Атырау, 26 желтоқсан 22:35
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Үлескерлердің үміті уәдемен үкіленді

4 043 просмотра

Редакцияға Жарбосынов – Тайманов көшелерінің қиылысындағы салынып болмаған үйдің 20 үлескері хабарласты.  Олар құрылыс салушы -  «Стройгрупп LTD» ЖШС-не әжептәуір талап қойып отыр. Олардың пәтерлерін сатып алған үйдің құрылысы қашан аяқталады деп күте-күте шаршағандарына үшінші жыл болыпты.

- Біздің қолымыздағы келісім-шарт бойынша құрылыс салушы тұрғын үйді 2008 жылдың 30 маусымына дейін салуға және акт бойынша одан сатып алынған үлесті 2008 жылдың 30 қыркүйегінен кешіктірмей тапсыру міндеттелген. Қазір 2011 жылдың наурызы болды, үй болса біткен жоқ, ал құрылыстағы жұмыстар жүргізілмей отыр. Біз «Стройгрупп LTD» ЖШС Атырау филиалының басшылығына, Уәлихан НҰҒЫМАНОВҚА әлденеше рет хабарластық. Соңғы рет ол үйді 2010 жылдың қазан айында тапсыруға уәде берген болатын. Алайда, өздеріңіз көріп отырғандай, бұл уәде орындалмады, - деп әңгімелейді үлескерлер. – Біз БТА-банкке де хабарластық. Өйткені көпшілігіміз «БТА-дан ипотекалық несиелеу әлеуметтік бағдарламасының» қатысушылары боп табыламыз. Алайда ол жақтан да жартымды жауап ала алмадық. Біздің хатымызға жауап ретінде ҚР құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттік төрағасы Серік Нокин мен Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиевтың блогында құрылыстың түрлі аяқталу мерзімі көрсетіліпті. Мерзімдердің бәрі өтіп кетті.

Жапа шегушілердің айтуларынша, өткен жазда құрылыста тіршілік байқалғандай болған, алайда күзде қайтадан тыныштық орнапты. У.Нұғманов құрылыстың қайта жанданатындығына сендірді. Бірақ ол кешікпей Астанаға кетіп қалған, ал барушыларды кеңседе тек қарауыл ғана қарсы алады екен. Үлескерлер арасында түрлі алыпқашпа қауесеттер тарап жүр. БТА-банкте «Стройгрупп LTD» ЖШС проблемалық клиент боп есептеледі екен, осы себепті де ол компанияны қаржыландырғысы келмейтін көрінеді. Тағы бір қауесет: «Стройгрупп LTD» ЖШС банкротқа ұшыраған. Ал үлескерлер болса тұрғын үйдің 70 пайызы сатып алынғанын, осы ақшаға келісім-шартта көрсетілген мерзімде барлық жұмыстарды баяғыда бітіруге болатын еді деп растайды.

Бұл адамдарды мынадай нақты мәселелер қызықтырады: үй қашан салынып бітпек? Үлескерлер алдындағы, соның ішінде, ақшалай қаржыны қайтаруға және моралдық зиянды өтеуге қатысты құрылыс салушының жауапкершілік шарасы қандай? Қаржысы жоқ үлескерлердің көпшілігі өздерінің ескі баспаналарын сатып, жаңа пәтер құрылысына қаржы салған. Басқалары несие рәсімдеп, әлі күнге дейін оларды уақытымен төлеп келеді.

УӘДЕЛЕР, УӘДЕЛЕР...

