құбыр желісін тазарту мен тексеруге арналған «интеллектуалды доңыз» (intelligent pig - pipeline inspection gauge)Қашағандағы жағдай әлі белгісіз болып отыр. Бәлкім, теңіз бөлігіндегі құбырды зерттейтін робот-инспектордың келуі газ кету себебін анықтауға көмектесетін шығар.
ҚҰБЫР БОЙЫНДАҒЫ «ДОҢЫЗ»
Робот немесе құбыр желісін тазарту мен тексеруге арналған «интеллектуалды доңыз» (intelligent pig - pipeline inspection gauge)аралда желтоқсанға дейін жұмыс істейді. Ал жымырайып қалған «құрлық жолындағы» құбырлардың фрагменттерін зерттеп жатқан Оксфордтан хабар болмағалы айдан асты. Қалай дегенмен де, олар туралы хабарлаған жоқ. Ал ақылды доңызға анықтау үшін қанша уақыт керек? Егер Рождество демалыстарының жақындап қалғанын ескерсек (ол кезде Атырауда бірде бір шетелдік қалмайды), онда мұнай өндіру 2014 жылдан бұрын жалғаспайды деп сеніммен болжауға болады.
Кейін Оксфорд ғалымдары мен робот-доңыздың мәліметтерімен не істейтінін NCOC басшылығы шешеді, ал жұртшылық мұнай өндіруді жалғастыру мерзімдерін жариялауды, экологиялық зардаптар мен тәуекелділіктер туралы дұрыс есеп беруді күтеді. Әрине, жұртшылық қазандағы апаттан кейін туындаған проблемалар ауқымы туралы білсек дейді. Мәселен, әңгіме тек құбырда ма, әлде Солтүстік-Каспий жобасының бүкіл нысандарындағы технологиялардың ірі және жүйелі бұзылыстары туралы болып отыр ма, білгісі келеді.
ГАЗДЫ ҚҰРҒАТУ КЕРЕК
Бұл жасалмайынша, түрлі жорамалдар орын алады. Мәселен, алғашқы газ кетуден соң газ құбырында гидраттардың түзілгені, оның тұрбалардың шытынауына әкеп соққаны анықталды. Гидраттардың түзілуіне не себеп болуы мүмкін? Бәрін білгіш Гугл жүйесі былай дейді: «...(газ құбырларында) гидраттардың түзілуіне тек температура мен қысым ғана емес, газдың жеткіліксіз құрғатылуы және т.б. әсер етеді. Газ құбырының ылғалмен, шаң-тозаңмен, бөгде заттармен бітелуі төмен жерлерде газ құбырының қима алаңын азайтып, гидраттардың түзілуіне әсер етеді».
Ал бізде ілеспе газды қайда құрғатады? D аралында.
Қашағаннан өндірілген мұнайдың бөліну қондырғысына түсетіні белгілі. Бөлінгеннен кейін құрамында күкіртсутегісі жоғары ажыратылған газ құрғату қондырғысына жіберіледі. Бұл проблема (проблемалардың бірі) газды құрғату қондырғысында болып отыр, ол газды нашар құрғататын шығар деп жорамалдауға түрткі болады. Сондықтан газ құбырының құрлық бөлігіндегі күкіртсутекті коррозия теңіз кешеніндегі проблеманың салдары болуы мүмкін.
АЙЫППҰЛДАР МЕН КЕПТЕЛІСТЕР ТУРАЛЫ
Жұртшылықты басқа да маңызды мәселе мазалайды: Қазақстан Консорциумнан мұнай өндіруді бастау уақытын кейінге шегергені үшін Өнім бөлінісі туралы келісімнің екінші қосымша келісімінде қарастырылғандай 120 миллион доллар сомадағы айыппұлдың төленуін талап ете ме? Бірақ үкімет жақ ашпай отыр. Бәлкім, айтуға әлі ерте шығар. Қазан айында мәлім етілген Қашағанның іске қосылуын мұнай өндіру басталғандығының заңды түрдегі нақты фактісі деп есептеуге бола ма, бұл жағы әзірге белгісіз. Өйткені мұнай өндірудің мәлім етілген көлемдеріне қол жеткізілген жоқ. Алайда тоқтатылған болса да, ресми түрде өндіру басталды...
120 миллион айыппұл болмаса да, экологиялық айыппұлды салатын шығар? Алайда мемлекеттік экологтардың жоспардан тыс тексеру нәтижелері тек айдың аяғында ғана белгілі болады. Мұнда қоршаған ортаға тигізілген зиян мөлшері анықталады.
Бүгінде Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының (қоршаған орта және су ресурстары министрлігіне кіреді) мамандары алған қорытындылар белгілі. Үстіміздегі жылдың 12 қарашасында Қашаған кенішінен тартылған құбыр желісі жатқан маңнан, Каспий теңізінің қазақстандық секторының солтүстік-шығыс бөлігінен су сынамасы алынды.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бастығының міндетін атқарушы Мұрат ЕРМЕКҚАЛИЕВТІҢ айтуынша, судың осы сынамасынан фенол, мұнай өнімдері мен күкіртсутек табылмаған.
«Глобус» ҮЕҰ жетекшісі Галина ЧЕРНОВА бұл қорытындыға күмәнмен қарайды:
– Сынаманың кешіктіріліп алынғаны анық. Сондықтан судың беткі қабатында буланып кететін фенол мен мұнай өнімдерінің бар-жоғы туралы айту дұрыс емес. Бұрын 2001-2003 жылдары Аgip экологиялық қозғалыс белсенділерін кенішке, су сынамасын алуға шақырып, жабдықтардың жұмысын көрсеткен болатын. Орхусс конвенциясы экологтардың қатысуын талап етсе де, қазір жұртшылықты осы процестен алып тастады.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА