– Жұмыс орнында зақым алған ұлым ІІ топ мүгедегі боп қалды. Еңбек шартына сәйкес, ол «Еуразия» компаниясында сақтандырылған екен. Алайда сақтандыру компаниясы тиісті төлемдерін төлеуден бас тартып отыр. Олар 3 күн ішінде жұмыс орнында зақым алғандығы туралы хабардар етпегендігін себеп қылуда. Бірақ мен ұлымның қандай компанияға сақтандырылғанын білмейтін де едім. Өз қызметкерінің жағдайы туралы сақтандыру компаниясына жұмыс беруші де хабардар етпеген. Енді ұлымның емделу ақысын кім төлейді?
Телефон арқылы
Сұраққа «Еуразия» сақтандыру компаниясы» АҚ сақтандыру төлемдерін бақылау департаментінің директоры Нұрмұхамед ТӨЛБАЕВ жауап берді.
– Сақтандыру компаниясы мен жұмыс берушінің арасында Қазақстан Республикасының «Қызметкер еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқарған кезде оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы» Заңына (әрі қарай - заң) сәйкес жұмыс берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру келісім-шарты жасалған. Осы заңға сәйкес, қызметкер емес, еңбек (қызмет) міндеттерін атқарған кезде оның өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін жұмыс берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі сақтандырылады.
Бұл жағдайда сақтандыру компаниясы сақтандыру төлемін жүзеге асырудан дәлелді себеппен бас тартып отыр. Өйткені жұмыс беруші жасалған сақтандыру келісім-шарты бойынша қайғылы жағдай туралы сақтандырушыға хабарлау тұрғысында өз міндеттемесін орындамады. Бұл сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартуға негіз боп табылады. Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 284-бабының 2-тармағына сәйкес, тараптардың бiрiнiң мiндеттеменi орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы өзара мiндеттердi орындау және қарсы талаптарды қанағаттандыру кезiнде, егер заң құжаттарында немесе мiндеттеме шарттарында өзгеше белгiленбесе, екiншi тарапты өз мiндеттерiн орындаудан босатады.
Заңға сәйкес, қайғылы жағдай туралы хабарлау міндеті жұмыс берушіге жүктеледі, ол бұл жағдайда осы міндетін атқармаған. Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 936-бабына сәйкес, азаматтың еңбек (қызмет) мiндеттерiн орындауы кезiнде өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды ҚР АК-нің 47-тарауында қарастырылған ережелерге сәйкес жұмыс беруші өтейтінін атап өткім келеді. Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, жапа шеккен қызметкер еңбек (қызмет) міндеттерін орындау кезінде өзіне тигізіліген зиянды өтеуді жұмыс берушіден талап ету керек.
Заңның 19-бабының 1-тармағына сәйкес, қызметкердің кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесінің белгіленуіне байланысты жалақыдан (кірістен) айрылуына байланысты зиянның мөлшері Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің талаптарына сәйкес айқындалады.
ҚР Азаматтық кодексінің 938-бабына сәйкес, өтеуге жататын жоғалтылған табыстың (кiрiстiң) мөлшерi жарақаттануына немесе денсаулығының өзгедей зақымдануына дейiнгi не жәбiрленушiнiң кәсiби еңбекке қабiлетiн, ал ол болмаған кезде - жалпы еңбекке қабiлетiн жоғалтуы дәрежелерiне сәйкес, еңбекке жарамдылығынан айырылу басталғанға дейiнгi орташа айлық табысының (кiрiсiнiң) проценттерiмен анықталады.