- Мен қатардағы дәрігермін. Бірінші деңгейлі нарықтағы мүлікті алу үшін тәуекелге бел байлап, ескі үйлердегі пәтерімді сатып, жетіспеген қаржыма ипотека рәсімдедім. 2007 жылдан бері азғана еңбекақыммен банкке 40 мың теңге төлеп тұрамын, төлем мерзімін бірде-бір кешіктірген емеспін. Осы жылдар бойына туысқандарымда тұрып келемін. Құрылыс салушы сатып аларда және кейіндеу олардың компаниясының Атырауда жұмыс жасап жатқандарына 8-ші жыл болғанын, әрі қарай да жұмыс жасай беретіндіктеріне бізді сендірген болатын. Мен президенттің тікелей желісіне және С.Нокиннің блогына жазған едім. Бізді күнде «ертеңмен» тойдырып болды. Әлі күнге дейін У.Нұғманов уәде еткен құрылыстағы 30-дан 70-ке дейінгі жұмысшылар көрінер емес, олар үйді аяқтауы тиіс еді, - деп наразылық білдірді үлескерлердің бірі Раиса Б. – Мен телефон арқылы Астанадағы ЖШС-нің бас директоры Мағауия НҰРЫМБАЕВПЕН әңгімелестім. Ол маған Астанада олар осындай 123 пәтерлік үйді салып бітіріп жатқандықтарын, барлық қаржылардың Алматы мен Астанаға жұмсалғандығын айтты. Ол да құрылыстың жанданатындығына уәде берді. Ал біздің үйде қаржыландырудың жоқтығынан мердігерлер басқа жобаларға кетіп қалған. Алайда осының алдында, неліктен екені белгісіз, қасбетін бояп қойған. Мұны жұмыс жүріп жатыр деп көз алдау үшін жасағандары белгілі ғой.

16-шы ақпандағы жауапта облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы үйді тапсырудағы мерзімдердің орындалмау себебі тапсырыс беруші – «Стройгрупп LTD» ЖШС-нің «Строймонолит Атырау» ЖШС бас мердігеріне дер кезінде және толықтай қаржыны бөлмеуі боп отыр, қазіргі кезде құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау үшін қаржылар іздестірілуде деп хабарланған. Қазір ішкі сантехникалық жұмыстар, подъездерді әрлеу, үйдің алдарына әйнек салу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс салушы 2011 жылдың 1 мамырына дейін қайтадан жаңа мерзімді бекітті.

«РИВЬЕРДІ» ДЕ, «БОНИТАНЫ» ДА САТЫП АЛДЫ

- Иә,  біз осы проблемалы үйге қатысты жағдайға қанықпыз. Өткен жылдың аяғында үлестік қатысумен салынған 8 үйдің ішінде тек осы бір үй ғана қалып отыр, - деп түсінік берді облыстық мемлекеттік сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының орынбасары Мақсот ЕСІМОВ. Оның айтуынша, өз тарапынан әкімдік құрылысты аяқтауды жылдамдату үшін құрылысшының қойған барлық шарттарын орындаған.

- Біз қалалық жол арқылы жылу трассасын жүргізуге көмектестік. Үй сол құрылысшы салған көрші үйде орналасқан қазандықпен жылытылатын болады. Қосалқы стансаларды қосу үшін техникалық шарттарды рәсімдеуге көмектестік. Нысанға мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтің өкілдері барып келді. Барлық ескертулер жазылған актіге жұмысшы комиссиясы қол қойды. Оны мемлекеттік комиссия келгенше құрылыс салушы жоюы тиіс.

М.Есімовтің мәліметтері бойынша, үйде барлық пәтердің 62 пайызы сатылған. Бірақ құрылыс салушы қазір құрылысты аяқтау үшін ақша іздестіруде. Бұдан басқа, белгілі болғандай, «Стройгрупп LTD» ЖШС осы ауданнан тағы екі зәулім үйлерді салуға алаң сатып алып, сол жерлерді тазартып алған.

- Бас жоспар бойынша тұрғын үй кешені аясында тағы екі үй салу қарастырылған. Күреу кезінде олар адамдарға баспана сатып алу шығындарын өтеген, үй дайын тұр деуге болады. Сондықтан құрылысты аяқтайды деп ойлаймын. Жұмыс көлемі азғантай қалды, мамыр айына үлгеретін шығар. Біз апта сайын осы нысан бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі агенттігіне есеп беріп тұратындықтан, құрылыс салушыларды өзіміз де мазалап тұрамыз, - деп сөзін түйіндеді М.Есімов.

