Атырау, 23 қараша 15:46
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Хэллоуин және басқа да мәселелер

5 468 просмотра

1 қарашада Жасөспірімдер үйінде Хэллоуин мерекесі тойланды. Біздің жастарымызға өзге елдің мерекелерін тойлаудың қажеті қанша, Наурыз болса бір сәрі дейтін адамдар табылып қалар. Алайда Жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері және жалпы жастар үшін кез-келген мереке – ең алдымен бас қосып, шүйіркелесіп, өздерін көрсете білу.

 

ТРАНЗИТТІК МЕКЕН

№1 интернатынан немесе отбасы түріндегі ауылдан айырмашылығы Жасөспірімдер үйіне журналистер көп келе бермейді. Бұл мемлекеттік балалар мекемесінен ересектер өміріне баратын транзиттік пункт секілді, онда 16-23 жастағы интернат түлектері тұрады.

Мерекені балалар жыл бойына ТШО көмегімен «Жаңа өмір» деп аталатын интернаттан кейін түлектерді әлеуметтендіру жобасын жүзеге асырып жатқан «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» (ҚТҰ) ҮЕҰ-мен бірге ұйымдастырды. Мұндағы мақсат – балаларға интернат мекемесін аяқтағаннан кейін қалыпты өмір сүруге қол ұшын беру. Статистикаға сәйкес, бүгінде Қазақстанда балалар үйінің 13 мың түлегі бар. Жыл сайын олардың қатары шамамен бір мың адамға көбейіп отырады. Көбінесе олар қылмыстық құрылымдардың қатарын толықтырады немесе кедейшілік ғұмырын кешеді. Сөйтіп тұйық шеңбер қалыптасады: бала кезінде оларды берекетсіз отбасынан алып кетеді, бірақ олар қайтадан тағдыр талқысында қалып отыр. Өйткені, ұзақ жылдар бойына мемлекет қамқорында болып келген олар өздіктерімен өмір сүруге дайын емес.

ҚТҰ мамандары Жасөспірімдер үйіне әр жексенбі сайын қонақтыққа барып тұрады. Басқа күндері оларды үйден табу мүмкін емес. Балалар түрлі ауысыммен оқиды, жұмыс істейді, табыс табады. Алайда демалыс күндері де көпшілігі жұмыстарымен шығып кетеді, достарына қонаққа барады, сабақтарға тек қалаулары бойынша ғана қатысады. ҚТҰ мамандары балаларды ас әзірлеу мен іс тігуге үйретеді. Бұл машықтар олардың өміріне қажет болары сөзсіз.

 

НЕГІЗІНЕН ОРТА ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА

Бүгінде Жасөспірімдер үйінде 25 қыз бен жігіт тұрады. Негізінен олар студенттер, қаладағы колледждер мен лицейлерде оқиды. Жоғарғы оқу орындарында оқитындары сирек. Мемлекеттік грант бойынша оқуға түсу үшін жоғары балл жинау оңай емес, оқу ақысын төлеуге де қолдары қысқа. Сөйтіп, арнайы орта оқу орындары ғана қалады. Дегенмен, жоғарғы оқу орындарының дипломдарын ұстаған жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін ескерсек, бұл да жаман емес. Есесіне, кәсіби лицейлер мен колледждерде қажет мамандықтарды оқытады: мейрамхана бизнесінің қызметкерлері, шаштараздар, аспаздар және т.б. Үйдегі жастар арасында жұмыс тауып алғандар да бар.

Бойжеткендер мен бозбалалар жатақхана түріндегі үйде тұрады, әр бөлмеде 2-4 адамнан. Олар тамақты өздері әзірлеп, өздері жинайды, жуады. Студенттер үшін мемлекет есебінен белгілі бір азық-түлік пакеті сатып алынып, «құрғақ азықпен» беріледі. Олар ет, тауық еті, жұмыртқа және т.б. Олар лицейлерде түстенеді, ал таңғы ас пен кешкі асты «құрғақ азықтан» дайындайды. Оқу орындары көмек ретінде оларға мөлшерлері сай келе бермейтін сыртқы киім мен аяқ киімдер береді. Балалардың көпшілігі 18 жасқа дейін асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алады. Әзірге олар интернаттарда тұратындықтан, бұл ақша «Тұрғын үй құрылыс  жинақ банкінің» есеп-шотында жинақталған. Кейбірінде әжептәуір мол ақша жиналады. Олар Жасөспірімдер үйінен кеткен кезде осы ақшаны қолдарына бере бастайды. Рас, олардың ешқайсысы қаржыларын әрі қарай баспана сатып алу үшін жинауға ниет білдірмеген. Жастар оларды киімдерге, әшекейлерге жұмсағанды жөн көреді. Студенттер 12 мың теңгедей шәкіртақы алады.

