Атырау, 26 қараша 13:41
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«Билайт» туралы баллада

10 666 просмотра

Қаланың кейбір дәріханала-рында арықтауға арналған, құрамында есірткілік заттар бар тыйым салынған препарат еркін түрде сатылуда.

ЖАНАРДЫҢ ӨЗГЕРУІ

35 жастағы Жанар жас кезінен  артық салмақпен күресіп келеді. «Билайт» деп аталатын дәрмек туралы ол құлсарылық туысынан білген.

– Мен модельдердің арықтығын ешқашан мүлтіксіз идеал деп есептеген емеспін, бірақ бойым 157 сантиметр болғандықтан өзімнің толықтығым да, менің пікірімше, әжептәуір болатын, - дейді Жанар. – 90капсуладан тұратын қытайлық дәрі 5 мың 500 теңге тұрады. Мен оны Азаттық даңғылы бойындағы дәріханадан сатып алдым. Капсуланы қабылдай бастаған алғашқы күннен-ақ оның әсері барын түсіндім: тәбетім жоғалып кетті. Қысқаша мазмұндамасында препараттың тек табиғи компоненттерден – шөптерден, тауық асқазанының ішкі қабығынан, экзотикалық өсімдіктердің гүлдерінен тұратыны жазылған. Алғашқы күндері қатты су ішкім келіп, тәттіге көңілім ауды. Бірер күн ашыққаннан кейін (тамақ туралы ойдың өзінен лоқситынмын) белімдегі майлар кете бастады. Алайда біраз уақыт өткен соң керемет қошемет сөз естудің орнына, айналамдағылар ауырып қалған жоқсың ба, саған не болып жүр деген сұрақтың астына ала бастады. Таразы таң қаларлық нәтиже көрсетті: мен бір айдың ішінде 21 келі жоғалтыппын.

Мен бұл дәрмекті әрі қарай да іше берер едім, өйткені нағыз масайрау сезіміне бөлендім, сондай жеңілденіп, биязыланып кеттім... Бірақ күйеуім: жарайды, салмағыңды жоғалттың, бірақ көңіл-күйің құбылмалы, мінез-құлқың да өзгерген, аяқ астынан энергияң тасып шыға келеді де, содан соң мүлдем селқостанып қаласың, өңіңнің қуқыл тартуы, басыңның айналуы маған ұнамайды дегенді айтты. Сөйтіп, мен оны ішуді тоқтатқан едім. Содан соң қайтадан бұрынғы салмағымды жинап алдым.

 

ҚАБЫЛДАМАУДЫҢ 100 СЕБЕБІ

Дәрмекті іздеу үшін біз бірнеше дәріханаға қоңырау шалдық. Олардың көпшілігінде біз хабарласқан уақытта «Билайт» саттықтан алынып тасталған екен. Алайда сату-сатып алу әлеуметтік желісінде «ғажайып дәрмек» кеңінен орналасыпты

Өзімді артық 60 келі салмақтан зардап шегіп жүрген Еленамын деп таныстырып, қытайлық «Билайтты» Алматыдан Атырауға жеткізумен айналысып жүрген Айгүл есімді келіншектің хабарландыруда көрсетілген телефон нөмірін тердім.

Сөйтсем, біздің әйелдер арасында бұл кең таралған екен.

–Мұның құрамында есірткі бар деп естідім, осы рас па?

– Сандырақ. Көпшілігі қабылдағаннан кейін жағдайларының нашарлағанына шағымданады, бірақ проблема таблеткада емес, кейбір ханымдар оларды дұрыс қабылдамайды. Кез-келген дәрмекті қабылдағандай, алдымен ол сізге бара ма, жоқ па, анықтап алу керек. Бұл деген оңай нәрсе ғой. Капсуланы қабылдау алдында жүрек, бауыр, бүйрек, қалқанша без сырқаттарымен, гормональдық өзгерістермен... ауырмайсыз ба, көз жеткізу керек. Қабылдау кезінде алкоголь, кофе, шай, газдалған сусын, бала көтертпейтін таблеткалар ішпеу керек. Күйзеліс, өткір респираторлы жұқпалы аурулар, етеккір... кезінде «Билайтты» ішуге болмайды. Кейбір әйелдер дұрыс бастамайды, асығыстыққа салынып, капсулаларды тиесілі мөлшерден артық қабылдайды. Ағза жаңылысып, қорғаныс қабілеті іске қосылып, салмақ өзгеріссіз күйде қалады.