- Сіз тек осы үй проблемалы деп отырсыз, ал «Ривьера» мен теміржол вокзалының маңындағы сақалды құрылыс боп кеткен танымал «Бонитаға» қатысты не айтасыз?

- Біздің мәліметтеріміз бойынша, «Ривьераны» сатып алған, дәл кімнің сатып алғанын айта алмаймын. Ал үлескерлердің салымын бұрынғы құрылысшы Алматы мен Астанадағы өз нысандарындағы баспанамен өтеген. «Бонитаға» келер болсақ, әлдебір заңды тұлға банктен ғимараттың қорабын сатып алған. «Бонита» үлескерлеріне келер болсақ, олар 2001 жылы «Үлестік құрылыс туралы заң» қабылданғанға дейін келісім-шартты рәсімдеген, сондықтан олардың бір нәрседен үміттене қоюы неғайбыл.

- Ал сіздерде, алақол құрылысшыларды жазалау үшін мемлекеттік органның қандай тетіктері бар?

- Тек сот арқылы ғана жазаланады.

 БӘРІНЕ ДАҒДАРЫС КІНӘЛІ

«Техникалық қадағалау бөлімінің бастығы» деп аталатын жергілікті «Стройгрупп LTD» ЖШС жергілікті филиалының басшысы ахуалға түсінік берді, бірақ, неге екені белгісіз, өзін атамауды өтінді:

- Біз қаржы тапқан едік, бірінші транш бас мердігер «Строймонолит-Атырау» компаниясына 1-наурызда аударылды. Барлық жұмыстар наурыз айының бірінші онкүндігінде жаңартылатын болады. Мердігер таза әрлеу жұмыстарына кірісіп, нысанды таяу арадағы айларда аяқтамақ.

- Үлескерлер салған қаржылар қайда кетті, өйткені үйдегі пәтерлердің көп бөлігі сатып алынған ғой? Үйлерді пайдалануға берген жағдайда компания үлескерлерге тигізген материалдық және моралдық зиянды қалай өтемек?

- Мен қаржылық мәселелерге түсінік бере алмаймын. Олар менің құзырымда емес. Астанадағы басшылықпен байланысыңыз. Біздің міндеттемемізге келер болсақ, біз Атырауда бір күн ғана жұмыс жасап отырған жоқпыз. Осы жерде бүкіл жұмыс жасаған уақытымыз ішінде ешкім де ренішті боп қалған емес.

Астанадағы компанияның бас директорымен, өкінішке орай, байланысқа шыға алмадық. Жұмыс телефонын ешкім көтермеді, ал есеп бөліміндегілер басшылықтың мен қалдырған телефон бойынша хабарласатындығына уәде берді.

- Ал олар неге ренжиді?! Кешіктірді дейді, дағдарыс емес пе, - деп түсінік бере бастаған әйел үнсіз қалды. Содан соң кері қоңырау шалып, денсаулығына байланысты бас директордың түсінік беруден бас тартқанын хабарлады. Алайда келер сәрсенбіде Атырауға У.Нұғыманов келеді, ол бәрін де түсіндірмек.

ПӘТЕР СЫЙҒА БЕРІЛМЕЙДІ ҒОЙ

Бас мердігер компания «Строймонолит-Атырау» ЖШС директоры Иван ПЛЮШКИН ақшаны тапсырыс берушінің аударғанын растады.

