
«Ақтөбе» футбол клубы «Ордабасыға» қарсы матчта баннерге қатысты туындаған жанжал бойынша ресми мәлімдеме жасады. Клуб полиция тарапынан әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл алған алты жанкүйер қыздың шығындарын толық өтейтінін хабарлады.
«Ақтөбе» ФК кез келген кемсітушілік көріністеріне қарсы екенін атап өтіп, жанкүйерлерді спорттық этиканы сақтауға шақырды.
«Футбол — алауыздықтың емес, бірліктің алаңы. Әрбір жанкүйерді клубтың абыройын сақтауға, бір-бірін құрметтеуге және спорттық этиканы ұстануға шақырамыз. Біз қыздарымызды қолдаусыз қалдырмаймыз. “Ақтөбе” футбол клубы үшін әрбір жанкүйер маңызды. Клуб айыппұл алған алты қыздың барлығының шығынын толық өтейді. Қыздар өздерінің қандай қателік жібергенін толық түсінді. Олар бұдан былай да команданы қолдауға уәде берді, ал келесі жолы барлығын қатаң түрде “ережеге сай” жасайтын болады», — деп мәлімдеді клубтың баспасөз қызметі.
Еске салайық, «Ақтөбе» мен шымкенттік «Ордабасы» арасындағы матчтан кейін қоғамда қызу талқылау басталды. Әлеуметтік желілерде трибунада бір топ қыздың баннер ұстап тұрған сәті түсірілген кадрлар тарады. Желі қолданушылары мен қарсылас команданың жанкүйерлері баннердегі жазуды қорлайтын әрі араздықты қоздыруға меңзейтін мазмұнда деп бағалады. Осыдан кейін құқық қорғау органдары кінәлілерді жауапкершілікке тартты.
В Атырау +9.7