 

БҰЛ ҮЙ ОТБАСЫНА АРНАЛМАҒАН

Біз барған кезде 20 жастағы Маша мен 17 жастағы Тамара ҚТҰ қызметкері Ирина ГОРБАЧЕНКОҒА тамақ әзірлеуге көмектесіп жүр екен. Қыздардың ас мәзірі алуан түрлі: асқабақ қосылған тәтті нан, сүзбе қосылған құймақша, фаршталған жұмыртқа, оливье. Тамара №1 кәсіптік лицейде аспаз мамандығын меңгеріп жүр екен. Маша болса, оқуды аяқтаған, әзірге жұмыссыз. 

- Мен жеке асханада біраз жұмыс істедім, бірақ ол жерде қиын болды, таңғы 5-тен бастап қас қарайғанша жұмыс істейсің, ешқандай жағдай жасалмады.

- Ал қазір қалай күн көріп жүрсің?

- Тапқан табысымнан ақшам қалған еді.

Басында баспана боп тұрған кезде оншалықты қорқынышты емес, тамақты достары бөліседі, киімді де кие тұруға береді. Барлық қыз-жігіттер секілді, олардың арасында да кейде романтикалық қарым-қатынастар орнайды. Бірақ олар үйленгісі немесе күйеуге шыққысы келсе, үйден кетуге тура келеді, өйткені бұл үй отбасымен тұруға ыңғайлы емес. Ол үшін жеке баспана іздеп табу керек. Жүкті қыздарға қатысты да осы жағдай. Жақында Жасөспірімдер үйіндегі екі жас АХАЖ-ға өтініш берген. Алайда барлық қалыңдықтар секілді ырымшыл Гаухар бұл мәселені талқыға салудан бас тартты. Айта кетелік, үйдегі жастар арасында отбасылық жұптар өте сирек кездеседі. Әзірге бірінші және соңғы жұп сонау 2005 жылы бас қосқан. Сол кездегі билік Жастар күнінде оларға Канцев көшесінің бойындағы жаңа үйден бір бөлмелі пәтерді сыйға тартыпты.

- Жақында мен әкімдіктің қабылдауында отырған сол отбасының отағасын кездестірдім. Қазір олардың 4 баласы бар екен. Мемлекеттің сыйға берген үйінен айырылып қалыпты. Банкке кепілдікке салып, несиесін төлей алмаған. Енді жаңа баспана сұрап отыр. Біздің балалардың бір кемшілігі: олар өз құқықтарын, міндеттерін білмейді, әрекеттерінің салдары туралы ойлап жатпайды, - дейді Жасөспірімдер үйінің меңгерушісі Гүлшара САРБАЕВА.  Содан ҚТҰ басшысы Ұлықбек ТІНӘЛИЕВКЕ бұрылып:

- Осы жобаның шеңберінде бізге заңгерлердің көмегі керек, олар балаларға заң бойынша не тиесілі екенін, қандай заттар істемеу керектігін түсіндірсін, - деді.

Сөйтсек, балалар үшін экономикалық сауаттылық, бюджетті жоспарлау бойынша сабақтар қарастырылыпты. Тек болашақ асыраушы ата-аналарға құқықтық мәселелер бойынша кеңестер көрсетеді.

 

АУДАНДАРҒА БАРҒЫЛАРЫ КЕЛМЕЙДІ

Біз үйді аралауды жалғастырдық. Бір кездері Жасөспірімдер үйіне бейімделген ғимараттың жөндеу қажет етіп тұрғаны байқалады. Жөндеу жұмыстарын бастапты да, бірақ аяқтамаған. Жұмыстарды аяғына дейін жеткізуге мердігердің қаржысы болмаған екен.