- Таяу арада жоғарыда жұмыс істейтін жұмысшылар бригадасы келіп, ғимараттың басқа қасбет бөлігін бояйтын болады. Жұмыстың 50 пайызы аяқталған. Инженерлік желілерді – жылуды, су құбырын, КНС пен арынды коллекторды қосу ғана қалды. Ғимараттың ішіндегі электрлік-техникалық және сантехникалық жұмыстарды бір күн де, тіпті, қыста да тоқтатқан емеспіз. Наурыз айының ортасында жетіспейтін есіктерді орнатуды, балкон блоктарына әйнек салуды бастамақпыз. Жұмыс кезінде жоғарыда жұмыс жасайтындар әйнекті сындырып алмас үшін оларды кейінге қалдырған едік.

- Мұндай аязда қасбетті сырлаудың қандай мәні бар?

- Сусыз, құрғақ ерітінділер қолданатын боламыз.

- Біз құрылыстағы электриктермен әңгімелескен едік. Олар қарыздардың салдарынан коммуналдық қызметкерлердің үйге электр энергиясы мен су беруді тоқтатқандығын айтты. Ал пәтерлердің көп бөлігі қайта сатылған, олай болса құрылыс салушы өз шығындарын ақтап алды, бәлкім одан да көп мөлшерде пайда түсірген болар. Егер құпия болмаса, осы нысаннан қанша пайда түсіріп отырсыздар? Сіздер дербес компаниясыздар ма әлде тапсырыс берушімен аффилирленген компаниясыздар ма?

- Соңғы сұраққа жауап бермеймін. Құрылысшының табысына келер болсақ, үлескерлердің барлық қаржысы үй салуға жұмсалған, ал орын алған жағдайға байланысты кіріс туралы сөз қозғаудың мәні жоқ. Үй екі жылдай тұрып қалды, жұмыстар бұрынғыша ақырындап жүргізіліп жатыр, ал бұл коммуналдық қызметтер мен күзетке төленетін қосымша шығындар. Тапсырыс беруші үлескерлер секілді осы ахуалды ауыр өткеруде деуге болады. Сондықтан үлескерлер алдындағы барлық міндеттемелерді орындауға тырысамыз. Дағдарыстың орын алатынын ешкім де болжап білген жоқ қой.

- Бұрын жоспарланған екі үй салынатын бола ма?

- Бұл ауданда бастапқыда «Столичный» тұрғын үй кешені салынады деп болжанған болатын. Алайда бүгінде біз үшін бастысы құрылысы басталған үйді аяқтау боп отыр.

- Бізге сол тапсырыс берушінің Исатай-Махамбет алаңының маңындағы №58 үйдің құрылысы сапасының нашарлығына қатысты шағымдар түсті. Адамдар сым-желілердің жанып кеткендігіне, тұрбалардың бұрын пайдаланылғандығына, лифтінің нашар жұмыс жасайтындығына шағымданды. Үйдің сыртқы жағының сиқы жоқ екенін, декоративтік тақталардың көгеріп кеткендігін және құлап жатқандығын, қайыршақ тастардың жалаңаштанып қалғанын көзімізбен көрдік. Сарыарқа, 39 мекен-жайындағы тұрғындар тарапынан да осы секілді шағымдар болды. Осы үйлер жататын ПИК төрағалары тұрғындардың талаптарынан шаршаған, ал олар шалағай нәрселерді жою үшін үнемі ақша жинаудан шаршапты. Ал бұл үйлерді құрылысшы элиттік үйлер деп, бір шаршы метрі үшін 600-ден 1 100 долларға дейін ұстаған болатын. Сіз мұндай ескертпелерге қандай түсінік бересіз?

- Бірінші нысанды біз салғанымыз жоқ, екіншісі бойынша біз оны екінші кезекте аяқтадық. Менің ойымша, бұл шағымдар тұрғындардың болжамы секілді. Бұл үйлер салынғалы 6-7 жыл уақыт өтті. Әрине, бұл уақыттың ішінде бәрі де тозады, жөндеуді қажет етеді. Бұдан басқа, егер үй сапасыз салынған болса, оны көптеген мемлекеттік органдар қабылдамаған да болар еді ғой. Сіз өзіңізге мынадай сауал беріп көрмедіңіз бе, сіз айтқандай бұл үйлер жаман болған болса, неге бұл үйлердегі пәтерлер жылдан жылға қымбатсып барады? Құрылысы бітпеген үй маңындағы Жарбосынов, 62-дегі аяқталған үйдегі шаршы метрдің құны 200 000 теңгеге жетті.

