Атырау, 12 желтоқсан 10:25
 қар жаууы ықтималВ Атырау +1
$ 516.93
€ 542.52
₽ 4.98

Үй тапсырылмаса да, қоныстанып алған

4 230 просмотра

28 қазанда «СтройГрупп ЛТД» ЖШС-нің бос тұрған кеңсесі алдына Жарбосынов көшесіндегі 71-үйдің үлескерлері жиналды. Олар, міне, алты жылдан бері өз пәтерлеріне қашан көшетіндерін білмей, дал болып күтіп жүр. Үлескерлер жабық есікті қағып әуре болмады, кеңсе бір жылдай бос тұрғанын бәрі біледі.

Жай ғана күтіп жүрген жоқ, қолдарынан келгенше жұртшылық пен билікке өз мәселелеріне назар аударту үшін барлық тетіктерді пайдалануда. Олар облыс және қала әкімдеріне, «Нұр Отанға» және басқа да ұйымдарға хат жазды. Біздің газетіміз де осы «сақалды құрылыс» тақырыбын талай көтерді Үлескерлердің үміті уәдемен үкіленді»; «Атыраулық үлескерлер президентке сенбейді»; «Сағымға айналған үйлер» жарияланымдарын қараңыз). Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының үлескерлердің ұжымдық хатына берген жауабына сәйкес, құрылыс салушы нысанды осы жылдың қазанында беруге уәде берген. Ай өтті, алайда тұрғындар нысанға мемлекеттік комиссияны шақырудың жөнін көріп отырған жоқ.

 

КОМЕНДАНТТЫҚ САҒАТ

Үлескерлердің көпшілігі компанияның астаналық өкілдерінің сөздеріне сеніп, пәтерлеріне жөндеу жүргізіп те қойған, ал жалдамалы үйлерде көшіп-қонудан шаршаған кейбіреулері пәтерлеріне кіріп те алыпты. Жылу да, ыстық су да, газ де жоқ, электр қуатын уақытша қосқан, салқын су тек жекеленген кіреберістерде (подъезд) ғана жүреді. Күзетшілер тұрғындарды тек түнгі 23-ке дейін ғана жібереді, одан кейін қақпаны кілттеп тастайды. «Коменданттық сағатқа» дейін үйлеріне кіріп үлгермегендер күзетшінің үйіне кілт алуға жүгіруге мәжбүр, абырой болғанда, ол жақын жерде тұрады екен. Таңғы 7-де қақпа ашылады. Әрине, бұл қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу болып табылады, мемлекеттік қабылдаудан өтпеген үйде адамдардың тұруына болмайды. Алайда құрылысшылар өз кінәларын түсініп, заңсыз көшіп алуларға көз жұма қарап отыр.

Тұрғындардың барлығы бұл уақытша құбылыс екеніне, салқын түскенше үйді тапсырып, жылу беретініне сенімді болған. Жылу беру маусымы басталғаннан бері үміттері өше бастады: үйге жылу берілмеді.

- Көктемде бас кеңсе өкілдері телефон арқылы күзге дейін үй қолданысқа беріледі деп сөз берген. Шындығына келгенде, құрылыс бітіп тұрған, біз сендік. Алайда құрылыс жұмыстары еш сын көтермейді. Тіпті «қара нұсқа» түсінігіне де тегіс қабырғалар, су есептегішінің болуы, терезе жақтаулары сияқты белгілі бір жағдайлар кіреді ғой. Бізде бұлар болған жоқ. Есесіне қабырға мен есік, терезелер арасында үлкен саңылаулар болды, - дейді үлескерлердің бірі Эльмира ҚАДЫРҚҰЛОВА. – Фирма өкілдері есептегіштерді өздерің сатып ала беріңдер, кейін ұсынған шоттарыңыз бойынша ақшасын қайтарамыз деді. Мен күрделі жөндеу жасау үшін тұрып жатқан үйімізді саттым. Осы пәтер бойынша несие мен жалдап тұрған үй ақысын төлеу үшін екі кәсіпорында жұмыс жасаймын. Жылу бермей, балаларды мұнда әкеле алмаймын. Үйді күткен алғашқы жылда балалар Жаңа жыл кешінде «келесі жылды жаңа үйде қарсы алайық» деп тілек айтып еді. Міне, қазір олар «бұл біздің көп жылғы жаңажылдық дәстүрімізге айналды ғой» деп ащы да болса әзілдеп қояды. Біздің үшінші кіреберісте су жоқ, бірінші қатарда кәріз құбырларында ақау бар, саты астынан су ағып, иістеніп жатыр...

