Атырау, 18 қыркүйек 10:35
 дождьВ Атырау +15.1
$ 444.58
€ 510.29
₽ 5.27

Қазақстанда 162,5 млрд доллардың 600-ден астам жаңа инвестициялық жобасы жүзеге асады

57 рет қаралды

Қазақстан Үкіметі елдің инвестициялық саясатын жеке капиталды тартуға және шикізаттық емес секторды дамытуға қайта бағыттауда. Осының нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы сегіз айында негізгі капиталға тартылған қаржы 13,5 трлн теңгеден асып, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 8,1%-ға өсті.

Өңдеу өнеркәсібі өсіп, тау-кен үлесі азайды

Инвестициялық саясаттың негізгі басымдығы шикізат өндіруден өңдеу өнеркәсібіне, энергетикаға, ақпарат пен байланысқа және агроөнеркәсіп кешеніне ойысты. Өңдеу өнеркәсібінің инвестициядағы үлесі 14,1%-ға дейін ұлғайды. Керісінше, тау-кен саласының үлесі 2024 жылғы 18,7%-дан 2026 жылдың сегіз айында 13,9%-ға дейін төмендеді.

Бұған дейін, 2025 жылы негізгі капиталға салынған барлық инвестиция көлемі 16,7%-ға артып, 2024 жылғы 19,4 трлн теңгеден 23,5 трлн теңгеге жеткен болатын.

Бюджетке тәуелділік төмендеді

Жаңа модель аясында мемлекеттік бюджетке салмақ салу азайды. 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында тартылған қаржының 86%-ы бюджеттен тыс көздерге тиесілі болса, мемлекеттік бюджет үлесі 14%-ға дейін қысқарды. Қаржының негізгі бөлігін — 66,7%-ын кәсіпорындардың өз қаражаты құрады.

Ірі жобалар және ЖИ арқылы мониторинг

Қазіргі жаңа инвестициялық портфельде жалпы құны 162,5 млрд доллар болатын 667 жоба бар. Олар өнімді терең өңдеу, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік инфрақұрылымы салаларын қамтиды. Атап айтқанда, Fufeng Group, Dalian Hesheng Holding Group, Roca Group, Solico Group және Harvest Group SA сияқты халықаралық инвесторлардың жобалары іске асырылуда.

Сонымен бірге, 2026 жылдың тамызындағы мәліметке сәйкес, сомасы 4,4 трлн теңгені құрайтын 26 инвестициялық келісім жасалды. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін Kazakh Invest базасында «бір терезе» қағидатымен Kazakhstan Investment House құрылады. Сондай-ақ Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа әзірленіп, жобаларды бақылау үшін жасанды интеллект элементтері бар сараптамалық мониторинг жүйесі енгізіледі.

«Бәйтерек» арқылы қолдау

Экономиканың нақты секторын қаржыландыруда «Бәйтерек» холдингі негізгі оператор болып қала береді. 2026 жылы бұл холдинг арқылы 8 трлн теңге бағыттау жоспарланған. Жыл басынан бері тұрғын үй секторын қосқанда 7,4 трлн теңге қолдау көрсетілді, оның 5,4 трлн теңгесі тікелей кәсіпкерлікті дамытуға жұмсалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жүзеге асыру аясында қолға алынған бұл өзгерістер мемлекеттік қаржыны үнемдеп, жеке капитал мен технологиялық өндірісті ынталандыруға бағытталған.

Бүгін, 09:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.