
Polisia.kz дерегінше, биылғы жылдың басынан бері Абай облысында интернет-алаяқтықтың құрбаны болғандар саны 680-нен асты.
Қаскөйлер азаматтарды алдау үшін телефон қоңырауларын, мессенджерлерді, әлеуметтік желілерді және жасанды интеллект технологияларын пайдаланып жүр.
Ең көп таралған тәсілдердің бірі – өзін банк, полиция немесе басқа ұйымның қызметкері ретінде таныстыру. Олар «күдікті операция анықталды» деп, SMS-кодты сұрайды, несие рәсімдеуге немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді. Кейде бейнеқоңырау арқылы полиция формасына ұқсас белгілерді көрсетіп, сенімге кіреді.
Тағы бір кең таралған схема – жалған инвестициялық платформалар мен криптовалютаға ақша салуды ұсыну. Әлеуметтік желілерде «кепілдендірілген табыс» туралы жарнамалар таратылады. Алаяқтар тіпті танымал тұлғалардың бейнесін жасанды интеллект көмегімен жасап, жалған жарнамаға пайдаланады. Алғашқы салымнан кейін жалған платформада «табыс» көрсетіліп, азаматтан одан әрі қомақты қаражат аудару талап етіледі.
Полиция тұрғындарға мынадай ескертулер жасайды:
SMS-кодтарды, банк картасының деректерін, логиндер мен құпиясөздерді ешкімге бермеңіз;
«қауіпсіз шотқа» ақша аудармаңыз;
«оңай әрі кепілдендірілген табыс» туралы ұсыныстарға сенбеңіз;
күмәнді қоңырау түссе, әңгімені дереу тоқтатып, банкке немесе полицияға өзіңіз хабарласыңыз.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, алаяқтар азаматтарды асықтыруға тырысады. Ал ең бастысы — асықпай, ақпаратты тексеру. Бір қоңырауды тексеру жинаған қаражатыңызды сақтап қалуы мүмкін.
В Атырау +19.8