
Түркістан облысында атыс қаруын қолдану арқылы жасалған түнгі шабуыл туралы атышулы іс бойынша айыпталушыларға сот үкімі шықты. Атыс салдарынан 17 жасар жасөспірім қаза тауып, тағы үш жас жігіт жарақат алды.
Қайғылы оқиға өткен жылдың қараша айында Түлкібас ауданында болған. Бетперде киген бір топ адам көшеде тұрған төрт жігітке кенеттен оқ жаудырған. Зардап шеккендердің бірі жедел жәрдем жеткенше оқиға орнында көз жұмды, екеуі ауыр жарақатпен ауруханаға жатқызылды.
Іс бойынша барлығы жеті адам өтті. Күдіктілердің бірі бой тасалап үлгерген, оған халықаралық іздеу жарияланды. Қылмысқа қатысқан алты адам Мамандандырылған ауданаралық сот алдында жауап берді.
«Айыпталушылардың үшеуі оқиға орнына келіп, қару қолданған және жәбірленушілерге оқ атқан. Қалған үшеуі барудан және оқ атудан бас тартқан, алайда олар қару қолдану арқылы дайындалып жатқан қылмыс туралы алдын ала білген және бұл туралы полицияға хабарлауға міндетті еді», — деп түсіндірді сот төрағасы Дәурен Мәдәлиев.
Сот негізгі айыпталушыны 20 жылға бас бостандығынан айырды — мұндай қатаң жаза қылмыстың қайталануымен байланысты. Адамдарға тікелей оқ атқан оның екі сыбайласы 18 жылға колонияға жіберілді.
Қалған қатысушылар қылмысты хабарламағаны және жасырып қалғаны үшін жауап берді:
- Айыпталушылардың бірі 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
- Екіншісі 2 жылға сотталды.
- Үшіншісіне 2 жыл 8 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, алайда рақымшылықты ескере отырып, ол сот залынан босатылды.
В Атырау +15.1