«Біздің қоғамдық орын» жобасының сәтті өтуі аумақты басқаруға тұрғылықты халықты тарту бойынша семинар өткізуге себепші болды.
ӨСКЕМЕНГЕ БЕТ БҰРАМЫЗ
«Еуразия – Орталық Азия» қоры ТШО-ның қолдауымен облысымызда енгізген осы жоба туралы «АЖ» жазған болатын. Бұл жобаның мақсаты тұрғындарды өз аулаларын, ұйымдар жанындағы алаңқайлар мен аумақтарды, бір сөзбен айтқанда, қаланың кез келген учаскесін өз қалаулары бойынша абаттандыруға, таза ұстауға тарту болатын («Мұны біз жасадық!»). Кез келген ұйым, ПИК, ҮЕҰ немесе қарапайым тұрғындар өздері қалаған кез келген учаскені - өз аулаларын, саябақ немесе спорт алаңқайларын - өз талғамдарына сәйкес абаттандыруға мүмкіндік алды. Теңізшевройл бұған 600 мың теңге грант бөлді. Алайда жұмыстарға халықты немесе ұйымдардың қызметкерлерін қатыстыру, жергілікті демеушілерді, әсіресе, осы тұрғын үйлердің бірінші қатарында орналасқан шағын және орта бизнесті тарту жобаға қойылған міндетті талаптар болды.
Атыраудан бес, Құлсарыдан тоғыз өтінім берілді. Бастамашы топтар нақты жоспарларын әзірлеу керек болатын. Қорытындысында, Атыраудан екі жеңімпаз: «Болашақ» КДО және Азаттық, 64 мекенжайында орналасқан аула, Құлсарыдан үш жеңімпаз – мектеп, тұрғын үй және бір ҮЕҰ анықталды. Ұйым басшылары үшін өз қызметкерлерін бір іске жұмылдыру қиын еместігі белгілі, ал күн сайын үй тұрғындарын ауланы тазалауға және жасыл желектерге су құюға үгіттеу оңай шаруа емес. Сондықтан да жобаның барлық белсенділері жиналысты қалай өткізуді, адамдарға қалай түсіндіріп, қалай ынталандыру керектігін үйрететін арнайы оқудан өтті.
Жоба нәтижесінде тұрғын үйлер мен ұйымдардың аулалары бір жаңарып қалды, ал Құлсарының 2-ықшам ауданындағы аулада тұрғындардың өз күшімен салған керемет балалар ойнайтын алаңқай ғана пайда болған жоқ, қалалықтардың жақсы ниетін дұрыс бағалаған әкімдік те өз тарапынан осы аулаға футбол алаңын салып берді.
Қазан айында атыраулықделегация тәжірибе алмасу үшін Өскеменде болды, ал 19 қарашада өскемендіктер жергілікті өзін өзі басқару және ПИК жүйелерін дамытудағы өз тәжірибелерімен бөлісу үшін бізге келді. Семинарға мемлекеттік органдардың, жұмыспен қамту, ТКШ бөлімдерінің өкілдері қатысты. Өскемен қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы Гүлнәр ӘБІШЕВАНЫҢ айтуынша, оларда 1996 жылы құрылған жергілікті өзін өзі басқару жүйесі қалыптасқан. Қала 14 ықшамауданға бөлінген, әрқайсысына жергілікті өзін өзі басқару комитеттері (ЖӨБК) жетекшілік еткен.
2005 жылдың наурызынан бастап, заңнамаларға сәйкес, ЖӨБК өз қызметтерін қала әкімдігінің «Істерді басқару» коммуналдық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорнының филиалдары ретінде жүзеге асыра бастады. Сонымен қатар, қалада өзін өзі басқару кеңестері ұйымдастырылған. Ол ұйымда тұрғындар, ПИК, үй және көше комитеттерінің өкілдері қоғамдық негізде жұмыс жасайды. Олар сенбіліктер ұйымдастыру, коммуналдық қызмет бойынша борышкерлермен, қиын жасөспірімдермен жұмыс жасауды өздеріне міндеттейді.
ЖАЛҒЫЗ ДА БОЛСА ЖАУЫНГЕР
Гүлнәр Әбішева үй және көше комитеттерін қалыптастыру механизмі туралы, жұмыс үдерісінде қандай қиындықтар кездесетіндігі жөнінде әңгімелеп берді:
- Барлық жерлердегідей, жұмысты халықтың бейжайлығы тежеп отырады. Қандайма бір маңызды мәселені, тіпті өздерінің мүдделеріне қатысты проблемаларды талқылау үшін тұрғындарды жинау өте қиын. Аумақтың, ауланың инфрақұрылымын жақсарту олардың пәтерлеріне де қатысты емес пе? Жылжымайтын мүлік сатып аларда адамдар ауланың жай-күйіне, балалар ойнайтын және спорт алаңқайларының бар-жоқтығына, шағын сәулет нысандарына және т.б. назар аударады ғой.
Қорытындысында семинарға жиналғандар өздерінің жолдарына басты кедергі болып тұрған осы халықтың бейжайлығы деген пікірге келді. Олар өз күштерімен бір нәрсені өзгерте аламыз дегенге сенбейді. Алайда «Біздің қоғамдық орын» жобасы бір адамның бастамашылығы кейде түгел бір ауданды «оята» алатынын көрсетті емес пе? Мәселен, Құлсары қаласының тұрғыны, үш немеренің әжесі Гүлнәз ҚАРИНА өз ауласында балалар алаңқайының болуын армандады, жергілікті әкімдікке де талай арызданып барған. Жоба туралы білген ол істі өз қолына алып, жақын маңдағы үйлердің тұрғындарын жұмылдырды. Алайда бұл оңай болмады: алғашқы екі апта бойына ол аулада жалғыз жұмыс жасады, содан кейін ғана көршілер көмектесе бастады. Қалай дегенмен де, ол өз мақсатына жетті!
Зульфия ИСКАЛИЕВА