Біз Эльмираның үйіне бардық. Кіреберіс сұрықсыз түрімен таңғалдырды: арзан тас тақтайшалар, сырланбаған саты таянышы, жабылмаған тоқ кабельдері, бірінші қатарда, тұрғын айтқандай, саты астынан су ағып жатыр. Үй иесі пәтеріне күрделі жөндеу жүргізіп қойыпты: ламинат төсеген, қабырғаға түсқағаздар жапсырған, тіпті ас үй жиһазын да алыпты. Пәтері сыз тартып, жасаған жөндеулері зая кетпес үшін Эльмира үнемі сплит жүйесі мен жылытқыштар қосып қоюға мәжбүр, ал бұл қосымша шығындар. Тұрғындар бастапқы ұсынылған жоба өзгерістерге ұшырағанына да көніп отыр (үй көршілес орналасқан үйден кем болмайды деп сөз берген). Арзан есіктер, электр желілері оқшауланбаған, кіреберіске кіру ыңғайсыз, автономды жылыту жүйесі жоқ. Тұрғындар үшін ең бастысы – мемлекеттік комиссия үйді қабылдап, барлық қажетті құжаттамаларды ресімдеу үшін техникалық төлқұжаттарын беруі.

Федор ПУСТОХАЙЛОВ пәтерін 2007 жылы «БТА Банктің» Аджип қызметкерлеріне арналған ипотекалық бағдарламасы бойынша алған:

- Мен банкке түсінік берулерін сұрап, бірнеше рет жолықтым, ал банк «СтройГрупп ЛТД» ЖШС шотында құрылысты аяқтауға қаржы жеткілікті деп хабарлады. Міне, осылайша 6 жыл бойы жалғасып келеді.

- Қасымыздағы бірнеше ай бұрын іргетасы да жоқ үйлер бой көтеріп, қолданысқа еніп жатыр. Компанияның ақша бола тұра, үйімізді тапсырмауы тойынғандықтың белгісі шығар. Астанадағы кеңсе телефон көтермейді, қол-аяғымызға несие тұсау болып,  бас кеңсеге ұшып баруға мүмкіндігіміз жоқ, - дейді наразылығын жасыра алмаған үлестестердің бірі Ақмарал.

 

ИНЖЕНЕРДІҢ ОПТИМИЗМІ

Біз де астаналық бас кеңсеге телефонмен хабарласа алмадық, алайда «СтройГрупп ЛТД» ЖШС компаниясының техникалық қадағалау инженері Амандық ЖҰМАХАНОВПЕН кездесудің сәті түсті. Үлескерлердің шағымдарына қарамастан, ол бәрі жақсы болады деп отыр. Оның айтуынша, жақын арада барлық мәселелер шешілмекші:

- Жылуды 30 қазанда беретін боламыз. Біз бәрін дайындап қойдық, жылу есептегіштерін қондырдық, қазір пломбыны алдыру үшін АЖЭО-ға бара жатырмын. Барлық рұқсат беру құжаттарымыз бар, жылу берушілермен шартты өткен жылы жасап қойғанбыз. Жылу қалалық жылу орталықтарынан беріледі. Нысанды мемлекеттік комиссиядан өткізуге дайындау маусымда басталған, біз барлық тараптардан өттік, келісімдерін алып, қол қойдырдық. Ең бастысы, «Атырау Жарық» жақында қол қойды. Екі қол қойдыру қалды – МСҚБ мен қала әкімінің орынбасары Ж.Қарағаев келісімін беру керек. Аптаның аяғына дейін бұл мәселені түгел шешеміз деп ойлаймын. Үйді қандай компания ресімдейтінін де шешіп қойдық, мердігерлер де өз тараптарынан барлық құжаттарды даярлауда.

- Газ мәселесі қалай шешіледі, пәтерлерде газ есептегіштері жоқ қой?

- Үйді тапсырайық, адамдарды орналастырайық, газ мәселесі өз шешімін табады. Ал есептегіштерді «ГазАймақ» орнатады.

- Қазірдің өзінде үшінші кіреберісте кәріз құбырында ақау бар. Үйді «сақалды құрылыстар» санатына қосуға болады. Ал құрылыс сапасына қарап тұрып, уақыт өте басқа да келеңсіздіктер орын алатынына күмәнданбауға болады.

-Біз тағы бір жыл бойы осы үйді жауапкершілігімізге аламыз және пайда болған ақауларды жойып отырамыз.

- Нысанды тапсыру мерзімі кешіктірілгені үшін үлескерлерге өтемақыны кім төлейді?   

- Мен бұл сұраққа жауап беруге құзыретті емеспін, мұндай сұрақтарыңызды Астанадағы бас кеңсеге жолдаңыздар.

Қазіргі уақытта, біздің ақпараттарымыз бойынша, үлескерлердің ешбірі құрылыс салушыны құрылысты аяқтау мерзімін бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту талабымен сотқа жүгінбепті. Алайда көпшілігі заңгерлермен ақылдасқан. Үлескерлердің тұрғын үй алу шарттарының талаптары «Үлескерлік қатысу туралы» заңның кейбір тармақтарына қайшы келетіні және өтемақы мөлшері мен кепілдемелік қызмет көрсету мерзімі сәйкес келмейтіні анықталды. Алайда үлескерлер бұл туралы, әзірге, ойланғылары да келмейді. Ең басты міндет – көптен күткен тұрғын үй құжаттарына ие болып, жылы үйге көшіп алу.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ   

31 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.