Жаздың қақ ортасында Индер ауданының Индербор поселкесінде поселке әкімінің аппаратының биыл орталық жылу жүйесінен жылу беру мүмкіндігі жоқтығы туралы хабарландырулары ілінген болатын. Онда тұрғындарға дербес жылу қазанын орнату қажеттігі айтылды. Ол үшін банктен несие беріп жатқаны да құлаққағыс етілді.
Бірақ кезекті қарызға батқысы келмеген тұрғындардың ешқайсысы да бұған селт етпеді.
Мұндайды күтпеген жергілікті билік 8 жылу қазанын іске қосты. Ал жылу қазанын сенімгерлік басқаруға алуға өздігінен келісе қоятындар кемде-кем. Өткен жылы «Т. Сисенғалиев» ЖК поселкедегі 14 көпқабатты үйді жылумен қамту жұмысын қолға алғанымен, соңында 4 млн теңге қарыз болып, банкрот деп танылды.
- Бұл өзін-өзі ақтамайтын сала. Халықтың 70 пайызы жылудың төлемақысын төлегенімен, жыл соңында бәрібір шығынға қаласың, - дейді Таңат СИСЕНҒАЛИЕВ. – Енді біз «Таңат» ПИК-ін құрып, көпқабатты алты үйді жылытып жатырмыз.
Сонымен бір жылу қазандығын «Жұқиев» ЖК, ал қалғанын «Алина» ПИК сенімгерлік басқаруға алған.
Осылайша, жылумен қамту мәселесіне нүкте қойылды дегенде, Қонаев көшесіндегі 40 пәтерлік №20, 21 үйлерден жылуға қатысты шатақ шықты.
- Бұрынғы аудан әкімі Берікқали СӘРСЕНҒАЛИЕВ біздің үйлерге жылу мұржаларын жасатқанда қуанып қалғанбыз. Сол кезде ол әрбір пәтерге дербес жылу қазаны орнатылады деп уәде еткен. - дейді Қонаев көшесі, №20, 21 үйлердің тұрғындары.
Алайда, жылу проблемасынан әбден жапа шеккендер сол жылдары дербес жылу қазанын өздері қосып алды. Ал қаржысы жоқтары орталық жылу қазанына тәуелді болып қалды. Соған қарамастан үйлері әлі де салқын.
- Мен жалғыз тұрамын. Дербес жылу қазанын орнату мен үшін қиын болып тұр. Аудан әкімдігіне талай бардым, бірақ көмектеспей отыр. Аудан әкімі Серік АРЫСТАННЫҢ пікірінше, бәрі ойдағыдай. Ал біз тоңып отырмыз! Суық үйде қалай жылынарымды білмей басым қатып отыр, жиі ауыратын болдым, - дейді зейнеткер ұстаз Гүлшат НЫҒЫМЕТОВА.
Қазіргі кезде екі 40 пәтерлік үйдің 15 пәтерінде жылу жоқ.
Оралдық «Қазтал» ЖШС-нің бас инженері Хасен ЖОЛДЫБАЕВТЫҢ айтуынша, бұлпәтерлердің иелеріне дербес жылу қазанымен бірге жылу есептегіші де сатып алынып берген.
Поселке тұрғындарының көп бөлігі дербес жылу қазанын пайдаланып отырғанына қарамастан, оны орнатуға ресми түрде рұқсат алынған жоқ.
- Екі 40 пәтерлік үйдің жартысына жуығы дербес жылу қазанын орнатып алған. Ал стояктар арқылы жылу беру тиімсіз еді, сондықтан ажыраттық. Негізі мұржаларды жасағанымен оның құжаттарын кейін таппай қалдық, жоғалып кетті. Біздің қолдағы жобаны эскиздік негізбен қарындашпен сызыпты, соны қайта жасақтағаннан кейін газшылардан рұқсат аламыз. Қазірдің өзінде газшылар тұрғындармен келісімшартқа отырды ғой. Газшылармен келісім бар, бір, екі тармағын орындасақ болды, заңдастырылады, - дейді Индер ауданы әкімінің орынбасары Мұхамбетқали АЛДЕРЗИН.
- Мұнысының енді біз келіспейтін тұстары бар. Біздің көпқабатты үй тұрғындарымен тек газ плитасы үшін келісімшартымыз бар, дербес жылу қазанына жауап бермейміз. Заңсыз қосып алған 20 шақты пәтерді анықтап, қиып тастағанбыз. Ендігі олар мұндай суықта қайта қосып алған болар. Егер мұржалар үшін өрт сөндіру инспекциясынан рұқсат алса, біз келісімге келеміз, - дейді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Индер ауданындағы бөлімше басшысы Саясат САПАРОВ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА