айрылған жағдайда; жұмысынан айрылуына байланысты; жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айрылған жағдайда; жаңа туған баланы асырап алуына байланысты табысынан айрылған жағдайда; бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылуына байланысты төленетін әлеуметтік төлемдер.
Ол бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылған жағдайда төленетін жәрдемақыға және еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан жағдайда төленетін жәрдемақыларға қатысты көп сауал түсетін болғандықтан толығырақ тоқталды.
Сонымен, бұл төлем түрін тағайындау үшін өтінішке: жеке басты куәландыратын құжат; тұрғылықты жері туралы мәліметтер (мекенжай анықтамасы немесе ауылдық округ әкімінің анықтамасы); баланың (балалардың) туу туралы куәлігінің көшірмесі, сондай-ақ, оны салыстыру үшін түпнұсқасы; отбасының құрамы туралы мәліметтер; бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылу фактісін растайтын құжат: қызметкерлер үшін – әлеуметтік төлемді тағайындауға өтініш жасаған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген қатысушысы бала күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыста екені туралы жұмыс беруші бұйрығының үзінді көшірмесі; әлеуметтік аударымдарды есептеуді және төлеуді жүзеге асыратын өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар (салық төлеушілер) үшін – олардың қызметін тоқтата тұру туралы салық органына берген өтінішінің көшірмесі; 6) банк ұйымдарында ашылған банктік шотының нөмірі; 7) бір жасқа толмаған баланы (балаларды) асырап алған жағдайларда – қорғаншылық органдары берген баланы асырап алу туралы сот шешімінен үзіндінің көшірмесі; 8) бір жасқа толмаған балаға (балаларға) қорғаншылық белгіленген жағдайларда – қорғаншылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган шешімінің көшірмесі қоса берілуі тиіс.
- Жұмыс беруші қызметкерінің жүктілігіне және босануына байланысты демалыс күндері біткен соң, оның арызы негізінде бала бір жасқа (үш жасқа) толғанға дейін оның күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыс береді. Және жұмыс беруші шығарған бұйрықтың үзіндісін арызданушы жергілікті Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығына бала бір жасқа толғанға дейінгі оның күтіміне байланысты табысынан айрылған жағдайдағы әлеуметтік төлемге қажетті басқа да құжаттарға қоса тапсырады, - деп сөзін жалғады Қойшыбаева.
МҮГЕДЕКТІК БОЙЫНША ЖӘРДЕМАҚЫ КІМГЕ ТИЕСІЛІ?
- 1997 жылғы 16 маусымдағы № 126 «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақылар – бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын ай сайынғы ақшалай төлемдер, -дейді Қойшыбаева.
Мүгедектігі бойынша жәрдемақылар мүгедектікке душар болған жағдайда жәрдемақыға өтініш жасалған уақытта жұмыстың тоқтатылғанына немесе жалғасуына қарамастан тағайындалады. Жәрдемақыға құқығы бар мүгедектерге: жалпы аурулардан, еңбекте мертiгуден, кәсiби аурулардан мүгедек болғандар, он алты жасқа дейiнгi мүгедек балалар, бала кезiнен мүгедектер, он алтыдан он сегiз жасқа дейiнгi І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедек балалар; Мүгедектікке әскери қызметтен өту кезінде алған жарақаттың, контузияның, мертігудің, аурудың салдарынан душар болған мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қатарынан шыққан мүгедектер, азаматтық немесе әскери мақсаттағы ядролық нысандардағы авариялардың зардаптарын жою кезінде не ядролық нысандардағы авариялық жағдайлар салдарынан мүгедек болған адамдар; әскери қызмет міндеттерін (қызмет міндеттерін) атқаруға байланысты емес жазатайым жағдайдың салдарынан болған мертігу не әскери және қызмет борышын орындауға байланысты емес ауру салдарынан мүгедектікке душар болған жағдайда әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді қоспағанда), Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары мен бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитетінің басшы мен қатардағы құрамының адамдары қатарынан шыққан мүгедектер; әскери қызметтен өту кезінде жаралану, контузия, мертігу, ауыруы салдарынан мүгедектікке душар болған әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді қоспағанда), қызмет міндеттерін атқару кезінде жаралану, контузия, мертігу, ауыруы салдарынан мүгедектікке душар болған Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары мен бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитетінің қызметкерлері қатарынан шыққан мүгедектер; себеп-салдарлық байланысы анықталған жағдайда төтенше экологиялық жағдайлар, соның ішінде ядролық жарылыстар мен сынақтар кезіндегі радиациялық әсер етудің салдарынан және/немесе олардың зардаптарынан болған мүгедектер жатады.
Жасына байланысты жәрдемақы азаматтарға зейнетақы төлемдеріне құқығы болмаған жағдайда «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген әйелдерге 58, еркектерге 63 жасқа жеткен кезде Орталықтан, жинақтаушы Зейнетақы қорларынан тағайындалады.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА