– Мен әскери қызметкермін, биылғы жылдың желтоқсанында менің еңбек сіңірген өтілім 10 жылды құрайды. Жұбайымыз екеуміздің кәмелетке толмаған екі баламыз бар. 2 жыл бұрын қызметтік пәтер берді. Мен қазір қызметтік баспанамды жекешелендіре аламын ба? Біздің әскери бөлімшенің заңгері түсіндіргендей, заң бойынша мен мұны зейнеткерлікке шыққан кезде немесе еңбек еткеніме 20 жыл толғанда жасай алады екенмін. Осы дұрыс па?
Телефон арқылы
Сұраққа «Слово Защиты» адвокаттық кеңсесінің заңгері Аслан ЖОЛБОЛОВ комментарий берді:
– Әскери бөлімше заңгерінің айтуы дұрыс емес. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 101-бабының 4-тармағында қызметін өткерген кезеңде сол елдi мекенде қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үй берiлген әскери қызметшiлер он жыл әскери қызмет өтілінен кейiн, ал еңбек сiңiрген жылдары, науқастануы немесе штаттың қысқаруы бойынша қызметтен босаған кезде қызмет мерзiмiне қарамастан, оны (әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және өзге де жабық нысандарда орналасқан тұрғын үй-жайларды қоспағанда) жекешелендiруге құқылы делінген. Мұндай баспананы жабық және әскери қалашықтарда, шекара заставаларында орналасуы салдарынан жекешелендіру мүмкін болмаған жағдайда жекешелендіру құқығы басқа жерден алу (салу) үшін сәйкесті баспананың құнымен өтеледі.
Бәлкім, заңгер осы заңның келесі нормасын меңзеген болу керек: «Күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл еңбек сiңiрген әскери қызметшiлердiң тұрғын үй-жайды өтеусіз жекешелендiруге құқығы бар», алайда сіздің жағдайда ол қолданылмайды. Осылайша, әскери өтіліңіз 10 жыл болса, қызметтік баспананы өтеусіз жекешелендіруге толықтай құқығыңыз бар.
Сондай-ақ, қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үй берілген әскери қызметшi қайтыс болған жағдайда, жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне өтеді.