Атырау, 26 қараша 12:47
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Астанадағы күлкі мен Атыраудағы көз жасы

4 992 просмотра

Атыраулық мүгедектер әділдік іздеп, Астанаға дейін жетті

Жергілікті профильдік ведомстводағы шенеуніктерге сенбей, өз өкілдерін астанаға жіберіп, олар ғаріп жандардың шағым хатын президент әкімшілігіне, адамдар құқығы жөніндегі ұлттық орталығына, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне жеткізді. Жақында министрліктен көптен күткен жауап келді.

АСТАНА ҮМІТ БЕРДІ

Неден басталғанын еске салайық. Қалалық әлеуметтік қамту бөлімі мен мүгедектердің арасында жеке көмекшілердің еңбекақысына қатысты даудың жалғасып келе жатқанына бір жылдай уақыт болды («АЖ», №31, 01.08.2013 ж. «Әуреге салған әлеуметшілер», «АЖ», №37, 25.09.2013 ж. «Әкім қалай көмекші болды»). Мүмкіндіктері шектеулі жандар жеке көмекшілердің орындалған жұмыс актілерін тиісті мөр мен қол қою арқылы міндетті түрде растау туралы талабын жоюға қол жеткізбек. Мәселен, егер көмекші мүгедекті дүкенге апарса, ол мұны сауда нүктесі қызметкерінің қолымен растауы тиіс. Бір кездері бұл мәселені реттеудің сәті түскендей болып еді, бірақ жеке көмекшілерге аптасына 5 күнге 8 жұмыс күні есебімен жалақы беруге қатысты бәрібір проблемалар туындап отыр. Мүгедектердің шағымы бойынша қаржы полициясының тергеуге дейінгі тексеру жұмыстары қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, «Мүгедек әлемі» ҮЕҰ мен «Шуақ» ҚБ әрекеттерінен заң бұзушылық таппады. Істің осылай бағыт алғанына риза болмаған мүгедектер қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВ пен облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАННЫҢ қабылдауында болды. Облыстық әкімдіктегі кездесуде өкілетті органдар мен мүгедектердің өкілдерінен құралған арнайы комиссияны құру туралы айтылған еді. Алайда оның жұмысы да нәтиже бермеді. Нәтижесінде Атыраудан әділдік таппаған мүгедектер Астанаға аттанды.

– Біз өз хатымызда басты үш мәселені көтердік: жеке көмекшілердің еңбегін есептеу және төлеу мәселесі; сапасы төмен тифлотехниканың қымбаттатылған бағасы және шипажайлық-курорттық емдеудің жоқтығы. Мемлекеттің тендер бойынша біз үшін үш есе қымбат тұратын, бірақ келесі күні-ақ бұзылып қалатын тифлотехниканы неліктен сатып алатынын түсінбейміз. Мәселен, арнайы «сөйлейтін сағаттар» (түймені басқанда уақытты айтады) Алматыдағы барахолкада 250 теңге тұрады, ал біздің базардан 400 теңгеге сатып алуға болады. Оны мемлекет 750 теңгеге сатып алады. Шипажайлық-курорттық емдеуге қатысты бізге облыстық әлеуметтік қамту басқармасында қызметтерді ұсынуға тендер өткізетінін үнемі айтады, бірақ оған ешкімнің қатысқысы келмейді. Ал Алматы түбінде зағип жандарға арналған «Спутник» деген керемет шипажай бар, - дейді Астанаға барғандардың бірі, зағип жан Виктор ПЯСТОЛОВ.

