Атырау, 20 қазан 16:23
 дождьВ Атырау +22
$ 452.59
€ 507.67
₽ 5.48

"Ақтөбе" және "Ордабасы" клубтарына қомақты айыппұл: матчтағы тәртіп бұзушылықтар қымбатқа түсті

46 рет қаралды

Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этика комитеті Премьер-лиганың 23-туры аясында өткен «Ақтөбе» мен «Ордабасы» матчына қатысты шешім шығарды. Қаржылық санкциялар екі клубқа да, сондай-ақ ақтөбелік команданың бас бапкеріне де қолданылды.

Ең үлкен айыппұл «Ақтөбе» ФК-ға матчты тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны, қауіпсіздік талаптарын бұзғаны және матчтың ресми тұлғаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін салынды.

Сонымен қатар ҚФФ «Ақтөбе» ФК директоры Б. Дүзелбаевтың төрешілердің киім ауыстыратын бөлмесіне рұқсатсыз кіргенін атап өтті. Осы әрекеті үшін клубқа 300 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

2026 жылы АЕК мөлшері 4325 теңге екенін ескерсек, бұл 1 297 500 теңгені құрайды.

Бұдан бөлек, клуб жанкүйерлерінің тәртіпке қайшы әрекеттері үшін тағы 200 АЕК, яғни 865 мың теңге төлеуі тиіс. ҚФФ мәліметінше, жанкүйерлер матчтың ресми тұлғаларына қатысты былапыт сөздер айтып, қарсылас командаға тіл тигізген.

Осылайша, «Ақтөбе» ФК-ға жалпы сомасы 500 АЕК немесе 2 162 500 теңге болатын айыппұл салынды.

Бұған қоса, команданың бас бапкері Игорь Черевченко беделге нұқсан келтіретін сипаттағы мәлімдемелері үшін 50 АЕК, яғни 216 250 теңге көлемінде айыппұл арқалады.

«Ордабасы» клубы да жазасыз қалған жоқ. Шымкенттік команда киім ауыстыратын бөлмеден кеш шыққандықтан, матчтың басталуы үш минутқа кешіккені үшін 60 АЕК, яғни 259 500 теңге төлеуі керек.

Барлық айыппұл 20 қарашаға дейін төленуі тиіс.

ҚФФ шешімі осы матчта болған тағы бір резонансты оқиғадан кейін жарияланды.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде «Ақтөбе» клубының кәмелетке толмаған бір топ жанкүйер қызы «NO SHYMSIDE, NO TEXAS FANS!» деген жазуы және Өзбекстан туына ұқсас бейнесі бар плакат ұстаған кадрлар тараған болатын. Матчтан кейін жанкүйерлердің бір бөлігі «Өзбектер!» деп те ұрандатқан. Бұл оқиға Қазақстан мен Өзбекстанда үлкен қоғамдық резонанс тудырды.

Полиция қыздардың жеке басын анықтап, ата-аналарының қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізді. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Кейін «Ақтөбе» ФК әкімшілік айыппұл алған алты қыздың шығындарын өтейтінін мәлімдеді. Клуб кемсітушіліктің кез келген түріне қарсы екенін атап өтіп, сонымен бірге қыздарды «қолдаусыз қалдырмайтынын» жеткізді.

Бүгін, 15:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.