- Айтпақшы, тендерді №1 интернаттың бұрынғы тәрбиеленушісі басшылық ететін ЖК ұтып алды. Олар апалы-сіңлілі қыздар еді. Жұмыс жасағылары келеді. Бірақ шамасы, әзірге қолдарынан келмей жатқан секілді, - дейді                      Г. Сарбаева.

Жасөспірімдер үйінен кейін қайда бармақ? Бұл - балалар мен олардың тәлімгерлері үшін ең басты мәселе. Облыстың бұрынғы басшылығы кезінде интернат мекемелерінің түлектері үшін аудандардан 70 пәтер бөлінген. Алайда көпшілігі облыс орталығынан кетуден бас тартыпты. Баспаналы болып, қала өмірін ауыл тірлігіне айырбастау, ауылдық жерден достар мен тұрақты жұмыс табамын деп үміттену олардың көңілдерінен шықпаған. Кейбіреулер алдымен келісіп, пәтерлерін алған, бірақ бос үйге сыя алмай, қалаға оралған. Біреулері аудандағы өз пәтерлерін тапсырса, біреулері Атыраудан әлдебір бұрыш сатып алу үшін оны сатуға әрекеттенеді. 18 жастағы Мишаға ауданнан үй ұсынып отырса да, ол ауданға барғысы келмейді.

- Мені ол жерде кім күтіп отыр, достарым да, таныстарым да жоқ, - дейді жігіт. Бірақ Атыраудан да өз келешегін көріп отырған жоқ. Дегенмен бұл жерде ол өз достарына жақын, басқалармен бірдей болады.

Сәл кейінірек, жұмыстан соң сауық кешіне Саша Матенко да қосылды. Оның жасы 20-да, АМӨЗ-де жұмыс жасайды. Бұл үйге Саша жақында келген, бұған дейін пәтер жалдап тұрыпты. Қазір оқуына ақша жинап жүр. Жас жігіт оқу орнын әзірге таңдамаған, алайда мұнай саласына барамын деп шешіпті. Саша өзінің болашағын Атыраумен байланыстырмайды, басқа қалаға кетуді жоспарлап қойған. Сондықтан ол облыс орталығына да, ауданға да тұрақтауды ойына алмайды.

 

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ТӘЖІРИБЕСІ

Жақында Жасөспірімдер үйінің директоры Гүлсара БОТАТАЕВА интернаттан кейін балаларды сүйемелдеу мәселелері жөніндегі республикалық семинарда болыпты. Онда өскемендік әріптестері өз тәжірибелері туралы әңгімелеген. Олар өздерінің өңірлік үлгісін жасақтапты. Шығыс Қазақстан облысында балалар үйіне түскен уақыттан бастап ірі компаниялар балаларды қамқорлыққа алады. Мәселен, «Казцинк» ай сайын 48 бала үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» есепшотына қаржы аударып отырады. Бұл компания олардың шипажайлық-курорттық емделу, жазғы демалыс және т.б. мәселелерін шешеді. Тәрбиеленушілер үшін арнайы кәсіптік бейімдеу жұмыстарының аясында таныстыру сабақтары өткізіледі. Сабақ барысында балалар өздерінің болашақ мамандықтарын таңдайды. Оқудан кейін студент өндіріске жұмысқа орналаса алады. Өйткені, «Казцинкте» оларға жұмыс бар.

Осы семинарда Шығыс Қазақстан облыстық балалар құқығын қорғау комитеті отбасылы жұптар жұмыс істейтін отбасылық үлгідегі балалар үйін құру ұсынысын жасаған. Психологтардың пікірінше, бұл қазір біздің отбасы ауылдарындағы қолданылып жүрген үлгіге қарағанда анағұрлым дұрыс отбасы үлгісі екен (тәрбиеші ана, көмекші тәте). «Казцинк» бұл бастаманы да қолдап, жоба үшін 15 үй бөлді.

- Біз үлгі ретінде осы бағдарламаны алдық, балалар құқығын қорғау басқармасымен бірігіп, облыс әкіміне біздің өңірімізге де осындай үлгіні енгізу ұсынысымен қызметтік хат дайындап жатырмыз, - дейді Г. Ботатаева. -  Басқа облыстармен салыстырғанда бізде бала саны аз, Сәбилер үйіндегі сәбилерді қосқанда бар болғаны - 180. Ал әлеуметтік патронат қызметін көрсете алатын кәсіпорындар бізде жеткілікті. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

7 қараша 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.