Алдымен делегаттар президент әкімшілігіне аяқ басып, содан соң еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне барған. Сол жерден жеке көмекшілердің қызметтері жөніндегі тендерлерге арналған техникалық сертификаттау құжатын алыпты. Бұрын бұл құжатты жергілікті қалалық қамту бөлімінен алмақ болған әрекеттері сәтсіз аяқталған болатын. Айтпақшы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік көмек департаменті директорының міндетін атқарушы Айгүл ТАБЕРГЕНОВА біздің мүгедектер оған өз көмекшілерінің уақыт есебінің табеліне қол қойып, мөр басуды өтінгенде, күліп, оның міндетті емес екенін айтқан. Делегаттарға Адам құқықтарын қорғау ұлттықорталығының жетекшісі Вячеслав КАЛЮЖНЫЙМЕН кездесу үлкен әсер қалдырған.

Іссапардың кейбір нәтижелері бар, қалалық прокуратура тифлоқұралдар бойынша тексеру жұмыстарын бастады.

 

АҒЫЛШЫНША КЕТУ

14 қарашада Қазақ зағиптар қоғамының облыстық басқармасы ғимаратындағы жалпы жиналыста еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің жауабы оқылды. Онда, атап айтқанда, құжаттарды оқып-танысу нәтижелері бойынша: Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен «Атырау «Шуақ» мүгедектер қоғамы» ҚБ арасында жеке көмекшілер қызметін көрсетуге 2013 жылдың 28 мамырында №30 келісімшарт жасалған.

«3.2 тармаққа сәйкес ұсынылған қызметті қабылдау орындалған жұмыс актілеріне қол қою арқылы жүзеге асырылады. Онда уақыт есебінің табелі тіркеліп, уақыты көрсетілуі тиіс. Орындалған жұмыстар актісі қызмет көрсетілетін тұлғаның қолымен расталуы тиіс (хатта асты сызылған – З.И.). 4.1.10 тармаққа сәйкес, бос уақытында орындаушының қосымша жұмыс жасауға құқығы бар. Конкурстық құжаттаманың №2 жалғамасында есептілік тізімі қарастырылған. Онда қызмет көрсетуші ай сайын тапсырыс берушіге уақыт есебінің табелімен қоса, төленуге тиесілі әлеуметтік қызметтер көрсету тапсырмасының орындалғаны туралы есепті ұсынуы тиіс. Мүгедектер жеке көмекшілермен баратын мекемелердің мөрлері мен қолдарын талап ету ұсынылған келісімшарттарда қарастырылмаған (хатта асты сызылған – З.И.). Сонымен қатар, Атырау облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша, ағымдағы жылдың қыркүйегінде комиссия құрылып, уақыт есебінің табелінен жеке көмекшілерімен мүгедектер баратын мекемелердің мөрін алып тастау жөніндегі мүгедектер талабының қанағаттандырылғанын атап өтеміз. «Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ басшысының әрекетіне келер болсақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, лауазымды тұлғаның немесе мемлекеттік органның әрекетімен келіспеген жағдайда азамат олардың үстінен жоғарғы сатыдағы мемлекеттік органға шағымдануға құқылы. Ал жоғарғы сатыдағы мемлекеттік орган тарапынан шара алынбаған жағдайда сот тәртібімен шағымдана алады».

Хат оқылғаннан кейін жиналысқа қатысқан «Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ басшысының орынбасары Мереке ЖАҢБЫРБАЕВ пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан МҰХАМБЕТОВ ешқандай комментарий берместен залдан шығып кетті.

 

«АПТА САЙЫН ШАШТАРАЗҒА БАРУДЫҢ ҚАЖЕТІ ҚАНША?»

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өкілдерінің пікірін кейінірек білудің сәті түсті. Сөйтсек, профильдік мекеме де министрлікке сауал жолдаған, алайда жауап ретінде жеке көмекшілер қызметін патенті бар жеке кәсіпкерлер көрсетуі тиіс, екі тарап – тапсырыс беруші мен орындаушы қызмет көрсету шарттары және т.б. айтылатын өзара келісімшарт жасауы тиіс деген бағытта жазылған үкімет қаулысының үзінді көшірмесін ғана алған.