-Бәлкім, бұл Атырауда бірінші деңгейдегі үйлердің өте шектеулі болуынан шығар. Қарапайым тілмен айтар болсақ, адамдар таңдайтындай таңдау жоқ. Ал, құрылысшылар ұсынатын картиналардағы, олардың өздерінің айтуынша, бәрі де әдемі.

–Мен сізбен келіспеген болар едім... (одан арғы әңгімеден бас тарттым-Л.С.).

ЗАҢСЫЗ ЖАСАЛҒАН КЕЛІСІМ-ШАРТ

Құрылысшылар мен үлескерлер арасындағы жасалған келісім-шарттың өзі менің қызығушылығымды тудырды (үлескерлердің бірі оны маған көрсеткен болатын). Менің болжамымша, құрылысшының тәуекелділігі мен кепілділігі көрсетілген талаптар басқа үлескерлерге қарағанда барынша тармақталып жазылған болып шықты. Заңгердің көмегіне жүгінбей-ақ, мен 2007 жылы наурыз айында сол жылдың 1 қаңтарында күшіне енген «Үлескерлік қатысы туралы» Заңына енгізілген өзгерістері мен толықтырулары бар келісім-шарт талаптарына көз жүгірте салыстырып шықпақшы болдым. Бұл үлескер алаңы 56,56 шаршы м. бір бөлмелі пәтердің үлескерлік қатысуы негізінде  5 938 800 теңгеге (1 шаршы метрі 105 000 теңге) сатып алған. Келісім-шарт бойынша құрылысшы тұрғын үй кешенінің құрылысы бойынша жұмысты мерзімінен бұрын орындауға құқылы және соған сәйкесті мемлекеттік актіге мерзімінен бұрын қол қоюға және өзінің қалауы бойынша актке қол қою мерзімін 6 айдан кем емес мерзімге дейін ұзартуына болады. Үлескер алдындағы мерзімнің бұзылуы жағдайында құрылысшының жауапкершілігін қарастыратын тармақта былай делінген: «құрылыстың аяқталу мерзімі құрылысшының салдарынан бұзылатын болса және нысанды пайдалануға беру барысында қатысушыларға әр кешіккен күн үшін үлескерге тиісті ақша қаржысының жалпы сомасынан 0,001% көлемінде(менің бөлуімше-Л.С.) жауапкершілік алады.

Заңның 17-бабында келісім-шартта қарастырылған үлескерге тұрғын үй ғимаратындағы оның үлесін беру мерзімін бұзған жағдайда құрылысшы үлескерге тұрғын үй құрылысындағы үлескерлік қатыс келісім-шарты бойынша әр кешіккен күн үшін үлескерге төленетін үлес сомасының 0,1% тұрақсыздығы үшін төлейді.

Бұдан басқа, тұрғын үй ғимаратының кепілдік мерзімі нысанды пайдалануға қабылдау күнінен бастап кем дегенде екі жылдан аспауы керек. «Стройгрупп LTD» жасаған келісім-шартта кепілдік мерзімі 12 аймен шектеледі.

Әрбір жапа шегуші үлескерлердің өз құқықтарын қорғап қалуы үшін заңгерге жүгінуге құқықтары бар. Алайда, маған ол адамдардың ішінде келісім-шартты бұзатындары жоқ секілді. Олар істің ақырына дейін үміт артып өтпекші. Өйткені, мұнайлы астанада жақсы тұрғын үй нарығы жұпыны күйде.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсіргенВ. Истомин

9 наурыз 2011, 21:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.