Өткен жұмада, 15 қарашада ҚР Үкіметі мен «Теңізшевройл» ЖШС ТШО-ның Келешек кеңею жобасы (ККЖ) бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
ККЖ-ні жүзеге асыруға байланысты оның Қазақстан үшін келешегі туралы сөз еткендеҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН Меморандумда қазақстандық қамтуды едәуір көбейту бойынша өзара келісім қарастырылатынын мәлімдеді.
«Осы нысанды салу кезеңінде қосымша 20 мың жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Металл құрылымдарын дайындайтын отандық кәсіпорындар үшін тапсырыстарды көбейтуге көп көңіл бөлінді», - деп хабарланды құжатқа қол қойылғаннан кейін ол журналистерге.
Бұдан басқа, Атырауда салынып жатқан мұнай-химия кешенін қолайлы бағадағы шикізат көлемімен қамту туралы келісімге қол жеткізілді. Әңгіме 550 мың тонна пропан, 380 мың тонна бутан туралы болып отыр.
Министрдің мәліметі бойынша, ТШО-ның Келешек кеңею жобасы сызбалық жобалау кезеңінде тұр екен. Оны бекіту 2014 жылдың басына жоспарланған. ККЖ Теңіздегі мұнай өндіруді қазіргі кездегі жылына 26 млн тоннадан 38 млн тоннаға дейін көбейтуге мүмкіндік береді.
Сол күні түстен кейін ТШО баспасөз қызметі өзінің баспасөз хабарламасын таратты. Айтпақшы, мәтінде қазақстандық қамту туралы бірде-бір сөз болған жоқ. Теңіздегі мұнай өндіруді көбейтуге баса назар аударылды. Кейбір жайттарға тоқталсақ: «Бүгін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) Өзара түсіністік туралы меморандумға (ӨтМ) қол қойды. Соның шеңберінде ТШО жоспарлары бойынша Теңіз кенішіндегі мұнай өндіруді көбейту туралы тараптардың өзара міндеттері белгіленді», - делінген баспасөз хабарламасында. Әрі қарай хабарламада ТШО бас директорының міндетін атқарушы Брэд МИДЛТОННЫҢ сөздері келтірілген:
«Осы меморандумға қол қою ТШО мен ҚР Үкіметі арасында тығыз қарым-қатынас орнағандығының айғағы болып табылады. Оған жемісті, бірлескен және сындарлы қарым-қатынас құру принциптері негіз болады».
Біз ТШО-ның баспасөз қызметіне меморандум ережесінде қазақстандық қамту туралы айтылса, оның мәтінін баяндап беру өтінішімен хабарласқан едік. Алайда жауап болмады. ТШО мен басқа шетелдік фирмаларды жергілікті қамту туралы мәселенің толғандыра қоймайтыны көрініп тұр. Қалай дегенмен де, олар өздері үшін ұнамсыз тақырыпты қозғамауға тырысады. Дұрысында, қазақстандық қамту, әдеттегідей, жаңа жұмыс орындарын ашуға ұласатын шығар.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА