Атырау, 26 сәуір 06:37
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Кері жол жоқ

2 102 просмотра

– Анамыз қайтыс болғаннан кейін пәтері қалған еді. Біз оны онымен бірге тұрған ініміздің атына ресімдегіміз келеді. Мұны қалай жасауға болады?

Телефон арқылы

Сұраққа «Слово защиты» адвокаттық кеңсесінің адвокаты Татьяна МОХНАЧЕВА жауап берді:

– Біріншіден, егер анаңыз өсиетхат қалдырмаса, онда заң бойынша бірінші кезекте бүкіл баласы мұрагерлер боп табылады. Екіншіден, анаңыз қайтқаннан кейін 6 ай ішінде бірінші кезектегі мұрагерлері ретінде заң бойынша мұраны қабылдауға, яғни, нотариусқа мұрагерлік істі ашу туралы өтінішпен шығып, барлық қажетті құжатты ұсынуға құқылысыздар. Сонда алты айлық мерзім өткеннен кейін нотариус барлық баласына заң бойынша анасының пәтеріне мұралық құқық туралы куәлік береді. ҚР Азаматтық кодексінің 1074-бабына сәйкес, мұрагер мұра ашылған күннен бастап алты айдың ішінде мұрадан бас тартуға құқылы. Мұрагер мұрадан бас тартқан кезде өзiнiң өсиет бойынша немесе кез келген кезектегi заң бойынша мұрагердiң қатарындағы басқа адамдардың пайдасына, оның iшiнде ұсыну құқығы бойынша мұра алуға шақырылған адамдардың пайдасына бас тартатындығын көрсетуге құқылы.

Егер сіз анаңыздың пәтерін ініңізге ресімдегіңіз келсе, мұрагерлік істі ашу кезінде нотариусқа бауырыңыздың пайдасына мұрадағы өз үлесіңізден бас тартатындығыңыз туралы айтып, осы туралы өтініш жазуыңыз керек. Содан кейін сіздің ініңіз мұрагерлік құқығы туралы куәлікті алатын және тіркеу органдарына пәтерді өз атына рәсімдейтін бірден-бір мұрагер боп табылады.

Мұрадан алды-артын аңғарып барып, бас тарту керек, өйткені өмірде неше түрлі жағдай болады. Ал ҚР Азаматтық кодексінің 1074-бабының 3-тармағы бойынша, мұрадан бас тартуды кейiннен күшiн жоюға немесе қайтарып алуға болмайды. Бұдан басқа, заңға сәйкес, мұрадан бас тартқан жағдайда, сіз тек пәтерден емес, бүкіл мұрадан бас тартуға тиіс боласыз.

***

 

– 2003 жылы күйеуіме әкесінен мұраға пәтер қалған болатын. Күйеуімнен басқа тағы мұрагерлері болды. Анасы мен әпкесі пәтердің отбасындағы жалғыз ұлға тиесілі болуына қарсы болмай, күйеуімнің пайдасына өз үлестерінен бас тартқан болатын. Енем 2011 жылға дейін  осы пәтерде бізбен бірге, күйеуімнің әпкесі өз отбасымен бөлек тұрды. Содан кейін енем  қызына көшіп баруды ұйғарды. Қазір біз пәтерімізді сатып, жаңа үй алуды немесе салуды шешкен едік. Бірақ күйеуімнің анасы мен әпкесі қарсы болып отыр. Олар өздеріне үлестерін төлеуді талап етіп, сот арқылы мұрадан бас тарту шешімін жоямыз деп қоқан-лоққы танытып отыр. Олар бұлай жасай ала ма?

Телефон арқылы

Сұраққа «Слово защиты» адвокаттық кеңсесінің заңгері Аслан ЖОЛБОЛОВ жауап берді:

– Олар бұлай істей алмайды.  Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұрагерлердің мұрадан бас тартуы мұрагерлердің нотариусқа мекен-жай бойынша мұрагерлік ісін ашу туралы жазбаша өтініш беруімен жасалады. Мұрадан бас тарту мұралық өсиетінен айырылған мұрагерлерден басқа, өсиет бойынша немесе кез келген кезектегі мұрагерлер қатарындағы басқа тұлғалардың пайдасына жасалуы мүмкін. Мұрадан бас тартқан тұлға әрі қарай оның күшiн жоя алмайды немесе қайтарып ала алмайды. Бұл талап ҚР Азаматтық кодексінің 1074-бабының 4-тармағында белгіленген.

Алайда өмірде шынымен де мұрагерлердің өздерінің бас тартуларын жарамсыз деп тануға тырысып жататын жағдайлар кездеседі. Мұндай кезде мұрагерлер үшін ең бастысы келісімді алданып қалып жасағанын немесе сол кезде өз іс-әрекеттерінің маңызын түсіне алмаған жағдайда болғанын дәлелдеу керек. Сондай-ақ, олар жаңылысып немесе қысым көрсету, қорқытудың ықпалымен жасалғанын немесе басқа тарапқа кіріптар болғандықтан ауыр жағдай салдарынан мәжбүр болғанын дәлелдеуге тырысуы мүмкін.

Алайда тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұрагерлердің осы секілді талаптарын сот қанағаттандырмайды.

31 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.