Бүгін, 19 қарашада қайта жарақталған өткелде көлік қозғалысы сән-салтанатсыз ашылды.
Осыған дейінгі екі күн ішінде алаңқайда әлі де өткелдің ескі жол тармақтарында бұзу жұмыстары жүріп жатқан еді. Бұрын-соңды бұл алаңға арнайы техника дәл осылай шоғырланбаған болатын. Нысанды тапсыру уақыты жақындаған сайын осы учаскедегі жұмыс қарқынды түрде қызып, жұмыс тәулік бойына жасалуда. Сенбі және жексенбіде мердігер ескі «темір-терсектің» бетон тіреуін бөлшектеп, тасып шығарып, алаңқайды тазартқан еді. Ал дүйсенбі күні кешке қарай кейбір автоқожайындар өткел астынан әлі де төселіп бітпеген жол үстінен сынаушылар ретінде өтіп үлгерді...
Біз бұдан бұрын жазғанымыздай, тас жолдың бұзылған учаскесіне жол төсемін төсеу тапсырыс берушінің – «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық тасымалдаушының жобасында қарастырылмаған еді. Бұл жайт қалалық билік пен тапсырыс берушінің арасында белгілі бір алауыздық туғызған болатын. Нәтижесінде жол төсемі қалалық бюджет шығындарының қосымша бабы болатын секілді. Қалай дегенмен де, осы күндері қалаға жақсы танымал «АИС» компаниясы асығыс төсеген асфальт алаңын қала қаржыландырған болса керек. Бұлар жаңа өткелдің орталық тіреуінің екі жағынан өтетін екі жолақ, әзірге ені 4 метр, ұзындығы 15 метрден аспайды. Яғни, әзірге қайта жарақтау жұмыстары кезінде мердігерлер бөлген ескі және жаңа өткелдер астындағы шектеулі учаске асфальтталған.
Жол жабынының жалпы ені жоба бойынша 25,5 метр құрауы тиіс. Екі бағытта екі-екіден төрт жолақ жобаланған. Алайда жүзеге асыру барысында жобаның өзгеріп, жол бөлігі өлшемінің тарылатындығына қарағанда, егер осы тармақта күтпеген өзгерістер болса, таң қалмаймын. Қалай дегенмен де, биылғы жылы Геолог жақ беттегі қиылыстан теміржол көпірінен түскендегі айналмаға дейін асфальт төсемі төселеді деп күтпеген жөн. Қазір әңгіме осы қажет учаскені қайта жарақтауды толықтай аяқтау және өткізу қабілетін қалпына келтіру туралы болып отыр. Яғни, жасалып бітпеген жолдағы көлік қозғалысы ашылды, алайда ҚТЖ нысанын қайта жарақтау жұмыстары жалғасатын болады.
– Бізге өткелдің құламасын плиталармен көмкеріп, екі жағынан жаяу жүргіншілер баспалдақтарын салу ғана қалды, -
деді «Жанбастау НС» ЖШС-нің «Атырау-Ганюшкин» учаскесіндегі теміржол өткелі» учаскесінің бастығы Рустам БОРАЕВ. – Белгіленген уақытқа (ақпараттық баннерде 30 қарашаға дейін деп көрсетілген – З.Б. ескертпесі) дейін үлгереміз.Қазіргі жағдайға оралсақ: ресми түрде нысан тапсырылған жоқ, сондықтан өткел сән-салтанатсыз ашылды. Жобаның ресми тұсаукесерінің уақытын да мердігер мен билік әлі келісе алмай отыр. Естеріңізге салсақ, 24 қазанда жиналыстардың бірінде облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ көпшілікке 25 қараша деп уақытын атаған еді. Алайда орындаушылар оны уақыт көрсетер деп отырғанға ұқсайды.
P.S. Материал жарыққа шыққаннан кейін белгілі болғандай, асфальтты АИС компаниясы демеушілік көмек ретінде төсеген екен. Қалада бұл жұмыстарға қаржы қарастырылмаған, сөйтіп билік бұрынғы серіктесіне өтінішпен шығыпты. Алайда толықтай ашу туралы мәселені қазір әлі де шешуге тырысуда:
- Алдымыз болса қыс, өткелді мұндай күйде тастауға болмайды, - деді телефон арқылы қала әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВ. – Жұмыстарды аяқтататын боламыз, оны тапсырыс беруші аяқтай ма, мердігер ме, оның біз үшін маңызы жоқ,
Жобаның сәл-пәл «толық еместігі» және тапсырыс берушінің жобалау-сметалық құжаттамаға жол төсемін енгізбеуі қалалық билік үшін күтпеген жайт болды. Соған сәйкес, қалалық бюджетте бұған ақша қарастырылмаған. Олардың табыла қоюы да неғайбыл. Сондықтан айтқанын жасату ғана қалып тұр. Шындығында, өткелді қайта жарақтау Атырау қаласы үшінемес,ҚТЖ үшін қажет болған еді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА