Атырау, 26 қараша 13:34
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Брэдли Мидлтон жақ ашпаған жайт

3 121 просмотра

Атырауда өткен халықаралық Atyrau Invest 2013 бизнес-форумында ең қызықты нәрселер «Қазақстандық қамту және мемлекеттік-жеке серіктестік» секциясында орын алды.

«БІЗДІКІЛЕР СЕЛҚОС»

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ Атырау облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне қысқаша сипаттама берді. Теңіз бен Қашаған мұнай-газ кеніштеріндегі жиынтық қорлар 4,5 млрд тоннадай мұнай мен 2 трлн текше метр газды құрайды. Негізгі капиталдағы шетелдік инвестициялар көлемі 2000-2012 жылдар аралығында 34,7 млрд долларды құрады. Облыста мұнай-газ кластерін құру үшін бүкіл алғышарттар бар: жалпы алаңы 3,5 мыңнан астам га болатын «Ұлттық индустриалды мұнай-газ технобағы» арнайы экономикалық аймағы құрылды, жылына қуаттылығы 500 мың тонна полипропилен мен 800 мың тонна полиэтилен болатын газ-химия кешенінің құрылысы басталды. ЕЭА шеңберінде күкіртсутек шикізатын терең өңдейтін және мұнай-химия өнімдерін шығаратын 300-ден астам өндірістерді ашу жоспарлануда. Дүйсембаевтың пікірінше, біздің өңірімізде жобаларды жүзеге асыру үшін бірқатар артықшылықтар бар екен: Ресеймен ортақ шекараның болуы тауар өндірушілерге Кедендік Одақ пен Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік береді, ал оңтүстік бағытқа қарай теміржол көлігінің дамуы Азия елдеріне шығуға мүмкіндік бермек.

«Жергілікті қамтуды дамытудың ұлттық агенттігі «NADLoC» акционерлік қоғамының бсқарма трағасы Қайрат БЕКТҮГЕНОВ ҚР үкіметі мен ТШО арасында жасалған меморандумға сәйкес, Келешек кеңею жобасының (ККЖ) аясында «Теңізшевройл» жергілікті өндірушілерден 7 млрд доллардан кем түспейтін тапсырыстарды орналастыруы, 20 мың жұмыс орнын ашуы тиіс екендігін хабарлады. Оның айтуынша, қазір ККЖ-ға Қазақстанның қандай тауарлар мен қызметтер бере алатынын егжей-тегжейлі зерттеуі тиіс сараптама тобы құрылуда. Ақпараттық портал шеңберінде белгілі бір компаниялар бойынша мәліметтер: атауы, шығарылатын өнім, көрсетілетін қызметтер, тауар қуаттылықтары, жұмысшылар саны және т.б. жинақталған каталогтар кестесі жасақталған. Кез-келген отандық компания сайтқа кіріп, тіркеле алады. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мамандары жүргізген талдау жұмысы тұрақты сұранысқа ие 95 тауарды анықтады. Әрі қарай осы зерттеудің негізінде өндіріс ашылатын немесе қызмет етуші кәсіпорын жаңартылатын болады. Министрліктің ақпараттық порталындағы тегін электронды сауда алаңының арқасында мұнай-газ компаниялары бастапқыда сатып алуға салынған қаржылардың 20 пайыздайын үнемдейді. Қазіргі уақытта жүйеде 500 ірі тапсырыс беруші мен 10 мың жеткізуші бар. Бектүгенов мырзаның пікірінше, біздің кәсіпорындардың өздері де ірі жобаларға «кіру» процесінде анағұрлым белсенді болуы тиіс:

- Біздің кәсіпорындардың селқос екендігін тәжірибе көрсетіп отыр. Олар үйреншікті сызбамен жұмыс істеуге дағдыланған, өз орындарына жайғасып, әрдайым да осылай болады деп ойлайды. Бірақ бәрі де өзгереді. Ірі жобаларға өз тауарлары мен қызметтерін салуға тырысу керек, оның үстіне біз бұған ұзақ уақыт қол жеткіздік қой. Сіздер келіп, сапасы бойынша кем түспейтін, бағасы қолжетімді болса да жобалау-сметалық құжаттамаға сіздердің емес, шетелдік кәсіпорындардың тауарлары мен қызметтері салынған деп шағымданған едіңіздер.

СОЛТҮСТІК ПОЛЮСТІҢ ҚАТЫСЫ ҚАНДАЙ?

«NADLoC» басшысынан кейін сөз алған ТШО-ның өндіріс жөніндегі бас менеджері Бредли МИДЛТОН 20 мың жұмыс орны құрылатындығы туралы ақпаратты растады. Бірақ жергілікті компанияларға тапсырыстар туралы жақ ашпады. Б.Мидлтонның айтуынша, Қазақстан мен шетелде алдын ала модульдерді құрастыруды қарастыратын модульдік құрылыс концепциясы ККЖ негізі болып табылады екен. Қазақстанда модульдік құрылыс мүмкіндіктерін туғызу және қуаттылықты дамыту мақсатында қазақстандық компаниялар мен жетекші машина құрастыратын кәсіпорындар арасында серіктестік стратегиясы жасақталған.

Қазақстандық қауымдастықтың өкілдері ТШО-ның жергілікті компанияларға қойып отырған талаптарына қатысты наразылықтарын білдірді. Мәселен, Қарашығанақтағы күкірт тасымалдайтын тұрба құбырларына қызмет көрсету тәжірибесі бар Орал қаласының машина жасайтын компаниялар корпорациясы ТШО-мен бірлесе жұмыс жасауға әлденеше рет әрекеттенгенмен, оларынан түк шықпаған. Соңғы рет «Теңізшевройл» - 60 градустан төмен ауа температурасында жұмыс жасау тәжірибесі болу керек деген талап қойған. Машина жасау компаниялары тобының өкілі Сағат ТҮГЕЛБАЕВ тұрба құбырлары үшін фланецтер мен фитингтер шығару жобасы бойынша серіктес ретінде өз қызметін ұсынды. Бүкіл талаптар мен ұсыныстарды Б. Мидлтон ТШО-ның отандық нарықты дамыту бөлімінің директоры Нұрлан СЕРІКОВКЕ жолдап, оны қатысушыларға қазақстандық қамту мәселесімен айналысатын өте маңызды тұлға ретінде таныстырды. Ол өз кезегінде кәсіпкерлерге туындаған мәселелерді бұл залдан тысқары және басқа уақытта талқылауды ұсынды. Секция жұмысының соңында оған визиткаларын алмастырғысы келетіндердің ұзын-сонар кезегі сапқа тұрды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

26 қараша 2013, 12:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.