Әңгіме ақша төлеу туралы болса, есебі жүргізілуі тиіс, - дейді Бақытжан Мұхамбетов. - Әйтпесе, кейбір мүгедектердің уақыт есебі табеліне сенер болсақ, олар күн сайын бес сағаттан супермаркеттерде және айына бірнеше рет шаштаразға барып тұрады. Қалалық қамту бөлімі жеке көмекшілерге еңбекақы төлегілері келеді, бірақ не үшін екендігіне дәлелі болу керек қой. Әйтпесе, содан кейін прокуратурадан, КРУ-дан тексеру келеді де, проблемалар басталады.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара МҰҚАШКЕРЕЕВА жеке көмекшілер тәжірибесі жаңадан енгізіле бастаған кезде оның міндетті түрде жеке кәсіпкер болуы тиіс болғанын әңгімеледі. Алайда көмектің мұндай түрі үйлеспей, уақыт өте келе мүгедектердің көмекшісі рөлін туыстары орындай бастаған. Алайда олардың барлығы белгілі бір көлемді орындағандарын дәлелдеуі тиіс.

- Қаулы бойынша, жеке көмекшінің жұмыс уақытын есептегенде 8 сағаттан аспауы ескерілуі тиіс, бірақ осындай көлемде болуы міндетті емес қой. Қалалық қамту бөлімі көмекші ерткен мүгедек келген жағдайда растау үшін бүкіл мемлекеттік мекемелермен, монополистермен, банктермен және тағы басқа мөр соғуға қатысты мәселені реттеп қойды.

– Ендеше мөр мен қолдар міндетті емес, ал жеке көмекші мүгедекке көмек көрсетуден бөлек басқа жерде жұмыс істеуге құқылы деп айтылған еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің хаты не болмақ?

– Біз бұл жауапты әлі көрген жоқпыз. Ал егер ақылға салып көрсек, жұмыс жасайтын адам негізгі жұмысынан бөлек тағы 8 сағатында мүгедектің жеке көмекшісі ретінде қалай жұмыс істейді? Қанша қаласа да, ол 8 сағат қызмет көрсете алмайды, емханалар мен мемлекеттік мекемелер кешкі сағат алтыдан кейін жауып кетеді ғой.

– Ал алдағы уақытта жеке көмекшілерден орындалған жұмыс актілері қалай қабылданады? Мөрлер мен қолдар әлі өз күшінде ме?

– Бұл мәселені қалалық бөлім басшысымен әлі де талқылау керек. Облыстық әкімдікте таяуда өткен кеңесте қалалық жұмыспен қамту бөлімі баламасын ұсынды. Соның алдында тәжірибе алмасу үшін Нұрлы ХАБИЕВА еліміздің басқа өңірлеріне арнайы барып қайтты. Мәселен, Өскеменде арнайы әлеуметтік қызмет бар, онда жеке көмекші ретінде бұрынғы жұмыссыздар тартылады екен. Олар инватакси секілді жүйемен жұмыс істейді, яғни қажет болған жағдайда мүгедек дәріханаға немесе дүкенге бару үшін көмекшіні шақырады. Осындай бір көмекшіге 4-5 мүгедек бекітілген. Біз мүгедектерімізге осындай қызмет құруды ұсынып, олар сенім білдіретін отбасының өкілін жұмысқа алғымыз келген. Бірақ біздің бұл ұсынысымыз қолдау таппады. Жеке көмекшілер бұрынғыша орындалған жұмыс актісін толтыруды жөн көрді.

Нұрлы Хабиеваның пікірін біле алмадық, ол сырқатына байланысты жұмыста болмады. Облыстық қамту басқармасының басшылығымен сөйлескеннен кейін де, өкінішке орай, бұл мәселенің өз шешімін таппағаны түсінікті болды. Мүгедектер өздерінің сөзсіз жеңісі ретінде бағалаған министрліктің хаты шенеуніктер үшін бар болғаны «мәселені қосымша талқылауға» желеу ғана болды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

21 қараша 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.