Бізде «Билайтты» қабылдаудың төрт бағдарламасы бар. Сіз үшін төртіншісі сәйкес келеді. Ендеше, жазып алыңыз. Сағат 7.00-де бір стакан сумен 1 капсуланы ішесіз. Содан кейін сағат 12.00-де, 16.00-де, 19.00-де ішіңіз. Сіз біраз уақыт ішкеннен кейін салмағыңыз бір орнында қалса, бұл қалыпты жағдай. Ол сегізінші күн болғанда орын алады. Асып-саспаңыз, осылай болу керек. Ағза күйзеліске түседі, оған қалпына келу үшін 3-5 күн қажет. Содан кейін сіз капсулалар санын немесе бағдарламаны ауыстыра аласыз. Мәселен, егер сіз №1 бағдарлама бойынша қабылдасаңыз, №2 бағдарламаға ауысыңыз. Есіңізде болсын, егер салмақ азаймаса, демек сіздің ағзаңызда әлдебір проблеманың немесе әлдебір сырқаттың болғаны. Мәселен, ол қарапайым тұмау болуы да мүмкін. Сол кезде ағза арықтауға қарсыласып бағады. Өйткені май резервтегі қорғаныс боп табылады.

– Ал жанама әсерлері бар ма?

– Әр адамның ағзасы әртүрлі. Сенімді түрде айтуға болмайды, бұл процесс кезінде белгілі болады...

 

ҮЗІЛДІ-КЕСІЛДІ ТЫЙЫМ

«Билайт» дәрмегін қытайлық «Сан Цзю» компаниясы жасап шығаратыны белгілі. Іздеу жүйесі арқылы осы капсулалардың арықтауға арналған «амфетамин» таблеткаларына байланысты жанжалға қатысы бар екенін анықтадым. Кейбір БАҚ-тардан «қытайлық маркетингтің» былай жұмыс істейтіндігі туралы ақпаратты оқыдым: алдымен арықтауға арналған жаңа таблеткалардың бірнеше жаңа партиясына тәбетті күрт төмендететін әлдебір психотроптық препарат қосады, содан кейін сертификаттау алдында ол затты құрамынан алып тастайды екен. Алайда біздің жағдайда әңгіме тек жорамал туралы ғана болмақ.

Құрғақ сөз болмас үшін біз Қазақ тағамтану академиясымен байланыстық. Осы нақты биологиялық белсенді қоспаға қатысты бізге оның өткен жылы тіркелгендігін, бірақ оған қатысты проблемалар туындағанын айтты. Осынау тағам қоспасынан есірткілі сибутрамин заты табылыпты. Сондықтан «Билайттың» мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі күшін жойған екен.

- Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті бұйрығы бар. Бұл препараттың Атырауда әлі күнге дейін еркін саттықта екеніне қатты таң қалып отырмыз. Бәлкім, оны заңсыз жолмен Қытайдан әкелген шығар. Егер ол сізде саттықта бар болса, онда прокуратураға хабарласыңыз, - деді Алматыдан телефон арқылы Қазақ тағамтану академиясының тағамдық өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау зертханасының меңгерушісі Люция ҚАЛАМҚАРОВА. Тағы да қайталап айтамын, бүгінде «Билайтты» сатуға тыйым салынған, соған сәйкес ол Қазақстанда сатылмауы тиіс.

Анастасия ПАСТУХОВА

21 қараша 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.